Менің арманым тақырыбында шағын шығарма жазу

Сабақ тақырыбы

Арман – жарқын болашақтың бейнесі.

Сабақтың мақсаты

  • Жеке мүддені қоғамдық ортақ тілекпен ұштастыра білуге үйрету, өмірге деген әсемдік сезімін арттыру.
  • Арман ұғымын ашу: оның әлеуметтік-қоғамдық сипатын, арманға жету жолдарын түсіндіру және ізгілік қасиеттерін дамыту.
  • Оқушылардың талдау, сараптау дағдыларын жетілдіре отырып, әсемдікті сезіне білуге тәрбиелеу.

Ресурстар

Мәтіндер мен тапсырмалар, дәптер, сұрақ-жауапқа арналған материалдар, баяу музыка (шығармашылық жұмысқа), ән мәтіні.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Жағымды көңіл күй қалыптастыру.
  • Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену».

2) Үй тапсырмасын тексеру

№13 сабақ бойынша М. Шахановтың «Арман» мәтінін оқып келу тапсырылған.

Талқылау сұрақтары

  • Екі жастың бойында қандай ортақ қасиеттер бар?
  • «Ой алшақтығы» нені меңзейді?
  • Арман адамның болашағына қалай әсер етеді?
  • Сендердің армандарың қандай?

3) Дәйексөзбен жұмыс

«Арман деген көп белес — біріне шықсаң, бірі бар».
Ғ. Мұстафин

Дәйексөзді дәптерге жазып, дауыстап оқып, мағынасын талқылау ұсынылады: арман — бір мақсатпен шектелмей, жаңа биіктерге жетелейтін үздіксіз қозғалыс.

4) Әңгімелеу: «Арман тау»

Ерте кезде бір үйдің екі ұлы болыпты. Бірінің аты — Айдан, екіншісінің аты — Нұрдан екен. Екеуі де ақылды, сабырлы, көркем мінезді балалар екенін бүкіл ауыл біледі.

Олар ақсақалдардан және ата-аналарынан адам баласының бәрі бара бермейтін бір тау барын естиді. Сол таудың ең биігінде жалғыз гүл өседі екен. Кім сол гүлді анасына сыйласа, оның анасы дүниедегі ең бақытты жанға айналып, барша тілегі орындалады-мыс.

Мұны көп адам естісе де, алыс тауды іздеп шығуға тәуекел етпейді. Ал аналарының бақытты болғанын қалаған Айдан мен Нұрдан қасиетті гүлді табуға аттанады.

Ауыл бұл хабарды түгел естиді: біреулер олардың аман оралатынына күмәнданса, енді біреулер үмітпен күтеді. Екі бала ұзақ жол жүреді: шөлдейді, ашығады, шаршайды. Бірақ мойымай, таудың биігіне көтеріліп, гүлді табады.

Олар таңғажайып гүлді ауылға әкеліп, аналарына сыйлайды. Ауыл жұрты жиналып, гүлді көріп қуанады. Ақсақалдар балаларға алғыс айтып, «енді ауылымыз көркейеді» дейді. Алыс тауға апаратын жол салынатынын жариялайды.

Айдан мен Нұрданның анасы бұрын армандаған ізгі тілектеріне жетеді. Жауын азайып, қиналған ауылға қайта-қайта жаңбыр жауады; жер көгереді, егін өседі. Ауылдың талапты балалары тауға асығып, гүл әкеліп, елдің ықыласына бөленеді. Ал кейбірі жол ауырлығына шыдамай, жарты жолдан қайтып келеді.

Уақыт өте келе ауыл керемет шаһарға айналады. Алыстағы тау мен қасиетті гүл туралы аңыз халық жадында сақталып, Айдан мен Нұрданның есімдері үлгі ретінде айтылады.

Әңгімені талдауға арналған сұрақтар

  1. Балалардың арманы қандай еді?
  2. Олар арманына қандай қасиеттерінің арқасында жетті?
  3. Өз арманыңа жету үшін қандай құндылықтар қажет деп ойлайсың?

5) Шығармашылық жұмыс (топтық)

«Менің арманым» тақырыбында шағын шығарма жазу. Жұмыс барысында баяу музыка қосуға болады.

6) Топпен ән айту

«Ақ желкен арман»

Сөзі: Ұ. Есдәулетов • Әні: Т. Мұхамеджанов

Ақ желкен арман Бұлдырап алдан, Жағада тұрмын дауыстап. Балалық кезім, Бейкүнә сезім, Ақ желкен болып алыстан.

Өкініп кейде Өксиді кеуде, Өмірдің заңы қатал-ақ. Ақ желкен дейін, Аңсатты-ау кейін, Алғашқы мөлдір махаббат.

Ақ пейіл аспан, Моншағын шашқан, Көз жасы бекер тізілмес. Ақ желкен арман, Шақырар алдан, Үміттің жібі үзілмес.

7) Үй тапсырмасы

№14 сабақ: 63-бет. Н. Келімбетовтің «Үмітімді үзгім келмейді» мәтінін оқу.

8) Соңғы тыныштық сәті

Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабақты еске түсірейік.

Сабақтан алған әсерімізді жүрегімізге орнықтырайық.

Әрдайым жақсыны көруге, жақсыны естуге, жақсыны айтуға үйренейік.

Айналамыздағы адамдарға, жан-жануарларға, құстарға риясыз жақсылық жасайық, ешкімге қиянат жасамайық.

Енді тыныштықта біраз отыра тұрайық. Көзімізді ашуға болады.

Негізгі ой: Арман — жарқын болашақтың бейнесі.