Салауатты өмір сүруге кедергі келтіретін мінез - құлық ауруларының психологиялық негіздері

Салауатты өмір сүруге тәрбиелеу – еліміздің ертеңін ойлау

Биылғы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы өмірдің барлық саласын қамтыды. Соның ішінде ерекше назар аударар мәселе — мемлекетіміздің ең басты байлығы саналатын адам капиталының сапалы өсуі.

Сапа ұғымы тек адамның білімі мен тәрбиесін ғана емес, оның денсаулығын да қамтиды. Дені сау азамат өз Отанын көркейту, дамыту және байыту жолында алған сапалы білімі мен тәрбиесін тиімді пайдаланып, нәтижелі еңбек етеді. Адамзат тарихынан белгілі: қай елдің болмасын даму деңгейі, ең алдымен, халқының денсаулығы, білімі және рухани әлеуеті арқылы айқындалады.

Сондықтан әр ата-ана мен мұғалімнің, тәрбиешінің алдында тек білім сапасын көтеру ғана емес, баланың өз денсаулығын сақтауға үйренуін тұрақты түрде назарда ұстау міндеті тұр.

Дені де, рухы да сау азаматты тәрбиелеу үшін біз ақпарат тапшылығын сезінбеуіміз керек. Бұл ақпарат нақты, сапалы, шынайы болғаны жөн. Осы мақсатта Ресейге ғана емес, бүкіл әлемге танымал психолог-дәрігер, академик Дмитрий Васильевич Колесовтың 2002 жылы Мәскеу қаласында «Дрофа» баспасынан жарық көрген «Болезни поведения. Воспитание здорового образа жизни» атты ғылыми-танымдық еңбегінің аудармасынан үзінді ұсынылып отыр.

Дмитрий Васильевич Колесов — РАО академигі, медицина ғылымдарының докторы, педиатр-дәрігер, психолог, ірі ғалымдардың бірі. Ол өмірінің соңына дейін адам өмірінің күрделі құпияларын түсіндіруге ұмтылды. Ғылыми ойларын қарапайым әрі көпшілікке түсінікті тілмен жеткізе білді. Оның мұрасының маңызды бір бөлігі — жоғарыда аталған ғылыми-танымдық басылым.

Бұл еңбектің практикалық мәні

Аудармада баланы ерте жастан бастап салауатты өмір салтына тәрбиелеу жолдары, зиянды әдеттердің қауіптілігін түсіндіру, оларды жиіркенішпен қабылдау және арылуға, сауығуға жетелейтін тәсілдер баяндалады. Психолог әрі педиатр дәрігердің өз тәжірибесіне сүйенген нақты ақыл-кеңестері ұсынылады.

Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер тәрбиесінде ерекше өзекті саналатын бұл материалды ата-аналар, тәрбиешілер, мұғалімдер және жалпы оқырман қауым салауатты өмірге бастайтын көмекші құрал ретінде пайдалана алады.

Мазмұны

I бөлім

Ата-ананың ерте жастан баланы салауатты өмір сүруге тәрбиелеу арқылы мінез-құлқын қалыптастыруы.

II бөлім

Салауатты өмір сүруге кедергі келтіретін мінез-құлық «ауруларының» психологиялық негіздері.

III бөлім

Ғылыми-танымдық еңбекті қазақ тіліне аудару барысында қолданылған әдебиеттер.

I бөлім: Ерте жастан басталатын тәрбие және мінез-құлық

Мінез-құлықтағы ауытқулардың төркінін көбіне балалық шақтан іздейміз. Адамның психикалық дамуы өмір бойы жалғасады, алайда алғашқы үш жыл ерекше қарқынды өтеді. Бала басқа адамдармен қарым-қатынаста болып, қоғамда өмір сүргенде ғана тұлға болып қалыптасады. Оның қандай адам болып шығуына, ең алдымен, өскен ортасы әсер етеді.

Баланың алғашқы тәлім алатын адамдары — анасы мен әкесі. Әсіресе өмірге келген алғашқы айлардың ықпалы ерекше. Анасының жанында жиі болған бала бірте-бірте сабырлы, байсалды бола түседі.

Тәрбиенің маңызды шарттары

  • Ата-ананың баланың мінез-құлқындағы ерекшеліктер мен өзгерістерге уақытылы әрі тұрақты назар аударуы: құптау немесе құптамау, жұмсақ не қатаңдау үнмен пікір білдіру.
  • Құлықтық-имандылық тәрбиенің қалыптасуы: баланың қоршаған ортадан көріп-үйренген жағымды және жағымсыз байланыстары, түрлі жағдаяттар арқылы өлшемдердің орнығуы.
  • Баланың мінез-құлқына бірізді, тұрақты баға беру. Осылайша бала «егер бұлай істесем — мынадай нәтиже болады» деген болжау механизмін меңгереді. Бұл кейін өз мінез-құлқын реттеудің ішкі негізіне айналады.

Жасөспірімдік кезеңнің ерекшелігі

Жасөспірімдік шақ — жасөспірімнің өзі үшін де, ата-анасы үшін де күрделі кезең. Бұл уақытта жылдам өсу, соматикалық даму, жыныстық жетілу және қоршаған ортамен қарым-қатынастың күрделенуі байқалады. Әсіресе өзге жыныс өкілімен қарым-қатынастың ерекшеленуі осы кезеңнің психологиялық салмағын арттырады.

Нәтижесінде жасөспірімнің жалпы жағдайы мен көңіл-күйі төмендеп, кей аурулары асқынуы мүмкін. Ең негізгі психологиялық қиындықтардың бірі — ата-анамен қарым-қатынастың өзгеруі. Дәл осы кезде бұрынғы тәрбиедегі кемшіліктер мен олқылықтар анық көріне бастайды.

Ата-анаға жүктелетін тәрбиелік міндеттер

  • Қорғау және моральдық қолдау көрсету.
  • Бақылау жасап, көңіл-күйі мен жалпы жағдайын қадағалау.
  • Қарым-қатынастың тұрақталуына жағдай жасау: қандай ортаға түссе де, кіммен араласса да, туған үйі мен ата-анасы оның өміріндегі өзгермейтін құндылық болып қалуы тиіс.

Аударған

Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледждің РОӘБ әдіскері — Даулетбаева Гүлзира.

CRITICAL RABBIT ERROR: stream_socket_client(): Unable to connect to tcp://45.86.81.61:5672 (Connection timed out) #0 /var/www/6_temp_zharar.kz_2/vendor/php-amqplib/php-amqplib/PhpAmqpLib/Connection/AbstractConnection.php(253): PhpAmqpLib\Wire\IO\StreamIO->connect() #1 /var/www/6_temp_zharar.kz_2/vendor/php-amqplib/php-amqplib/PhpAmqpLib/Connection/AbstractConnection.php(720): PhpAmqpLib\Connection\AbstractConnection->connect() #2 /var/www/1_cheetah/corp/RabbitPublisherBig.php(41): PhpAmqpLib\Connection\AbstractConnection->channel() #3 /var/www/1_cheetah/corp/RabbitPublisherBig.php(126): Corp\RabbitPublisherBig::channel() #4 [internal function]: Corp\RabbitPublisherBig::flush() #5 {main}