Тәуелсіздік мерекесіне арналған әдеби монтаж
16 желтоқсан — Тәуелсіздік мерекесіне арналған іс-шара сценарийі
Тақырыбы: «Тәуелсіздік — елдігімнің бастауы»
Мерекелік кеш
Әдеби-музыкалық монтаж
Тәуелсіздік туралы жыр-шумақтар
Жүргізушілердің кезектесіп оқитын мәтіндері.
1-жүргізуші
Тәуелсіздік, тәуелсіздік — жыр-әнім,
Ел іргесі берік болсын — ұраным.
Тәуелсіздік — өзіңді еркін сезіну,
Салт-дәстүрім — қолдан түспес құралым.
2-жүргізуші
Тәуелсіздік! Не деп оны түсіндік?
Тәуелсіздік — ар-ождан мен кісілік.
Адамға адам жолдас, бауыр-туыс боп,
Ел-жұртыңның алма құнын түсіріп.
3-жүргізуші
Тәуелсіздік! Менің байтақ Отаным,
Бір өзіңсің Мұхтар, Абай, Шоқаным.
Тәуелсіздік — сәбилердің шаттығы,
Тәуелсіздік — ақ батасы атаның.
4-жүргізуші
Тәуелсіздік, тәуелсіздік — жыр-әнім,
Көк байрағым, Елтаңба, Әнұраным.
Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік,
Қолда елімді, қасиетті Құраным!
Елдік, жер, рух туралы шумақтар
1-жүргізуші
Қандай бақыт, қуанышты күн бүгін,
Дәлелдеуде Қазақстан елдігін.
Арман еткен, қыршын кеткен ағалар,
Елің алды егеменді теңдігін.
2-жүргізуші
Қазақ жері — қонақжай, төрдің жері,
Қазақ жері — қас сақтар елдің елі.
Елі кедей болмаған — жері байтақ,
Едігедей, Бабырдай ерлер жері.
3-жүргізуші
Қазақ жері көп шеккен қасіретті,
Қазақ елі өнерлі, өсиетті.
Египетті билеген Бейбарыстың
Елі текті, киелі, қасиетті.
4-жүргізуші
Құзырына қол сұқпаймыз көптің біз,
Тұнжыраған түн емеспіз — тек Күнбіз.
Елдігіміз кең әлемге танылып,
Желбіреген аспан түстес Көк тумыз.
Ресми бөлім
1-жүргізуші
Қымбатты қонақтар! 16 желтоқсан — Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Тәуелсіздік — елдігімнің бастауы» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер.
2-жүргізуші
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Тәуелсіздік — еліміздің басты құндылығы» деп атап көрсеткен. Егемендігіміздің туы желбіреп, тәуелсіз ел атанғанымызға биыл 24 жыл толып отыр.
3-жүргізуші
Тәуелсіздік күніне арналған құттықтау сөз сөйлеу үшін ортаға мектеп директоры Б. К. Тілеубай шақырылады.
4-жүргізуші
О, кең дала! Ең қызыққа батқаның,
Шалқып-толқып, бақытты боп жатқаның.
Халқымыздың қуанышын молайтқан —
Егемендік сенің алып баққаның.
3-жүргізуші
Жеткен арман — жаса, тәуелсіздігім,
Өз қолыма бердің ерік тізгінін.
Ие болып әлем ілтипатына,
Дербес, бейбіт мемлекетпіз біз бүгін.
2-жүргізуші
Қына көктеп қоңыр қырдың тасында,
Бастағандай көгім бүгін ашыла.
Еңсесі тік, егеменді ел болып,
Бақыт қонды қазағымның басына.
1-жүргізуші
Ұмытпаймыз біз әрқашан
Тағдырдың берген бұл сыйын.
Еліміз болып тойлаймыз
Тәуелсіздік мейрамы күнін!
Әдеби монтаж
Тәуелсіздік мерекесіне арналған әдеби монтаж.
Дайындаған: мектебіміздің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі
Азамат Бауыржанұлы Қабиденов.
2-жүргізуші
Үлгі-өнеге — ұлтына ұлағаты,
Бәрі бауыр, жоқ жанның сірә жаты.
Алты құрлық, төрт мұхит ар жағына
Алашымды әйгілеп тұрады аты.
3-жүргізуші
Туын тікті Азаттық тұңғыш рет,
Кеудесіне ұя сап Күн кішірек.
Симпозиумда, саммитте салиқалы,
Күллі әлемге ұсынған үлгісі көп.
4-жүргізуші
Асқақтаған Ақорда — көкке айдары,
Төле бидей төрінде төкті ойларын.
Тұңғыш рет БҰҰ-да желбіретті,
Қазағымның, мінеки, көк байрағын.
1-жүргізуші
Арманымның алысқа көші кеткен,
Ақыл-ойын халқына несібе еткен.
Мұратына мына елді жеткізеді,
Ақ кемедей мұхитты кесіп өткен.
Бейнебаян
«Тәуелсіздік» атты қасиетті ұғымның алты құрлықта қалай қабылданып, осы күнге жеткен шетелдегі қандастарымыздың шаттыққа толы қуанышын бейнелейтін бейнебаянға назар аударайық.
Музыкалық нөмір
Өнерпаздар сан салада жарысып, жиын десе, той десе жан салады. Бүгінгі мерекенің құрметіне әуелеген әсем ән жолданады.
Ән
«Көк тудың желбірегені»
Орындайтын: Әбдікәрім Серік
Тарихи бөлім: Тәуелсіздік бастаулары
1-жүргізуші
Тәуелсіздік — сан ғасырлық жеңіс пен жеңіліске, қайғы мен қуанышқа, арман мен ниетке толы тарих парақтарының нәтижесі, талай жылдардың ең ұлы қуанышы. Бүгінгі күні бұл ақиқат баршамызға мәлім.
2-жүргізуші
Тәуелсіздіктің алғашқы бастауы — осыдан 550 жыл бұрын Қозыбасыда туы тігілген Қазақ хандығынан бастау алғаны белгілі. Ендеше, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың өмірі мен өнегесін насихаттап көрсек қайтеді?
Ескерту
Бұл мәтін — 16 желтоқсан мерекесіне арналған іс-шараның сценарийлік құрылымы. Қажет болса, мектептің жылына, сынып деңгейіне және уақыт өлшеміне сай қысқартып/толықтырып, сахналық қойылымдар мен көріністер қосуға болады.