Шертер - қазақ халқының көне ішекті музыкалық аспабы

Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары

Бұл тәрбие сағатының мақсаты — оқушыларды қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен таныстыру, аспаптық музыкаға қызығушылығын ояту және ұлттық өнерге құрмет сезімін қалыптастыру.

Білімділік

Әр аспаптың шығу тарихын, жасалу ерекшелігін, дыбыс бояуын түсіндіру және ұлттық аспаптар туралы білімді кеңейту.

Дамытушылық

Есте сақтау қабілетін дамыту, музыкалық аспаптарда ойнай білу дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелік

Ұлттық аспаптарды мақтаныш тұтуға тәрбиелеу, ұлттық мұраға қызығушылықты арттыру және оны құрметтеуге баулу.

Көрнекіліктер

  • Музыкалық аспаптар суреттері
  • Аспаптардың өзі
  • Кітаптар көрмесі
  • Буклеттер
  • Видео және үнтаспалар
  • Слайд-презентациялар

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгінгі тәрбие сағатында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен танысып, олардың түрлерін, ойнау тәсілдерін және жасалу жолдарын қарастырамыз.

Талқылауға арналған сұрақтар

  • Қазақ халқының қандай музыкалық аспаптарын білесіңдер?
  • Домбыраның құрылысын кім түсіндіріп бере алады?
  • Күй дегеніміз не?
  • Күйші дегеніміз кім?
  • Белгілі күйшілерді атай аласыңдар ма?

II. Негізгі бөлім

Өткен ғасырлар үніне құлақ түрсек, ата-бабаларымыз тастан, ағаштан, өсімдіктен, мал терісінен, сүйектен, мүйізден, ішектен, қылдан және өзге де материалдардан дыбыс шығара алатынын байқап, қарапайым музыкалық аспаптар жасаған.

Көне аспаптарды жаңғыртқан тұлға

Ұмыт болған қазақ аспаптарын қайта жаңғыртып, кеңінен насихатталуына мол еңбек сіңірген зерттеуші — Болат Шамғалиұлы Сарыбаев. Ол көне аспаптарды жинауды 1960 жылдан бастап жүйелі қолға алып, Алматы консерваториясының ұстазы ретінде үйін шағын мұражайға айналдырған. Жинаған аспаптарының саны 300-ге дейін жеткен.

1968 жылы көне ұлттық музыкалық аспаптардан ансамбль құрып, аспаптарды зерттеп, жетілдіріп, орындау әдістерін меңгеріп, шәкірттер тәрбиеледі.

Б. Сарыбаев жіктемесі (ойнау тәсіліне қарай)

үрлемелі ұрмалы сілкімелі ысқышты ішекті шертпелі тілшекті

Домбыра: қоңыр үннің шежіресі

Ақын жырлағандай:

Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл-сәл кем бұра.
Нағыз қазақ — қазақ емес,
Нағыз қазақ — домбыра.

Домбыра — халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы мен дүниетанымын дәл жеткізе алатын, қоңыр үнімен дараланған аспап. Домбыраның пайда болуы туралы аңыздар көп. Оларды Б. Сарыбаев, Қ. Жұбанов, Ө. Жәнібеков, А. Сейдімбеков еңбектерінде кеңінен кездестіреміз.

«Қос ішек» күйінің аңызы

Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» еңбегінде ерекше мән берген аңыздардың бірі — Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының тумасы Арғынбек Қилыбаев ақсақалдан жазып алынған «Қос ішек» күйінің тарихы.

Ертеде бір аңшы биік таудың қиясында марал аулап күнелтіпті. Бірде ол теңбіл марал атып алып, етекке түсіру үшін ішек-қарнын алып тастайды. Араға айлар салып, сол жерге қайта соқса, құлағына ызыңдаған үн естіледі. Қараса, маралдың ішегін қарға-құзғын іліп әкетіп, қарағай бұтағына қос тін етіп керіп кетіпті.

Жел тербеген қос ішек уілдеп те, сарнап та, сыңсып жылағандай да болып, аңшыны алуан күйге бөледі. Аңшы ішекті үйіне әкеліп, аспап жасап, соған тағады. Тартып көрсе, қос ішек тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Осылайша домбыра халықтың сүйікті аспабына айналады.

Ұлттық аспаптар галереясы

Төменде қазақтың көне және кең тараған ұлттық музыкалық аспаптарының қысқаша сипаттамасы берілген. Әр аспаптың құрылымы, дыбысы және қолданылуы — халықтың өмір салтымен сабақтас.

Шертер

Шертер — қазақтың көне шертпелі ішекті аспабы. Кей деректерде домбыра мен қобыздың арғы тегі саналады. Сырт келбеті қобызға жақын, көлемі домбырадан кіші.

  • Ағаштан ойылып жасалады, шанағы ешкі терісімен қапталады.
  • Ішегі ат қылынан тағылады.
  • Ойнау тәсілі домбыраға ұқсас; дыбыс күші тері мен ішек қалыңдығына тәуелді.

Материал: бейнебаян

Қылқобыз

Қылқобыз — ұлттық аспаптардың ең көнелерінің бірі. Қорқыт ата дәуірінен (IX–X ғасырлар) бері қылқобыздың сарыны үзілмей келеді. Екі ішекті, ысқышпен ойналатын аспап.

Қобыз үні «киелі» деп танылған. Ішегі де, ысқышы да ежелден жылқы қылынан тартылғандықтан «қылқобыз» аталған. Ең үлкен түрі — нар қобыз. Халық сенімінде қобыз үні шыққан жерге жын-шайтан жоламайды деген ырым бар.

Материал: қылқобыз сарыны (үнтаспа)

Жетіген

Жетіген — көп ішекті, шертіп ойналатын аспап. Пішіні ұзынша, жәшік тәрізді; бетіне жұқа қақпақ жабылып, үн ойықтары салынады.

  • Ертедегі үлгілерінде ішек ат қылынан тағылған.
  • Тиек орнына асық қолданылып, құлақ күйі асықты жылжыту арқылы келтірілген.
  • Ішек саны жетеу болғандықтан «жетіген» аталған.

Материал: бейнебаян

Жетіген туралы аңыз

Ертеде бір қарияның жеті ұлы болыпты. Қатты жұт жылында ауылда аштық болып, қария бірінен соң бірі ұлынан айырылып қайғыға батады. Сонда ол кепкен ағаштан аспап жасап, әр ұлының қазасына арнап бір-бір ішек қосып, күй шығарады.

  • Қания — «Қарағым»
  • Төралым — «Қанат сынар»
  • Жанкелді — «Құмарым»
  • Бекен — «От сөнер»
  • Хауас — «Бақыт көшті»
  • Жұлзар — «Күн тұтылуы»
  • Қияс — «Жеті баламнан айырылып, құса болдым»

Осы әуендер кейін дамытылып, «Жетігеннің жетеуі» деген атпен жеткен. «Жетіген» атауы «жеті» және «ән» ұғымдарымен байланыстырылып түсіндіріледі.

Адырна

Адырна — көп ішекті шертпелі аспап. Шанағы қуыс, беті көн терімен қапталады. Көне үлгісі әуелде садаққа ұқсас болған.

  • Мүйіз бен құйрық арасына ішек тартып ойнаған түрлері болған.
  • Тізеге қойып, басын иыққа тіреп, іліп тартып немесе шертіп ойнайды.
  • Ішегі шуда жіптен не тарамыстан; 7–13 ішек тағылуы мүмкін.

Материал: бейнебаян

Сыбызғы

Сыбызғы — көне үрмелі аспап. Қурайдан, ағаштан, кейде жезден жасалады. Негізінен бақташылар арасында кең тараған.

  • Ұзындығы әртүрлі болады, әдетте 3–4 ойықты.
  • Демді жай не күшті үрлеу арқылы әртүрлі әуен туады.

Материал: бейнебаян

Сазсырнай

Сазсырнай — саздан жасалатын үрлемелі аспап, ысқырып ойналатын флейталар тобына жатады. Пішінін шеберлер құсқа, балыққа, жұмыртқаға ұқсатып әртүрлі етіп жасаған.

1971 жылы Отырардағы қазба жұмыстарында қаз жұмыртқасына ұқсас саз аспап табылған. Зерттеу нәтижесінде одан үш дыбыс шығатыны анықталған: екінші октаваның «ми-бемоль», «фа», «соль» ноталары.

Материал: үнтаспа

Шаңқобыз

Шаңқобыз — қазақтың көне тілшекті аспабы. Ағаштан, темірден, кейде күмістен жасалады. Ортасындағы тілшені тербету арқылы дыбыс береді.

  • Негізгі дыбыс тілшенің мөлшеріне байланысты; дыбыс көлемі шамамен бір октава.
  • XIX ғасырда көбіне әйелдер арасында кең қолданылған.
  • «Қыз зары», «Қыз ұзату», «Қыздың мұңы», «Шаңқобыздың толғауы» сияқты әуен-күйлері бар.

Материал: бейнебаян

Мүйіз сырнай, Ұран

Мүйіз сырнай — мүйізден жасалатын ескі үрмелі аспап (әдетте үш тесікті). Сыңсымалы дыбысы арқылы ерекшеленіп, жол үстінде хабар беруші құрал ретінде қолданылған.

Ұран — әскерлер қолданған үрмелі аспап. Құрылымында әртүрлі ұзындықтағы екі түтікше болып, әрқайсысында үш саңылау кездеседі.

Материал: бейнебаян

Тұяқтас

Тұяқтас — қазақ тұрмыс-салтында ертеден бар аспап. Ұзатылатын қыз ұзатуға бірнеше күн қалғанда қоштасу әнін айтып, әуенін тұяқтаспен сүйемелдеген.

Жаңа сойылған жылқының тұяғын қайнатып, ішкі сүйегін ажыратып, қабығын тазартып, кептіріп дайындайды. Қазіргі таңда ансамбльдер мен оркестрлерде кең қолданылады.

Материал: бейнебаян

Асатаяқ

Асатаяқ — тұтас ағаштан жасалатын сілкімелі аспап. Басына темір теңгешелер мен қоңыраулар ілінеді. Сілкіген кезде сыңғырлаған әуезді үн береді.

Ескерту: қоңыраулар әртүрлі металдан жасалуы мүмкін.

Сақпан (зырылдауық)

Сақпан (зырылдауық) — көне аспаптардың бірі. Ертеде малшылар мал қайыру үшін қолданған. Кейін «сақпан», «шартылдауық», «зымырауық» түрлері музыкалық аспапқа айналған.

Бүгінде бұл аспаптар «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінде және «Отырар сазы» оркестрінде қолданылады. Жасалуы күрделі болғанымен, ойнау тәсілі қарапайым; шығармаларда күтпеген дыбыстық эффектілер үшін пайдаланылады.

Музей қорында бірнеше үлгісі сақталған (қалпына келтірген: Дәркембай Шоқпарұлы).

Дабыл, Дауылпаз

Дабыл — ұрып ойналатын, үні күркіреп шығатын ұрмалы аспап.

Дауылпаз — бірнеше түрі бар (қазандауылпаз, нардауылпаз). Салтанатты рәсімдерде және хабар беру мақсатында қолданылған.

Даңғыра

Даңғыра — қатты дыбысты, ұрмалы-сыңғырмақты көне аспап. Бір жағы терімен қапталған дөңгелек шығыршықтың ішкі жағына темір сақина, алқа және сылдырмалар ілінеді.

Тарихта даңғыра шамандық әдет-ғұрыптарда маңызды белгі ретінде қолданылған.

Кепшік

Кепшік — көне ұрмалы аспап. Тұтас ағаштан ойып немесе дөңгелек шеңбер етіп иіп жасалады; бір жағы көн терімен қапталады. Даңғырадан айырмашылығы — ішінде темір теңгешелер ілінбейді.

Дыбысы шаңқылдаған, ойнау үшін саусақ буындарының ептілігі қажет. Ертеректе тұрмыста да қолданылған: қыз-келіншектер бидай, тары тазалау кезінде пайдаланған. Кейін би ырғағын сүйемелдеуге, сондай-ақ бақсы-балгерлік ғұрыптарда әуенге қосымша соқпалы құрал ретінде қолданылған.

III. Музыка тыңдату

Тыңдалым: Дәулеткерей — «Кероғлы».

Талқылау сұрақтары

  1. 1.Күйдің құрамында қандай аспаптар естілді?
  2. 2.Қандай көңіл күй туды, нені сезіндіңдер?
  3. 3.Бұл күй кімнің шығармасы?

IV. Қызығушылықты ояту: жұмбақтар

Тартылған екі арқаны ұзын бойға,
Сөйлеуге сондай шебер тапсаң ойла.
Әр жерде аршындалған балдағы бар,
Ойнайды он бармағың білсе қайла.

Жауабы: домбыра

Созылған үні,
Сүйкімді тілі.
Үрлесең ойнайтын,
Аспаптың бірі.

Жауабы: сыбызғы

Тиіп кетсе жылаған,
Даусы көпке ұнаған.

Жауабы: домбыра

Бір нәрсе қараңғыда қаймалайды,
Азынаса көмейінде мал жылайды.
Құйрығын қара жерге тіреп алып,
Келеді баяғының әнін салып.

Жауабы: қобыз

Жылқыда ерен жүйрік қара арғымақ,
Мойыны жануардың бунақ-бунақ.
Айылын екі жерден мықтап тартып,
Кетеді қамшы бассаң зулап-зулап.

Жауабы: домбыра

Ел қорғайтын ерлікке,
Батылдыққа шақырған,
Әуенімен үн қатқан —
Қандай аспап, балалар?

Жауабы: дабыл

Жеті шектен жеті түрлі үн шығар,
Әуезінен жеті тарау мұң шығар.
Ойнап кетсең, түрлі-түрлі жыр шығар,
Бұл қандай аспап?

Жауабы: жетіген

V. Дидактикалық ойын: «Аспапты тану»

Ойын шарты: аспаптардың үні үнтаспадан тыңдатылады. Оқушылар естіген дыбыс бойынша аспаптың атауын табады.

қылқобыз сазсырнай шаңқобыз сыбызғы жетіген

VI. Бекіту сұрақтары

  1. 1.Қандай ұлттық аспаптармен таныстыңдар?
  2. 2.Болат Сарыбаев кім?
  3. 3.Көне музыкалық аспаптарды ол қай жылдан бастап зерттей бастады?
  4. 4.Ойнау тәсіліне қарай аспаптар қандай түрлерге бөлінеді?
  5. 5.Ертеде ішектерді неден жасаған?
  6. 6.Бүгінгі тәрбие сағаты ұнады ма?
  7. 7.Қазіргі көңіл күйлерің қандай?

VII. Қорытынды

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі», — деген. Ендеше ән мен күйге құмар болып, ұлттық өнерге қызығушылықтарың арта берсін. Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды.