Мазмұндық - тақырыптық талдау, шығарманы тұтастай ала отырып талдау
Ұстанымы
Бой жетпеген жерге ой жетеді. Қыран жетпеген жерге қиял жетеді.
Мектеп бағдарламасындағы шығармалардың көркемдік ерекшелігін оқытудың тиімді жолдары
Кіріспе
Гуманитарлық пәндерді, соның ішінде әдебиет пәнін оқытуға әрдайым ерекше көңіл бөлінеді. Әдебиет сабағында оқушылар тек біліммен сусындап қана қоймай, тәрбиелік мәні жоғары ой-тұжырымдар арқылы болашаққа бағыт-бағдар алады.
Әдебиет сабағында терең түсінген оқушының жан дүниесі оқып отырған кейіпкермен бірге әрекет етіп, бірге толғанып, бірге тебіренеді. Ал шығарманың мәнін аша алмаған адамға бұл пән тұңғиық теңіздей көрінуі мүмкін. Дегенмен әдебиет арқылы адамның жан дүниесі байып, биік арманға қанат қаққандай әсерге бөленеді.
Сондықтан мұғалім мазмұндауды ғана мақсат етпей, әр тыңдаушының жүрегіне, сезіміне әсер ете алатындай оқыту тәсілдерін таңдауы қажет. Әдебиеттің бірегей ерекшелігі де — оқырманды ойландыруы мен сезіндіруінде.
Білім беруде мұғалім оқу процесінің әртүрлі әдіс-тәсілдерін тиімді қолдана білуі тиіс. Оқушының материалды саналы әрі сапалы меңгеруіне жүйелі бағыт-бағдар беріп отырған дұрыс. Оқушы сабаққа тек тыңдаушы ретінде емес, еңбектенуші, өз ойын жеткізуші және өз бетімен білім алушы ретінде қатысса, оқу нәтижесі де жоғары болады.
Осы дағдыларды қалыптастыру үшін оқу-тәрбие процесін үнемі жетілдіріп, жаңашылдандырып отыру маңызды. Әрбір мұғалім оқытудың тиімді әдістерін орынды қолдана отырып, жан-жақты білім беруге және оқушының ойын толық жеткізуіне қажетті жағдай жасай алса, көздеген мақсатына сөзсіз жетеді. Бұл, әсіресе, көркем шығарманы оқытуда айрықша пайдалы.
Шығарманы жүйелі талдауға баулу, оқуға және талдауға машықтандыру негізінен орта буыннан басталады. Бүгінгі күнге дейін мектеп тәжірибесінде көркем шығарманы талдаудың (поэзия, проза, драма салалары бойынша) бірізді қолданылып келе жатқан негізгі төрт тәсілі бар.
Көркем шығарманы талдаудың негізгі әдістері
-
1
Мазмұндық-тақырыптық талдау
Шығарманы тұтастай қарастыра отырып, мазмұнын, тақырыбын, негізгі ойы мен құрылымдық тұтастығын ашу.
-
2
Кейіпкерлік-бейнелік талдау
Шығармадағы кейіпкерлерді жүйелеу, олардың өзара байланысын, шығарма тақырыбы мен оқиға желісіне қатысын ажырату, салыстыру және бейнелік қызметін айқындау.
-
3
Саяси-әлеуметтік талдау
Шығарманың әлеуметтік мәнін, білімдік-танымдық және тәрбиелік рөлін, қоғамдық ортаға ықпалын, қоғамдық пікір қалыптастырудағы маңызын ұғындыру.
-
4
Тілдік-эстетикалық талдау
Шығарманың тілдік ерекшелігін, сөз өрнегін, суреттеу шеберлігін, көркем сөз табиғатын, стильдік айырмашылықтарын таныту.
Автор
Ерім Гүлнәр Жолдыбайқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі