Ауыл картасымен жұмыс

Ашық сабақ · 5-сынып

Сабақтың тақырыбы

Туған жерге арнау.

Мақсаты

Оқушыларға өздері өмір сүріп отырған өлкенің, туған жер тарихының мәнін түсіндіріп, оған көрсетілетін құрметтің маңызын ұғындыру. Туған жерге арналған әндер мен өлеңдердің мағынасын талдап, ой қорытынды жасап, түсініктерін жинақтап айтуға үйрету.

Дамытушылық және ғылымилық

  • Дамытушылығы: алдағы уақытта өлке тарихын біліп, оны кез келген ортада орынды қолдана білуге дағдыландыру.

  • Ғылымилығы: туған өлке тарихы ғылымда зерттелетінін және оны ары қарай жалғастыру ісі жас ұрпақтың қолында екенін түсіндіру.

Ұйымдастыру және ресурстар

Көрнекілігі

Интерактивті тақта, карта және қосымша материалдар.

Сабақтың түрі

Телехабар форматы (бағдарлама ретінде жүргізіледі).

Пәнаралық байланыс

Тарих, әдебиет, бейнелеу өнері, дүниетану, өзін-өзі тану, география.

Қолданылатын құралдар

  • Мини-диск
  • Домбыра
  • Ауыл картасы
  • Кеппешөптер
  • Тарихи жәдігерлер

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларға сабақтың телехабар форматы бойынша өтетінін түсіндіру: бағдарлама арнайы бөлінген уақытпен жүреді, сондықтан әр бөлімнің мазмұнын мұқият тыңдап, дұрыс қабылдау маңызды.

Бағдарламаның жүргізушісі мен Гаухар Жүсіпқызы сабақты бастайды.

Кіріспе: туған жерге арнау

Жер жаһанға мәлім аты,

Алыс кетсем сағынатын.

Айналайын, атамекен,

Жүрегімнен табылатын.

Ән жоқ шығар арналмаған,

Жан жоқ шығар толғанбаған.

Айналайын туған елім,

Бақыт болып қонған маған.

Тарихқа шолу: Шөмішкөлдің шежіресі

Ауылымыздың тарихы ертеден бастау алады. Кеңес үкіметі кезеңінде шағын ғана (3–4 үй болып отырған) халық Шөмішкөл көлінің жағалауына қоныстандырылған.

1926–1928 жылдары тұрғындар көлден балық аулап, күнкөрісін қамтамасыз еткен. Кейін бұл өңірде «Шөмішкөл» колхозы құрылып, ауыл Арданалар ауылы деп аталған.

Табиғаты мен географиясы

Шөмішкөл табиғаты ерекше: ауыл екі көлдің ортасында орналасқан. Шөмішкөл мен Қазанкөлді өзек жалғап жатыр. Өзектің пішіні шөміштің сабына ұқсайтындықтан, «Шөміш» және «Қазан» атаулары табиғаттың осы бір сырымен байланысты болуы мүмкін.

Үлкендердің айтуынша, суы мөлдір болып, 1970 жылға дейін тұщы болған.

Ауыл картасымен жұмыс

Ауылдың орналасуы, негізгі нысандары мен табиғи ерекшеліктері карта арқылы таныстырылады.

Қария сөзі — қазына

Ауыл ақсақалы Сатыбаев Қобылан ағадан алынған мәліметтермен таныстыру: өткеннен жеткен деректерді нақтылап, ұрпақ санасына орнықтыру.

Табиғи шөптер және олардың қасиеті

Ауыл маңында өсетін табиғи шөптер таныстырылып, олардың пайдалы қасиеттері туралы қысқаша мағлұмат беріледі.

Туған жерге арналған өлең

Оңталап Нұрмаханов · «Шөмішкөлге»

Өлең шумақтары

Кешқұрым қоюланып, қан қалаштан,

Игілік иектеген жарманы ашқан.

Қонжардың төбесінен қарасаңыз,

Бір ауыл көл бетінде орналасқан.

Тынысын тіршіліктің тыңдап бабам,

Күлшыққан тарихынан тіл қатпаған.

Әлди әнін айтады қайық тербеп,

Екі көл, бір ауылды құндақтаған.

Бақытын бейнетімен бүтіндеген,

Қос көлдің түбегінде түтіндеген.

Шөмішкөл, Қазанкөлге қайық салған,

Жүз үйден қанағаттың құтын көрем.