Тәрбие жұмысы жоспары
Жас сынып жетекшіге арналған портфолио: мақсат, мазмұн және жүргізу тәртібі
Сынып жетекшінің портфолиосы — тәрбие жұмысының жүйесін, сапасын және қол жеткізген нәтижелерін айқындайтын маңызды құжаттар жиынтығы. Бұл материал жас сынып жетекшілеріне тәрбие жұмысы бойынша нақты бағыт-бағдар беруге арналған.
Термин
Портфолио (portfolio — ағылшын сөзі) — маңызды құжаттарды сақтауға арналған папка, яғни «портфель» ұғымын білдіреді.
Портфолионың негізгі мақсаты
-
Мұғалімнің кәсіби өсуіне мониторинг жүргізу және нәтижелерін жүйелеу.
-
Кәсіптік нәтижелер мен жетістіктерді талдау, дәлелді түрде ұсыну.
-
Оқыту, тәрбиелеу, шығармашылық және тәрбие жұмысы бойынша әртүрлі нәтижелерді жинақтау және сақтау.
Сынып жетекші портфолиосына қажетті құжаттар
Негізгі әкімшілік құжаттар
- Сынып жетекшісі болып тағайындалғаны туралы бұйрық.
- Сынып жетекшісі туралы мәлімет (мектепішілік әдістемелік тақырып және жеке проблемалық тақырып).
- Сынып жетекшісінің қызметтік функциялары.
Сынып құжаттамасы және бақылау материалдары
- Сынып оқушыларының толық тізімі (ЖСН, туу туралы куәлік №, туған күні, қоғамдық жұмысы, қатысатын үйірмелері, жетістіктері).
- Отбасы туралы мәліметтер және сыныптың әлеуметтік төлқұжаты.
- Үй аралау және көше аралау дәптерлері.
- Оқушылар күнделіктерін тексеру қорытындылары.
Тәрбие жұмысы, талдау және мониторинг
- Тәрбие жұмысының жоспары.
- Тәрбие сағаттарының жинағы және ай сайынғы анықтамалар.
- Тәрбиелік шараларға қатысу туралы материалдар.
- Жылдық мәтіндік талдау, мониторинг және қорытынды.
- Сынып жиналыстарының және ата-аналар жиналыстарының хаттамалары.
- Психолог жүргізген жұмыстардың қорытындылары және сыныпқа психологиялық мінездеме.
- Ата-анамен жұмыс бойынша іс қағаздары.
- Пайдаланылған материалдар: көрнекіліктер, сауалнамалар, жаднамалар, тесттер.
Қосымша ретінде: сынып жетекшісінің диагностикалық картасы, мектепішілік шараларға арналған әзірлемелер мен анықтамалар, үйірмелер папкасы (бұйрығы, жоспары, балалар тізімі, материалдар, қажет болса фотоесеп) жинақталады.
Әдістемелік бағыт және проблемалық тақырып
Мектепішілік тәрбие жұмысының әдістемелік тақырыбы
Ұлттық рухы биік, адамгершілігі жоғары, салауатты өмір салтын ұстанатын, елінің өткенін құрмет тұтып, ертеңіне өз үлесін қосуды парызым деп білетін жан-жақты білімді, қабілетті, жаңашыл тұлға қалыптастыру.
Сынып жетекшісінің проблемалық тақырыбы
Оқушыларды тәрбиенің заманауи әдіс-тәсілдері арқылы өзін-өзі тануға, адамгершілікке, мәдениеттілікке, білімқұмарлыққа және белсенділікке тәрбиелеу.
Сынып жетекшісінің қызметтік функциялары
Күнделікті атқарылатын жұмыстар
- Сабаққа кешіккен оқушылармен жұмыс жүргізу және сабақтан қалған оқушылардың себептерін анықтау.
- Оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру.
- Сынып кабинетінде кезекшілікті ұйымдастыру.
- Оқушылармен жеке-дара жұмыс жүргізу.
Апта сайын
- Оқушылардың күнделіктерін тексеру.
- Жоспар бойынша сыныппен іс-шара өткізу.
- Ата-аналармен жұмыс (нақты жағдайға байланысты).
- Пән мұғалімдерімен байланыс (нақты жағдайға байланысты).
- Оқушы сырқаттанған жағдайда анықтама бойынша мектеп дәрігерімен кездесу.
Ай сайын
- Өз сыныбындағы сабақтарға қатысу.
- Мектеп психологымен кездесу.
- Ата-аналар комитетімен кездесу.
- Жоспарлау мәселелері бойынша мәжілістерге қатысу.
Тоқсан сайын
- Тоқсан бойынша сынып журналын тексеру.
- Сынып жетекшілерінің оқуына (семинарына) қатысу.
- Тәрбие жұмысының қорытындысын шығару және келесі тоқсан жоспарына толықтыру/өзгеріс енгізу (қажет болса).
- Ата-аналар жиналысын өткізу.
Жылына бір рет
- Ашық іс-шара өткізу.
- Оқушылардың жеке құжаттарын толықтыру.
- Сынып жұмысының жылдық жоспарын жасау және талдау.