Құрметті бүгінгі тәрбие сағатымызға қатысушылар

Тақырыбы: «Желтоқсан желі!»

Мақсаты

  1. Оқушыларға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының мәні мен мағынасын түсіндіру. Тәуелсіздік үшін күрескен ерлерді және Желтоқсан құрбандарын еске алып, олардың өмірі мен ерлігі туралы мағлұмат беру, батырлығын насихаттау.
  2. Патриоттық тәрбие беру: Отанды сүюге, ерлікке, ұйымшылдық пен достыққа баулу. Ел қамын жеген азаматтарды үлгі етіп, халқымыздың тарихын білуге үйрету.

Түрі

Ауызша журнал

Көрнекілігі

Қанатты сөздер, презентация

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті тәрбие сағатына қатысушылар! Өткенімізсіз бүгін болмас еді. Өткеніміз — бүгінгі тәуелсіз еліміздің іргетасы.

Бұл тәрбие сағаты 1986 жылғы 16–17 желтоқсан күндері болған Желтоқсан оқиғасына, бейбіт ереуілге шыққан жастарға, тарихта аты қалған Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға және қаза болғандардың рухына арналады.

Тәуелсіздік — ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған қасиетті мұрат. Сол жолда халқымыз талай сыннан өтті, ел үшін жанын қиған ерлер аз болған жоқ.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,
Қар мен мұз жылжығандай құздан бүгін.
Өттің де астан-кестең ойда жоқта,
Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.

2-жүргізуші

ХХ ғасырдың 1986 жылғы желтоқсанында болған оқиға — ұлт тарихындағы азаттық үшін күрестің ең соңғы, бірақ ең салмақты белестерінің бірі.

1-жүргізуші

Тәрбие сағатымыз «ашық журнал» түрінде өтеді.

2-жүргізуші

Ендеше, журнал беттерін бірге парақтайық.

Журналдың 1-беті: Желтоқсан тарихы

1986

Назым

1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумы өтті. Пленумда Д. Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылып, оның орнына Г. Колбин сайланды. Колбин Қазақстанда тұрмаған әрі республикада бұрын қызмет атқармаған еді.

Осы шешімге наразылық білдірген қазақ жастары бейбіт түрде алаңға шықты. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспай, жергілікті жұрттың таңдауы мен үніне құлақ аспауы түрткі болды. Жастар шеруі 17–18 желтоқсан күндері жалғасып, тарихта «Желтоқсан оқиғасы» деген атпен қалды.

Ән

«Қара бауыр қасқалдақ»

Аружан

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы — әр қазақтың жүрегіндегі жара. Қалың тарихтың парақтарына қанмен жазылған бұл күндер туралы толғана да, тебірене де айтуға болады.

Колбин бастаған жаңа басшылық жастармен тең дәрежеде пікір алмасуды, ұсыныстарына құлақ қоюды намыс көргендей болды. Әкімшілік-әміршілдік өктемдік танытып, өр мінез көрсетті. Республикада тұратын алты миллионнан астам халықтың ішінен, соның ішінде қазақтың арасынан да лайықты тұлға табылмағандай, сенімсіздік білдірген орталыққа қарсы шыққан бұл қозғалысты «ұлтшылдық», «нашақорлық» деп айыптап, күшпен жаныштады.

Қатал екен желтоқсанның ызғары,
Қазағымның езгіленген ұлдары мен қыздары.
Қара бұлттар түнереді аласапыран кең дала,
Еріп түсті ерімейтін жауыздықтың мұздары.

Кешкен сонда алып тұлға керуендей кезеңін,
Жол таба алмай соқпақтағы іздеді ме іздерін?
Кеуде керіп Шаханов та ұлты үшін күресіп,
Құрбан еткен талай жастар елі үшін өздерін.