Қыздың жанын қинамаңдар

Әзілхан Нұршайықовтың өсиет сөзі

Бұл өсиет — ұлдарға аманат, қыздарға ақыл-кеңес. Айтылар ойдың өзегі: адам өмірін қадірлеу, ар-ожданды биік ұстау, бір-біріне сыйластықпен қарау.

Ұлдарға өсиет

Ұлдар, алдымен сөзімді сендерге арнаймын. Менің сендерден тілегім мынау: айналайындар, арақ ішпеңдер.

Арақ — азаматтың жауы; халықтың да, қоғамның да дұшпаны. Адам арақ ішпегеннен өлмейді, ал құмартып, әдет қылып ішкеннен өледі.

Ішімдікке салынған адамның ғұмыры қысқарады, ал маскүнемнің өмірі мәнсізденеді. Адамның өмірі онсыз да қысқа. Ендеше сол аз ғұмырды ардақтап, шамаң келгенше мағыналы, мәнді өткізуге не жетсін.

Жігіттер, қастарыңда жүрген қыздарды құрметтеңдер, мәпелеңдер. Алақандарыңа салып әлпештеңдер. Қыздың жанын қинамаңдар.

Қыз — болашақтың анасы. Қыз — алдағы ұрпақтың әжесі. Анаңды ардақтап, әжеңді құрметтесең, қызды да сыйла, қарағым.

Түйін

  • Ішімдікке жоламау — өмірді ұзартып, мәнін арттырады.
  • Қыз баланы құрметтеу — анаға, әжеге, болашақ ұрпаққа құрмет.

Қыздарға кеңес

Қыздар, жандарыңда жүрген жігіттерді ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен тізгіндей біліңдер.

Жігіттердің жұлқынған асау жүрегін адамгершілік қасиеттермен бұйдалап, дұрыс жолға бастаңдар: арақ ішкізбеңдер, айқайға жуытпаңдар.

Оларды түнгі он екіде мас болып мейрамханадан қайтып, тынымдап жатқан жұрттың шырқын бұзып, терезе түбінен текедей бақылдап өлең айтып өтетін әдетке үйретпеңдер.

Өйткені бұл дүниеде қыз жетектесе ілеспейтін, қыз қиылса көнбейтін жігіт жоқ.

Ақыл — анадан тарайды, адамгершілік — әйелден басталады; қыздан — қылық, тәрбие, тәлім туындайды. Табиғат сыйлаған осы өзгеше өнерлеріңді қастарыңдағы жігіттерге игі әсер етуге жұмсаңдар.

Жігіт — жаныңда жүрсе жолдасың, жауға жұмсасаң — жолбарысың. Жігіт — ортада жүрсе орманың, шетке шықса қорғаның. Қорғаның, қорғанышың сенің.

Жігіттерден жылы күлкіңді, жұмсақ әзіліңді аямаңдар. Бірақ оларды жұрт көзінше сүйісіп, сүйкенісіп тұруға үйретпеңдер. Жабыса құшақтатпаңдар.

Асыл махаббат сезімін ардақтап, бүркеп, қымтап ұстауға баулыңдар. Нәпсісін тыйып, намысын биік ұстауға тәрбиелеңдер.

Сөйтіп, олармен тату, дос, қимас құрбы болып өсіңдер, шырақтарым. Өмірдің қызық ләззаты — адал достықта, айнымас қамқорлықта, асыл махаббатта екенін әрдайым естеріңде сақтаңдар.