Білімді ұрпақ - егеменді елдің берік тірегі

Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы, «№3 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ

Биология пәнінің мұғалімі: Адамьянова Шолпан Советовна

Тақырып: Қазіргі заманның рухани-адамгершілік даму аспектілері және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу

Рухани-адамгершілік тәрбие: қоғамның берік іргетасы

«Жаман баласының жаман қылығы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі-өнегеден», — деп М. Әуезов айтқандай, көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеудің ең тиімді жолы — жас буынға дұрыс тәрбие беру.

Қазақстан — тәуелсіз мемлекет. Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш — білім және білімді ұрпақ. Білімді ұрпақ — егеменді елдің берік тірегі.

Білімді тұлға қандай болуы керек?

Ішкі әлемі бай, өмір салты дұрыс

Білімді тұлға дегенде біз рухани жан дүниесі бай, білімі мен біліктілігі жоғары, талап-талғамы терең, салауатты өмір салтын саналы түрде қалыптастырған азаматты түсінеміз.

Тек білім жеткіліксіз

Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған қоғамда тек білімді болу аз. Әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, батырлық, отансүйгіштік сияқты қасиеттер қатар қалыптасуы қажет.

Сондықтан тәрбиеде ар-ұят, адалдық, рухани құндылықтар мен адамгершілік қағидаларды қатар қою — негізгі міндеттердің бірі.

Адамгершілік: қалыптасатын құндылық

Рухани-адамгершілік тәрбие болашақ ұрпақты тәрбиелеу жүйесінде ерекше орын алады. Адамгершілік — тұлғаның сана-сезімі мен іс-әрекетін қалыптастырып, құндылық бағдарын айқындайтын маңызды құрал. Ол ар-ожданды, танымдық қызығуларды кешенді түрде дамытады.

Адамгершілік — адамды сүюді және оның қадір-қасиетін құрметтеуді, рақымшылық пен шыншылдық қасиеттерін орнықтырады.

Адамгершілік туа біткен қасиет емес. Ол татулықта өмір сүру, бақытқа ұмтылу, бала мен қартқа жәрдемдесудің қажеттілігін сезіну және мойындау сияқты өмірлік тәжірибе арқылы қалыптасады.

Адамгершіліктің қалыптасуына мінез-құлық ерекше әсер етеді. Халық даналығында: «Ақыл кімге керек, мінез-құлқың болмаса» делінеді. Демек, мейірімділік, кішіпейілділік, рақымшылдық — адамгершілік мінездің басты белгілері.

Тәрбиенің бастауы: отбасы мен мектептің бірлігі

Отбасындағы үлгі — баланың алғашқы мектебі

Адамгершілік тәрбиенің түп негізі отбасынан басталады. Ата-ана балаларын жақсы мінез-құлыққа баули отырып, оны дағды мен әдетке айналдыру арқылы адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді. Бала әрдайым ата-анасына қарап өседі, еліктейді.

Алайда кейбір ата-ананың сөз саптауы, күнделікті тіршіліктегі іс-әрекеті мен мінез-құлқы балаға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан отбасынан жеткілікті тәрбие алмаған баланы мектеп қабырғасында да жүйелі түрде тәрбиелеу — ортақ міндет.

Тәрбие — сезімге әсер ету

Адамгершілік тәрбие беру білім берумен ғана шектелмейді. Ол баланың сезіміне әсер етіп, ішкі дүниесін ояту арқылы дүниетанымын қалыптастырады.

Баланың сана-сезімінде адамгершілік мұраттарды орнықтыру — тәрбиенің ең алғашқы міндеті. Өйткені оқу мен тәрбие әрдайым егіз.

Ұстаздың рөлі және мектептегі тәрбиелік орта

Тәрбие процесінде ұстаздың рөлі шешуші. Ұлы педагог К. Д. Ушинский тәрбие беруші тұлғаны «мәңгі нұрдың қызметшісі» деп жоғары бағалауы тегін емес. Балалардың жеке тұлға болып қалыптасуында мұғалімдер қауымының еңбегі орасан.

Мұғалімдер адамгершілік тәрбиені сыныптан тыс іс-шаралар арқылы да іске асырады: ойындар ұйымдастыру, әңгіме өткізу, дөңгелек үстелдер, дебаттар, үгіт-насихат топтарының жарыстары, сауалнама жүргізу, әр сала мамандарымен кездесулер және басқа да жұмыстар.

Мектеп кітапханасы: рухани-адамгершілік тәрбиенің тірегі

Оқушыларға рухани-адамгершілік тәрбие беру — қазіргі мектеп кітапханаларының ең маңызды міндеттерінің бірі. Бұл заңды құбылыс: қоғам өмірінде адамгершілік бастамаларының рөлі артып, моральдық фактордың ықпал аясы кеңейіп келеді.

Рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің мақсаты — оқушылардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру, қоғамдық борышқа саналы көзқарасын дамыту, сөз бен істің бірлігін қамтамасыз ету және адамгершілік нормаларынан ауытқуға жол бермеу.

Қызмет түрлері

Ауызша формат

  • Лекциялар, оқу кештері, факультативтік сабақтар
  • Библиографиялық шолулар, сұхбаттар, кеңестер
  • Оқырман конференциялары
  • Шығармашылық, әдеби-музыкалық, тақырыптық кештер
  • Танымал тұлғалармен кездесу кештері
  • Диспуттер, дөңгелек үстелдер, дебат-клубтар
  • Презентациялар

Көрнекілік формат

  • Аралас көрмелер
  • Стендтер

Ақпараттық және кешенді жұмыс

Баспа басылымдары

  • Библиографиялық және биобиблиографиялық көрсеткіштер
  • Ақпараттық материалдар: пресс-релиздер мен мақалалар
  • Жарнама материалдары: хабарландырулар, шақыру қағаздары және т.б.

Кешенді формат

  • Әр түрлі үлгідегі (ауызша, көрнекі, баспа) кітапханалық сабақтар
  • Апталық, онкүндік, айлық іс-шаралар
  • Экскурсиялар

Нәтижелі жұмысқа қажетті алғышарттар

  • Оқушылардың сұранысы мен талаптарын жақсы білу
  • Рухани-адамгершілік тәрбие мақсатында қызығушылықты арттыра алатын іскерлік
  • Кітапханада сапалы анықтамалық-библиографиялық аппараттың болуы

Қорытынды ой

Осындай жұмыстарды жүйелі іске асыра отырып, әрбір ұстаз жас ұрпақтың санасына Абайдың: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз» деген өсиетін үнемі сіңіріп отыруы қажет.