Тыныс белгілері

Сабақтың мақсаты

Білімдік

  • Тыныс белгілері туралы білімді тексеру және толықтыру.
  • Жаттығулар арқылы білімді бекіту, қайталау материалдарын пысықтау.
  • Тапсырмалар арқылы тексеру, бағалау дағдыларын қалыптастыру.

Тәрбиелік және дамытушылық

  • Оқушылар бойына адамгершілік қасиеттерді дарыту.
  • Сауатты әрі көркем жазуға баулу.
  • Шығармашылыққа бағыттау, білік пен дағдыны жетілдіру.

Сабақтың барысы

I. Қайталау: жуан және жіңішке сұрақтар

Өтілген тақырыптар бойынша еске түсіру жұмысы жүргізіледі: оқушылардың білімі, білігі және дағдылары сұрақ-жауап арқылы пысықталады.

II. Жаңа сабақ: пунктуация ұғымы

Пунктуация термині латынның punctum — «нүкте» деген сөзінен шыққан.

Тыныс белгілері дегеніміз:

  • Алфавитке енбейтін графикалық таңбалардың жиынтығы.
  • Мәтінді бөліктерге жіктеп, мағынаны дәл ұғынуға мүмкіндік беретін жазу тілінің негізгі құралы.
  • Автор ойының интонациясын, көңіл күйін, мағыналық реңкін нақты жеткізудің тәсілі.

Тыныс белгілерін дұрыс қою — сөйлемнің мағынасы мен реңкін сақтаудың, ойды дәл жеткізудің басты шарттарының бірі.

Тыныс белгісі өзгерсе — мағына да өзгереді

Бір ғана сөз тіркесі әртүрлі тыныс белгілері арқылы мүлде бөлек көңіл күй мен мағына бере алады:

Нүкте

Бар. Жақсы.

Жайбарақат, байсалды, бірақ нық шешім.

Леп белгісі

Тоғжан! Япырмай, жақсы айттыңыз-ау!

Көтеріңкі көңіл күй, әсерлену.

Сұрау белгісі

Бар? Жақсы?

Екіұшты, нақтылауды қажет ететін мән.

Сұрау + леп

Бар?! Жақсы?!

Сенбеу, түсінбеу, таңдану.

Көп нүкте

Бар... Жақсы...

Аяқталмаған ой, сенімсіздік, реніш не кекесін реңкі.

Мысалдар: айқындауыш және қаратпа сөздер

«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.»
Абай
«Адам баласының тамаша қасиеттері, атап айтқанда: табандылық, ерлік, қайсарлық — қазақ жауынгерінің бойынан табылады.»
«Содан соң қырмандағыларды тегіс жинап (балаларды да қосып), жиналыс өткізеді.»
С. Мұратбеков

III. Топтық жұмыс

I топ

Оқулықпен жұмыс

119-жаттығу: лепті сөйлемдерді теріп жазыңдар.

II топ

Оқулықпен жұмыс

119-жаттығу: сұраулы сөйлемдерді теріп жазыңдар.

III топ

Практикалық тапсырма

Мәтінге тиісті тыныс белгілерін қойыңдар.

Тапсырма мәтіні

Қар жауды көп жауды Онан соң ышқына ұлып долданып жер көкті астын үстіне сапырып жұлып жеп жын қаққандай құтырынып еліріп боран соқты Қарды жалап жайпап сыпырып қуыс қуысқа үсті үстіне тықпалап нығарлады кеп нығарлады кеп

IV. Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық, Алақанды ұрайық. Бір отырып, бір тұрып, Біз демалып алайық.

V. Мәнін ашыңдар (тәрбиелік тапсырма)

I топ

Дастарқанға емінбе, көп алдында керілме.

II топ

Босағада тұрма, көк шөпті жұлма.

III топ

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.

Барлығына

Ұмытып кетпе, есікті теппе.

Қорытынды тапсырмалар

VI. «Миға шабуыл» әдісі

«Достық» сөзіне сүйене отырып, өзіңнің және досыңның бойындағы адамгершілік, асыл қасиеттерді тауып жазыңдар.

VII. Үй тапсырмасы

  1. Пунктуация тақырыбын қайталау.
  2. «Менің досым» тақырыбында ойтолғауды аяқтау.

VIII. Рефлексия

Оқушылар бүгінгі сабақтан алған әсерін, түсінген тұстарын және әлі де нақтылауды қажет ететін сұрақтарын қысқаша жазады немесе ауызша бөліседі.

IX. Бағалау

Тапсырмалар орындалуына, топтық жұмысқа қатысуына және жазба сауаттылығына қарай бағаланады.