Математикалық жаңылтпаш айту, жұмбақ шешу

«Көңілді математика әлемі» — оқушылардың логикалық ойлауын шыңдап, пәнге қызығушылығын арттыратын, топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытатын танымдық сайыс. Бұл іс-шара еңбекқорлыққа баулып, жауапкершілік сезімін күшейтеді және қажет сәтте тез әрі дұрыс шешім қабылдауға үйретеді.

Мақсаты

  • Пәнге қызығушылықты арттыру
  • Топпен жұмыс істеу қабілетін дамыту
  • Еңбекке баулу, жауапкершілікке тәрбиелеу
  • Тез әрі дұрыс шешім қабылдауға дағдыландыру

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • Слайдтар
  • Жаңылтпаштар мен жұмбақтар
  • Есептер, кеспе әріптер

Сайыс рухы

Бүгінгі сайыс төрінде — математика тілінде сөйлеп, есеп шешіп жарысамыз, жұмбақ шешіп тартысамыз. Мұнда жаңылтпаш та бар, сурет те бар — жиналғандардың жүрегінде от, көздерінде жалын.

Қатысушылардың білімі мен біліктілігін бағалау үшін мұқият тыңдап, әділ төрелік ету ұсынылады.

Сайыс барысы

1-сайыс

Таныстыру

Әр сынып өз тобын таныстырады: топ атауын қорғау, ұран айту, топ мүшелерін таныстыру.

2-сайыс

Кім жүйрік — ойға!

Викториналық сұрақтар арқылы білімнің кеңдігі мен жылдам ойлау қабілеті сыналады.

  1. 1. Ең кіші жай сан.
  2. 2. Әлем картасында Қазақстан жер көлемі бойынша нешінші орында?
  3. 3. Сағаттың төрттен бір бөлігі неше минут?
  4. 4. Квадрат теңдеуді шешу формуласын дәлелдеген математик.
  5. 5. Адам ешқашан жүрмейтін жол.
  6. 6. Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғарышкер.
  7. 7. Пифагор теоремасы.
  8. 8. sin 30° мәні.
  9. 9. Бір жылда неше тәулік бар?
  10. 10. Суда қандай тас болмайды?
3-сайыс

Әр қолдың өз ісі!

Суретшілер сайысы: екі топтан екі оқушы шығып, екі қолына екі бор алып, бір уақытта сурет салады. Бұл кезең ұқыптылықты, үйлесімділікті және жылдамдықты дамытады.

4-сайыс

Қызықты эстафета

1-топқа берілетін әріптер

т, ң, е, г, ү, б, і, р, е, ң

Сұрақтар

  1. 1.Ұлттық валюта. (теңге)
  2. 2.Дәрежеге кері амал. (түбір)
  3. 3.«… етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». (еңбек)
  4. 4.Суға еніп тұрған құрлықтың бір бөлігі. (түбек)
  5. 5.Шағатын өте кішкентай жәндік. (бүрге)

2-топқа берілетін әріптер

б, р, ұ, ы, ш, н, а, с, м, қ

Сұрақтар

  1. 1.Алымы бөлімінен үлкен бөлшек. (бұрыс)
  2. 2.«Қоянды қамыс, ерді … өлтіреді». (намыс)
  3. 3.«Өнер — ағып тұрған бұлақ, білім — жанып тұрған …». (шырақ)
  4. 4.Бір нүктеден шығатын екі сәуледен құралған жазықтықтың бөлігі. (бұрыш)
  5. 5.Иіс сезу мүшесі. (мұрын)

Берілген әріптерді пайдаланып, сұрақтарға жауап беру арқылы сөздер құрастырылады. Дұрыс жауап — эстафетадағы келесі қадам.

5-сайыс

Жекпе-жек

Әр топ қарсыласына алдын ала дайындап келген тапсырмаларын ұсынады. Бұл кезеңде дәлелдеу мәдениеті мен бір-бірін тыңдау дағдысы айқын көрінеді.

6-сайыс

Жаңылмастан айтып көр!

Математикалық жаңылтпаштар

Кім сызғышсыз? Біз сызғышсызбыз!
Сызғышсыздарға, сызғышсыз сызғыз.

Айқыш бұрыш, айқыш бұрыш,
Тең-тең бұрыш, тұтас бұрыш,
Тұстас бұрыш, тұстас бұрыш,
Сәйкес бұрыш құрған бұрыш.

Жұмбақтар

  • Математикалық таңба ол,
    Білімің болса — ашасың.
    Теріс сан болса астында,
    «Мағынасыз» деп қашасың.

    Жауабы: квадрат түбір

  • Біз санбыз сызықпен бөлінген,
    Математиканы ұқпас адамға
    Құбыжық боп көрінген.
    Дұрыс, бұрыс, аралас,
    Ондық болып бөлінген.

    Жауабы: бөлшек сан

  • Санау үшін адамды, талды, малды,
    Ертеден мұра болып қалды.
    Көбейтіп, бөліп, азайтып,
    Қосамыз күнделікті ол санды.

    Жауабы: натурал сан

  • Айқасқан екі таяқ,
    Тұрады жоқты сұрап.

    Жауабы: икс

7-сайыс

Есептермен берілген ел тарихы

Мәселе есептер шығару арқылы тарихи деректер мен сандық сауаттылықты ұштастыратын кезең. Нақты есеп — нақты ой, ал дәлел — білімнің өлшемі.

Қорытынды

Сайыс соңында қорытынды жасалып, жеңімпаздар марапатталады.

Жүзген кеме тұманда — неге адасып кетпейді?
Немесе ол бір маңда — төмен неге шөкпейді?
Оны сақтап қалатын — математика ғылымы.
Сондықтан ерінбей, сол ғылымның тілін біл!