Әбіш кім
Атырау облысы, Жылыой ауданы
№23 жалпы орта білім беретін мектеп
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Оңайбаева Күләш Самарқанқызы
Сынып
8-сынып
Сабақтың тақырыбы
Абайдың Әбдірахманға (Әбішке) арнаған өлеңдері
Жалпы мақсат
Абайдың Әбішке арналған өлеңдерінің идеясы мен тақырыбын, көркемдік тілін және мазмұнын меңгерту.
Негізгі идея
Оқушыларды адалдыққа, адамгершілікке, сондай-ақ әке мен бала арасындағы шынайы махаббатты түсінуге тәрбиелеу.
Оқыту нәтижесі
- Лирикалық шығармаларды талдау дағдылары қалыптасады.
- Тіл байлығы дамып, көркем мәтінді түсіну деңгейі артады.
- Оқушы өз көзқарасын дәлелдеп, пікір қорғауға үйренеді.
Әдіс-тәсілдер
Көрнекілік
- Интерактивті тақта, ақпараттық технология құралдары
- Абай мен Әбіштің портреттері
- Семантикалық кестелер, үлестірме материалдар
Қосымша әдебиеттер
«Абай жолы» романы
«Қарашығын», «Өкініште», «Қапыда» тараулары.
Анықтамалықтар
«Абай энциклопедиясы».
Салыстырмалы оқу
Жамбыл Жабаев: «Алғадай туралы», «Ойлар» өлеңі.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру және үй тапсырмасын тексеру
Үй тапсырмасы ретінде оқушылар «Абай жолы» романынан Әбіш туралы тың мәліметтерді анықтап келеді. Төмендегі сұрақтар арқылы мәтінмен жұмыс жүргізіледі.
- Романда Әбіштің портреті қалай берілген? Тауып, мәнерлеп оқы.
- Әбіш қандай оқу орындарында оқыды?
- Оқудан келген Әбіш пен әкесі Абай арасындағы сағыныш қалай суреттелген?
- Оқудан келген Әбіштің бойынан қандай өзгерістер мен жағымды жаңалықтар байқадыңдар?
- Әбіш пен анасы Ділдә арасындағы қарым-қатынас қандай болды?
- Әбіштің ауырғанын алғаш кім білді?
- Әбіштің сүйген жары кім?
- Бұл үлкен махаббатқа кім себепші болды?
- Мағрипа қандай қыз? Романнан портретін тауып оқы.
- Әбіштің ауырғанын білгенде Абайдың көңіл күйі қалай берілген?
- Әбіштің әкесімен бақилық болар алдындағы соңғы сөзін романнан тауып оқы.
- Әбіш дүниеден өтті. Оны қалай жерледі?
- Романда анасы Ділдә мен жары Мағрипа Әбішпен қалай қоштасады?
- Қандай салт-дәстүр көрініс тапқан?
Осы сұрақтарға сүйене отырып, оқушылар Әбіштің кім екенін, Абайдың кім екенін, әке мен бала, ана мен бала, бауырлар арасындағы үлкен сүйіспеншіліктің табиғатын ашады. Роман арқылы Әбіштің ел үшін еңбегі бар, ірі тұлға ретінде бейнесі нақтыланады.
Бүгінгі сабақта Абайдың өлеңдер топтамасымен таныса отырып, сабақ соңына қарай «Абай кім?», «Әбіш кім?», «Мен кіммін?» деген сұрақтарға ой жүгіртіп, шағын жоба жасаймыз және «Толық адам» мәселесі бойынша пікірімізді қорғаймыз.
2) Әбіш туралы қосымша мәлімет
Бұл ақпарат алдын ала дайындық тапсырмасы ретінде беріледі. Мақсаты — тарихи-өмірбаяндық деректер арқылы өлеңдердің мазмұнын тереңірек ұғындыру.
Әбіш (Әбдірахман) (1869–1895) — Абайдың Ділдәдан туған баласы. Семей қаласындағы уездік мектепте оқыған. 1886–1889 жылдары Түмен қаласындағы Александров реалдық училищесінің 5–7 сыныптарын бітірді. 1889–1892 жылдары Санкт-Петербургтегі Михайлов артиллерия училищесінде білім алды. 1890 жылы унтер-офицер, 1892 жылы портупей-юнкер атағын алып, сол жылдың тамызында подпоручик әскери шені берілді. Училищені «өте жақсы» бағамен аяқтап, 1892 жылы Ташкенттегі бекініс гарнизонының артиллериясына қызметке жіберілді. 1895 жылы 15 қарашада ауыр науқастан қайтыс болды.
3) Тірек-сызба арқылы өлеңдер топтамасымен таныстыру
Оқушылар Абайдың Әбішке арналған туындыларын мазмұндық және идеялық тұрғыдан саралайды.
«Талаптың мініп тұлпарын»
«Кешегі өткен Ер Әбіш»
«Бермеген құлға қайтерсің?»
«Тұла бойың ұят-ар едің»
Мағыш қазасына шығарған жоқтау
Сүйікті ұлына арналған өлеңдері
Абайдың Әбішке арналған өлеңдері шамамен 30-ға жуық.