Сіріңкенің мұндай тентек екенін бұрын білмеппін

Сабақтың мақсаты

Балалардың өрт қауіпсіздігі ережелері туралы білімдерін қалыптастыру, қауіп төнген кезде өзін қорғай білуге машықтандыру және әрқайсысының өз өмірі үшін жауапты екенін ұғындыру. Сонымен қатар өрт сөндірушілердің еңбегін таныстыра отырып, осы мамандыққа деген құрмет сезімін күшейту.

Негізгі ой

От — пайдалы күш, бірақ дұрыс қолданылмаса, қауіпті апатқа айналады.

Сабақ форматы

Тәрбиеші түсіндірмесі, сахналық көрініс және маман кеңесі арқылы бекіту.

Тәрбиешінің кіріспе сөзі

От өмірімізге қуат беріп, бойымызды жылытады. От — тіршіліктің сәні: отсыз ас піспейді, үй жылымайды. Ата-бабамыз шөбі қалың, құт қонған өңірді «отты жер» деп бекер айтпаған. Қазақ халқы үйді отпен теңестіріп, тұратын үйін отау, үй иесін отағасы деп атаған.

Сахналық көрініс: «Отпен ойнама»

Сахнада үй бейнесі. Көңілді әуенмен Сайқымазақ үйдің жанына келеді.

Сайқымазақ сахнаға келеді

Көңілім түсіп тұр. Не бүлдірсем екен… (қолындағы сөмкесін сілкілейді). О-о! Сөмкемде сіріңке бар екен ғой, қалай байқамай жүрмін? (сіріңкені бір-бірлеп жаға бастайды)

Қоян шу естіп, үйден шығады

Ой, Сайқымазақ, сен мұнда не істеп жүрсің?

Сайқымазақ

Ой, қорқытып жібердің ғой! Не болды сонша айқайлап? Мен бар болғаны сіріңкені жағып ойнадым. Ал сен болсаң, мен үлкен өрт шығарғандай шулап тұрсың ғой!

Қоян

Қайдан білесің? Мен сені тоқтатпағанда, бұл ойының үлкен өртке ұласуы мүмкін еді. «Ойыннан от шығар» деген мақалды естімеген бе едің?

Сайқымазақ

Қойшы сен де… Бір сіріңкеден қандай өрт шығады дейсің?

Қоян балаларға үн қатады

Балалар-ау, балалар, сіріңкеге қараңдар! Өзі кішкентай болса да, бойында алып күші бар.

Сіріңкемен ойнасақ, абайсызда өрт шығар — соны есте сақтаңдар!

Сайқымазақ

Енді түсіндім. Сіріңкенің осынша қауіпті екенін бұрын білмеппін.

Ережені бекіту және қонақпен кездесу

Тәрбиешінің қорытынды сөзі

Сәлеметсіздер ме, Сайқымазақ, Қоян! Сіріңкемен ойнауға болмайды. Қоян дұрыс айтады: біз өрт қауіпсіздігі ережелерін жақсы білуіміз керек.

Бүгінгі қонақ

Түпқараған ауданы төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы, ата-анамыз Қалжанов Абзал Тарғынұлы. Ол өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстырып, пайдалы кеңес береді. Сондықтан мұқият тыңдаймыз.

Алғыс

Берген ақыл-кеңесіңіз балаларға үлкен нәтиже береді деп сенеміз. Балалармен тамаша ой бөліскеніңіз үшін көп рақмет!

Қонағымызға бірге тілектестік білдірейік: «Сау болыңыз!»

Есте сақтайық

  • Сіріңке — ойыншық емес.
  • От пайдалы болғанымен, бақылаусыз қалса — қауіпті.
  • Қауіп төнгенде ережені сақтап, ересектерден көмек сұрау керек.