Тілімізді шұбарламай таза сөйлеу бізге үлкен міндет
Сабақтың тақырыбы
«Білімді бала қыр асар, құтты болсын, тілашар!»
Сабақтың мақсаты
- Ана тілінде таза сөйлеуге үйрету.
- Ойын еркін жеткізе білуге және байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру.
- Өз ана тілін құрметтеп, қадір тұтуға баулу.
- Адамгершілікке тәрбиелеу және тілге деген сүйіспеншілікті нығайту.
Көрнекі құралдар
- Суреттер
- Нақыл сөздер
- Шарлар
Негізгі ой: тіл — ұлттың рухани өзегі, ал оны таза сақтау — әр ұрпақтың ортақ міндеті.
Жүргізуші сөзі
Ана тілі — біздің өз тіліміз, өзімізге ыстық әрі ең жақын қазына. Біз ең алғаш анамыздың әлдиін осы тілде естідік, алғашқы дыбыстарды да осы тілде айттық.
Қазақ тілі — өте бай тіл. Қазақтан небір шешендер, ел басқарған көсемдер, ел билеген билер, ақындар дүниеге танымал болды. Тіліміздің мәртебесі де биік: қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданған.
«Тілім — менің тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы».
Тіліміз барда өз ойымызды еркін жеткізе аламыз.
Келер ұрпақ өз тілін құрметтеп, өз тілінде таза сөйлесе, тіл де өмір сүреді. Ендеше, кезекті оқушыларға берейік.
Оқушылардың өлең-жырлары
Сандуғаш
Мейірі мол балаға, Барлық, барлық анаға Басымызды иеміз. Бабамыздың тілі деп, Даламыздың үні деп Ана тілін, ана тілін, Ана тілін сүйеміз!
Нұрлыбек
Қазақ тілі — өте бай тіл.
Гүлжанай
Ана тілім — айбыным, Тілі ғой бұл бабамның. Осы тілде естідім, Әлдиін де анамның.
Қазна
Бал қаймақтай тәтті сөз, Қара тастай қатты сөз. Абай айтқан ақын сөз, Бауыржан айтқан батыл сөз.
Нұржан
Ең тәтті де — тіл, Ең ащы да — тіл. Ең қатты да — тіл, Ең жұмсақ та — тіл.
Берік
Туған тілім — тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сөз ойдағы. Өссе тілім — мен де өсемін, Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.
Айнұр
Ана тілің — біліп қой, Бостандығың, теңдігің. Ана тілің — біліп қой, Мақтанышың, елдігің.
Ақылбек
Тілім менің — аппақ ән, Тілім барда мақтанам. Бірлігіңді бүгінгі, Ана тілім сақтаған.
Дариға
Өсірген ой-білімді, Сүйем туған тілімді. Мақсат етем әр сөздің, Мәнін терең білуді.
Барлығы хормен
Ана тілің — арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!
Қорытынды
Біз тіліміз арқылы көп нәрсеге қол жеткіземіз. Сондықтан тілімізді шұбарламай, таза сөйлеу — әрқайсымыз үшін үлкен міндет.
Ана тілін қадірлеу — өзіңді, еліңді, тарихыңды қадірлеу.