Анаға қарап қыз өсер
Кеш туралы
8 наурыз — Аналар мерекесі қарсаңында жоғары сынып оқушыларына арналған «Анаға қарап қыз өсер» атты мерекелік кештің сценарийі ұсынылады. Бұл кеш — ана мен балаға деген қамқорлықты, қоғамдағы ананың орнын және «Ана» атымен байланысты қасиетті ұғымдарды тереңірек түсінуге бағытталған әсерлі тәрбиелік шара.
Негізгі мақсат
- Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ана мен балаға деген қамқорлық тақырыбын талқылау.
- Қоғамдағы ананың орны мен аналық қадір-қасиетті айшықтайтын ұғымдар туралы пікір алмасу.
- Ұстаз-аналарды құрметтеуге үндеу.
Көрнекіліктер мен материалдар
Кештің мазмұнын күшейту үшін алдын ала безендіру мен қажетті материалдарды дайындау ұсынылады.
Кештің құрылымы
Өту барысы
- 1.Қонақтарды қарсы алу
- 2.Кіріспе құттықтау сөз
- 3.Тақырыпты ашу
- 4.Пікір алмасу
- 5.Сарапшы топтың қорытындысы
- 6.Оқушылардың құттықтауы
- 7.Жалпы қорытынды
Сайыс форматы
Кеш ана мен қыздың бірлесе қатысуына негізделеді. Сайысқа 5 жұп (ана мен қыз) қатысады.
- Ұлттық киім үлгісі ұсынылады
- Әр қатысушының оң жақ кеудесінде реттік нөмір болуы керек
- Қатысушылар арнайы дайындалған орындарға отырғызылады
Жүргізушілер мәтіні (сценарий)
Қонақтарды қарсы алу
1-жүргізуші: Армысыздар, ағайын! Қайырлы күн, қадірлі жиналған қауым!
2-жүргізуші: Құрметті ақ жаулықты аналар мен әжелер, кер маралдай керілген әпкелер, қарындастар, құрдастар, ұстаздар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтай отырып, «Анаға қарап қыз өсер» атты мерекелік кешке қош келдіңіздер дейміз!
Тақырыпты ашу және тарихи шолу
1-жүргізуші: Табиғаттың өзі де бүгін нәзік жанды аналарымызды даңққа бөлеп тұрғандай. Неге дәл осы күн әйелдердің халықаралық мерекесі болып белгіленді екен?
Осы сәтте экранға бейнеролик қойылады.
2-жүргізуші: Тарихқа көз жүгіртсек, Нью-Йорк қаласында 1857 жылдың 8 наурызында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері ереуілге шыққанын көреміз. Олар тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, аз ғана жалақы алған. Әйелдер 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орнын және еңбекақының ер азаматтардың жалақысымен тең болуын талап етті. Бұл оқиға қоғамдағы әйелдердің орнын айқындап, кейін әйелдер ұйымдарының құрылуына жол ашты.
1-жүргізуші: 1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық конференция өтті. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурызды жыл сайын белгілі бір күні атап өту туралы ұсыныс айтты. Бұл бастама көпшілік тарапынан қолдау тауып, 1911 жылдан бастап Австрия, Дания, Германия және Швейцарияда 8 наурыз мереке ретінде аталып өтті.
2-жүргізуші: Наурыз айының басында еліміздің көп өңірінде әлі де қар жатады. Бірақ көктемнің алғашқы мерекесі көңілімізді жылытады. Бұл мерекенің дәл көктемде болуы да заңды: көктем секілді әйелдер де адамзатқа өмір, жылулық пен әсемдік сыйлайды.
Құттықтау
1-жүргізуші: Баршаңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Көктемнің жаңаруымен бірге әр шаңыраққа мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім және көтеріңкі көңіл-күй тілейміз. Жүректеріңіз әрдайым мейірім мен ыстық ықыласқа толы болсын. Жылдан-жылға көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!
2-жүргізуші: Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар да: «Ана — тіршіліктің тірегі» деген. Мерекелеріңіз құтты болсын, қасиетті аналар!
Өлең жолдары
1-жүргізуші: Ана — жұмақ, мен — шуақ, саябағы, Ана — шырақ, мен — мен сұрақ санадағы. Ана — теңіз, мен — қайық тербетілген, Ана — бұлақ, мен — құрақ жағадағы.
2-жүргізуші: Ана дейміз бәріміз де аңқылдап, Ана дейді жас сәби де жарқылдап. Ана деген — бәйтерегі өмірдің, Ана деген — алтын қазық, алтын бақ!
Мерекелік сайыс
Қадірлі қауым! Бүгін сіздер «Анаға қарап қыз өсер» атты мерекелік сайысқа қатысып отырсыздар. Кеш ана мен баланың бірлесе жұмыс жасауына құрылады.
Сайыс кезеңдері
- I.Таныстыру
- II.Ана мен баланың өнері
- III.Аспаздық: ана мен бала бірлесе отырып тағам әзірлейді
- IV.Ситуациялық сұрақтар
2-жүргізуші: Сонымен, қатысушы жұптарды ортаға шақырамыз.
Жүргізушілер жұптарды жеке-жеке атап шақырады, арнайы дайындалған орындарға отырғызады.
Музыкалық нөмір
Сайыскерлер дайын болғанша, «Менің анам алтын» әні орындалады.
1-жүргізуші: Гүл көңілі қуаныштан өрілді, жанарыңнан жалын нұры төгілді. Жыр ұшқындап тұр ғой үніңнен — көпшілікке таныстыршы өзіңді! Ендеше, алғашқы қатысушыларымыздың таныстыруын тамашалайық!
5 жұп таныстыруын көрсетеді.
1-жүргізуші: Ендігі кезекте аналарымыз бен қыздарымыздың өнерін тамашалауға рұқсат етіңіздер.
5 жұп өнерлерін көрсетеді.
Тәрбие өзегі: Ана туралы ой
1-жүргізуші: Ең күшті нәрсе не? — десеңіз, мен: «Әйелдің әмірі!» дер едім. Әйел — адамзатты өмірге әкелетін, ұлтты көбейтетін, ұрпақты ұластыратын құдірет. Бір сөзбен айтқанда, дүниенің тірегі — әйел. Махаббаттың асыл нұры — әйел. Өмір деген алтын сарай есігінің күміс кілті — әйел махаббаты.
2-жүргізуші: Ананың қадірін тереңірек сезіну үшін әсем жыр жолдарын тыңдайық.
Оқушы өлең оқиды. Осы уақытта сахна сыртында бейнебаян көрсетіледі.
Өлең: Махаббат, сені қиын жырлау бүгін, Сен жайлы жоқ-бар деген жүр даулы ұғым. Болды екен қанша ғұмыр саған қарыз, Болды екен қанша ғұмыр құрбандығың?
Қорытынды ой: «Анаға қарап қыз өсер» — ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы. Ана мейірімі мен өнегесі — қыз баланың мінезі мен болмысына жол көрсететін ең биік өлшем.