Өміріміздің жалғасы

Отбасымен бірлесе отырып тәрбиелейміз

Бәріңіз де бала өсіріп отырсыздар. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда мектептегі балалардың өзара қарым-қатынасына ешкім терең үңіле бермейді. Ал келіспеушілік пен үйлеспеушіліктен туатын мәселелерді шешу әрбір педагог-тәрбиешінің қолынан бірдей келе бермейді — бұл ақиқат. Осы тұста ата-ана өз баласының мектептегі жолдастарымен тіл табысуы мен дұрыс қарым-қатынас орнатуына ерекше мән беруі керек.

Көп мәселе отбасының өзара сырласуы арқылы-ақ шешіледі. Бала — аты кішкентай болғанымен, жауапкершілігі ауыр, қам-қарекеті көп, үлкен әлем. Күнделікті өмірде осыны естен шығармауымыз абзал.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев айтқандай, мемлекеттік идеологияның аса қажет ірі тармақтарының бірі — халықты, ұрпақты патриотизмге, отаншылдық рухта елді, жерді сүюге және қорғауға жұмылдыру. Демек, жас ұрпақты тәрбиелеудегі ең басты міндеттердің бірі — оның бойында адамгершілік пен отаншылдық сезімдерін қалыптастыру.

Тәрбие — күрделі үдеріс

Бала тәрбиесі — күрделі үдеріс. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мен ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу — қоғамымыздың ең өзекті мәселесі.

Отбасы — адамзат бесігін тербеткен ұя. Баланың бас ұстазы — ата-ана: әкеден ақыл, анадан мейір алады. Ата-анаға баладан жақын ешкім жоқ, сондықтан да әр ата-ана баласының әдепті, білімді болып өскенін армандайды.

Грек философы Эпиктет: «Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы — жақсы тәрбиеленген адам», — деген. Бұл ой тәрбиенің мәнін айқын көрсетеді.

Бала — кім?

Бала — әр ата-ананың болашағы, өмірінің жалғасы. Ата-аналар баланы көбіне төмендегідей сипаттайды:

  • 1 Бауыр етіміз
  • 2 Болашағымыз
  • 3 Үмітіміз
  • 4 Сүйенішіміз
  • 5 Ізбасарымыз
  • 6 Мұрагеріміз
  • 7 Көмекшіміз
  • 8 Өміріміздің жалғасы
  • 9 Ақылшымыз және т.б.

Жағымсыз қылықтан сақтандыру

Ұрпағымыздан күтеріміз көп. Сондықтан тәрбие үдерісінде баламыздың жат қылықтардан аулақ болуын қадағалауымыз қажет. «Жағымсыз мінез» ұғымына мән беріп көрейік: сіз балаңызға қандай қылықтарды тілемейсіз?

Ата-аналар жиі атайтын мысалдар

  • Еріншектік
  • Жалқаулық
  • Сараңдық
  • Мақтаншақтық
  • Күйгелектік және т.б.

Балаларымыздың адамгершілік, моральдық бейнесі әрдайым көңілімізден шыға бермейді: күнделікті өмірде ашуланшақ, әдепсіз балалар да кездеседі. Өз баласының болашағы екенін терең түсінген әр ата-ана оған көбірек көңіл бөліп, бағыт-бағдар беруге тиіс.

Үлгі — тәрбиенің өзегі

Меніңше, әрбір баланың іс-әрекеті мен тәрбиесі ең алдымен отбасындағы ата-ананың жағымды өнегесінен қалыптасады. Сондықтан баланың бас ұстазы — ата-ана. Ата-ана өз баласының тәрбиесі үшін ел алдында да, халық алдында да жауапты.

Кейбір ата-ана баласына: «Әдепті бол, үлкенді сыйла» деп ақыл айтады. Бірақ өздері темекі шегіп, арақ ішіп, үй ішінде қарт әжесіне дөрекі сөйлеп, ренжісіп жатса — айтқан сөз әсерсіз қалады. Баланы тәрбиелейтін ең күшті құрал — сөз емес, күнделікті әрекет.

Гректің ертедегі ойшылы Питтак: «Өзің ата-анаңа не істесең, балаңнан да соны күт», — деген. Бұл — отбасы мәдениеті ұрпаққа тікелей берілетінін еске салатын тұжырым.

Қорытынды

«Балаңның тентек болатыны — үйінен, ердің тентек болатыны — биінен» дегендей, отбасында ата-ананың амандық-саулық сұрасуы, өзара сыйластық көрсетуі, мейірімді, қайырымды, өнегелі болуы — бала тәрбиесінде айрықша маңызды. Отбасы мен мектеп бірлесе әрекет еткенде ғана бала бойындағы жақсы қасиеттер орнығып, болашағына берік негіз қаланады.