Қайсысы мақал, қайсысы тұрақты тіркес

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, №1 ЖОББМ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Абубакирова Тоғжан Манарбекқызы

Фразеологизмдер

Бұл сабақта оқушылар тұрақты тіркестердің жазылуы мен мағынасын түсініп, фразеологиялық сөздікпен жұмыс істеу дағдысын дамытады. Сондай-ақ ойды көркем әрі әсерлі жеткізудегі фразеологизмдердің рөлі айқындалады.

Мақсаты

  • Білімділік: фразеологиялық сөздікпен жұмыс істей білуге үйрету; тұрақты тіркестердің жазылуы, мәні мен мазмұнын, ойды көркем жеткізудегі рөлін түсіндіру.
  • Дамытушылық: тұрақты тіркестерді тілдік нормаға сай қолдану және мағынасын аша білу білік-дағдыларын қалыптастыру.
  • Тәрбиелік: сөз мәдениетіне баулу, тілдік-эстетикалық сезімдерді тәрбиелеу; тұрақты тіркестер туралы таным көкжиегін кеңейту.

Сабақ туралы

Сабақтың түрі
Бекіту сабағы (танымдық-шығармашылық).
Көрнекі құралдар
Кесте, үлестірме карточкалар.
Әдістер
Оқу, сұрақ-жауап, ойтолғау, кесте-сызба.

Негізгі тұжырым

Тұрақты тіркес сөйлемде өз орнын сақтап қолданылады: оның ішіндегі сөздердің орнын алмастыруға және басқа сөзбен еркін ауыстыруға болмайды.

  • Тіркес бір сөз табына қатысты болады.
  • Бір сұраққа жауап береді.
  • Мағынасы тұтасып, ауыспалы мәнде қолданылады.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сыныптың назарын сабақ тақырыбына аудару, мақсат-міндеттерді қысқаша таныстыру.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Тапсырма: берілген мысалдардың қайсысы мақал, қайсысы тұрақты тіркес екенін ажыратыңдар.

Тұрақты тіркестер

  • Төбе шашы тік тұрды.
  • Қуанышы қойнына сыймау.

Мақал-мәтелдер

  • Алтау ала болса, ауыздағы кетеді.
  • Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
  • Батыр ел үшін туады, ел үшін өледі.

Мағынасын түсіндіріңдер

Бармағын шайнау — өкіну.

Ит арқасы қиянда — алыста.

Ит терісін басына қаптады — ұрысты, қатты сөкті.

Бетінен оты шықты — ұялды.

Үріп ауызға салғандай — сұлу, әдемі, сүйкімді.

Көз ілмеу — ұйықтамау.

Бекіту сұрақтары

  • Фразеологизмнің синониммен, антониммен байланысы қандай?
  • Тұрақты тіркес дегеніміз не?
  • Сызбаны толтырыңдар (мағынасы, құрылымы, қолданылуы).

3) Қызығушылықты ояту: «Бір сөзбен ата» ойыны

Тапсырма: тұрақты тіркестің мағынасын бір сөзбен атаңдар.

  • Үріп ауызға салғандай — сүйкімді.
  • Тайға таңба басқандай — айқын.
  • Ат төбесіндей — аз.
  • Ауыз жапты — үндемеді.
  • Көз жазды — адасып қалды.
  • Төбесі көкке жетті — қуанды.
  • Ішіне мұз қату — қатты ренжіді.
  • Көзіне көк шыбын үймелетті — қорлық көрсетті.

Қорытынды байқау

Тұрақты тіркестің орны мен құрамы тұрақты болады: ішіндегі сөздерді басқа сөзбен алмастыруға немесе орын тәртібін өзгертуге болмайды.

4) Тапсырмалар

1) Мағыналары жуық тұрақты тіркестерді тауып, синонимдік топқа біріктіріңдер

Еске түсіру, хабардар ету

  • Құлаққағыс қылу
  • Ойына салу
  • Жадына тоқу

Жайлану, орнығу

  • Көңілі орнына түсу
  • Жаны жай табу

Араздасу, қақтығысу

  • Қиян-кескі болу
  • Қырық пышақ болу

Ынтаның қайтуы

  • Тәбеті шаппау
  • Көңілі суу
  • Көңілі қалу

2) Тұрақты тіркестердің антонимдерін табыңдар

Тұрақты тіркес Антонимі
Іші жылу Жақсы көрмеу (жаны суыну)
Бетінен оты шығу Беті шіміркпеу
Ат ізін құрғатпау Із суыту (келмей кету)
Қолы босау Қолы тимеу

Сабақты қорытындылау

Тұрақты тіркестер сөйлемде қалыптасқан қалпын сақтап жазылады және қолданылады. Олардың сөз тәртібін өзгертуге де, құрамындағы сөздерді еркін алмастыруға да болмайды.

Үй тапсырмасы

Өзің оқыған шығармалардан кездескен тұрақты тіркестерді теріп жаз: 10 тұрақты тіркес.

Бағалау

Оқушылардың жауап беру белсенділігі, тапсырмаларды орындау сапасы және тілдік норманы сақтауы бойынша бағаланады.