Әке әркімге қымбат

1 «Ә» сыныбында өткен «Әке көрген оқ жонар» атты тәрбие сағаты

Бұл тәрбие сағаты отбасындағы әке мен бала арасындағы байланысты күшейтуге, ұлттық салт-дәстүріміздегі әкенің айрықша орнын ұғындыруға және бала жүрегінде әкеге деген сүйіспеншілікті оятуға бағытталды.

Мақсаты

  • Жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту.
  • Ұлттық салт-дәстүрімізге сай әке орнының ерекше екендігін ұғындыру.
  • Әкеге деген бала махаббатын ояту.

Көрнекіліктер

1) «Әке – асқар тау»

2) «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»

3) «Жақсы әкенің даналығы – балаға мың жылдық азық»

4) «Әке – шаңырақтың негізгі тірегі»

5) «Әке – балаға сыншы»

Тәрбие сағатының барысы

Кіріспе

Әке туралы монологтан тұратын бейнеролик көрсетілді.

Ескерту: оқушылардың назарын әкенің өнегесіне аудару.

Мұғалім сөзі

Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі әрі қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын нысана.

«Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дегендей, «әке» деген сөз қандай жақын, қандай ыстық! Өмірде әкесін жақсы көрмейтін бала жоқ шығар: бала үшін әкенің орны бөлек.

Әке – әркімнің сүйенер тіреуі. Әкені ардақтай білу керек, өйткені ол – отбасының ең басты мүшесі, яғни отағасы. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, әкенің балаға үйретері көп.

Олай болса, құрметті әкелер, балаларыңыздың мерекелік ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Топқа бөлу

Қатысушылар «Атамекен», «Сарыжайлау», «Өз елім» әндері арқылы 3 топқа бөлінді. Әкелер осы топтар бойынша отырғызылды.

1-топ

«Ардақтылар»

2-топ

«Құрметтілер»

3-топ

«Қадірлілер»

Оқушылардың өлең жолдары

1-оқушы

Есімде бейнесі әкемнің,
Күлімдеп қарайтын.
Мен саған талпынсам,
Құшағын жая сап, көтеріп алатын.

2-оқушы

Бойға қуат береді
«Әй, жарайсың!» дегені.
Мен әкемнен әр кезде
Соны естігім келеді.

3-оқушы

Әкешім, тілеуімді тілеп жүрген,
Аумайсың жарығы мол ашық күннен.
Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін,
Ақылды балаларың оны білген.

4-оқушы

Ыстық-ау кім-кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген.

5-оқушы

Әр сөзінің ақыры
Жақсылыққа тірейді.
Қадап айтып ақылын,
Көпке бақыт тілейді.

6-оқушы

Әкем шытса қабағын —
«Байқа, балам» дегені.
Алған көп-ақ сабағым,
Жақсы көрем мен оны.

7-оқушы

Арқа сүйер панасың,
Ақылы мол данасың.
Адал етіп өсірген,
Мендей ерке баласын.

8-оқушы

Қамқорсың, әке, өмірде,
Қуатым сенсің көңілге.
Әлпештеп мені өсірдің,
Ұшармын ертең көгіңде.

9-оқушы

Аңсаймын жылы сөзіңді,
Ақылшым болған кезіңді.
Есімде, әке, сақтаймын,
Асқар биік өзіңді.

10-оқушы

Арманым едің аңсаған,
Әкелсем бақыт мен саған.
Ұрпағың болып жалғадым,
Қуаншы, әке, сен маған.

11-оқушы

Теңіздей шалқып жүремін,
Сүйенер сенсің тірегім.
Барсам да қайда, жан әке,
Өзіңмен бірге жүрегім.

Өнер көрсетілімдері

Ән

«Жас ұлан» — Едіге, Жаннұр орындайды.

Би

«Мектеп вальсі».

Тақырып өзегі

«Әке көрген оқ жонар» — әке өнегесінің бала тәрбиесіндегі мәнін дәріптеу.

Қорытынды ой

Тәрбие сағаты әкенің отбасыдағы жауапкершілігін, балаға берер өнегесін және әке мен бала арасындағы сыйластықтың маңызын айқындай отырып өтті. Іс-шара барысында айтылған нақыл сөздер мен оқушылардың жүрекжарды өлеңдері әке қадірін тереңірек сезінуге жол ашты.