Қазақ газетінің шығу тарихымен танысу
Жобаның тақырыбы
«Қазақ» газеті – елдіктің жаршысы.
Мақсаты
Алаш жұртының алдаспанына айналған «Қазақ» газетіндегі Алаш идеясының және көтерілген елдік мәселелердің маңызын ашу.
Міндеттері
- 1 «Қазақ» газетінің шығу тарихымен танысу.
- 2 Газеттің ұстанған бағыт-бағдарын және мақсаттарын сараптау.
- 3 «Қазақ» газетінде жарияланған Әлихан Бөкейхановтың көсемсөздеріндегі елдік мәселелерді талдап, ой қорыту.
- 4 Алаш мұрасын жас ұрпаққа оқытудың тәрбиелік тиімділігін зерделеу.
Өзектілігі
Туған тарихын, әдебиетін және тағылымы мол мұрасын танып, астарлы ойды терең ұғына білген ұрпақ қана елдің әлеуметтік-саяси өмірін жаңғырта алады.
Мәселе
Алаш қайраткерлерінің әдеби мұрасының ұрпақ тәлім-тәрбиесіндегі орны қандай?
Күтілетін нәтиже
«Қазақ» газетінің Алаш елі тарихындағы орнын зерделеу арқылы жас ұрпақтың саналы, рухани дүниесі кең тұлға болып қалыптасуына ықпал ету.
Жұмыстың практикалық маңызы
Жоба барысында тақырыптық әрі мазмұндық тұрғыдан талданған деректер үйірме жұмыстарында және арнайы курс сабақтарында көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.
Кіріспе: Алаш және «Қазақ» газеті
Халықтың өткен өмірі жалпы қоғамдық мәні бар тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айналады. Әйтпесе өткен тарих мәнсіз әңгіме деңгейінде қалып қояды.
Егер біз Алаш қозғалысын ұлт тарихындағы ерекше орны бар құбылыс ретінде ғана бағалаумен шектелсек, онда оны терең түсінбеген ұрпақ болып шығар едік. Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылған және игерілген, ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасына айналатын тарих қажет.
Алаш қозғалысы мен Алаш жұртының алдаспанына айналған «Қазақ» газеті — сол дүниетанымдық тарихтың өзегі.
Осыдан бір ғасыр бұрын, 1913 жылдың 2 ақпанында қазақ даласында тарихи маңызы зор рухани сілкініс туды: дәл осы күні алты Алаштың жоқтаушысына айналған «Қазақ» газеті дүниеге келді. Жылдар бойғы езгіден қажып, рухани қалжырай бастаған елге ұлттық идеяны насихаттайтын, жұрт еңсесін көтеруге үндейтін алғашқы нөмір жарық көрді.
Басылым туралы қысқаша дерек
- Қоғамдық-саяси және әдеби газет.
- 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылдан аптасына екі рет шықты.
- Таралымы 3000, кей деректе 8000-ға дейін жеткен.
Тұлғалар мен ұйым
- Бірінші редакторы — Ахмет Байтұрсынов.
- Екінші редакторы — Міржақып Дулатов.
- Бастырушысы — «Азамат» серіктігі.
ХХ ғасыр басы — ұлт мұраты мен ел мүддесі қатаң сынға түскен кезең. Сол тұстағы зиялы қауым қазақ жұртының өркениетті елдердегідей сауатты болуын тіледі, ең бастысы — ұйқыға кеткен қоғамның саяси сауатын ашуға белсене кірісті. Бұл жолда ұлттық идеяны, бостандық пен бірлікті кең далаға тарата алатын баспасөздің рөлі айрықша сезілді.
Осындай мақсат-мұратты бес жыл бойы жүйелі көтеріп, 265 нөмір шығарып үлгерген «Қазақ» газеті өз міндетін жоғары деңгейде атқарды.
«“Қазақ” газеті — ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа тура келді. Бұл тұтынған жолда “Қазақ” газеті өз міндетін дөп атқарды».
Зерттеу бағыты
Бұл зерттеу жұмысы Алаш аспанының астында дүниеге келген тұңғыш ұлттық-демократиялық, саяси-қоғамдық басылым — «Қазақ» газетінің негізгі мақсаты мен ұстанымын танып, бүгінгі қазақ басылымдарымен үндестігін талдауға бағытталады.
Негізгі бөлім
1) «Қазақ» газетінің шығу тарихы
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқа да алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашу ісімен 1905 жылдан бастап айналыса бастады.
18 ақпан жарлығы шыққаннан кейін «Қазақ» газетінің басты ұйымдастырушысы, қамқоршысы әрі негізгі авторы Әлихан Бөкейханұлы саяси талаптарды әйгілі Қарқаралы петициясына тізіп, патша өкіметіне поштамен жөнелтеді.
Петицияның 3-тарауында қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару қажеттігі айтылып, ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін енгізу керек екені көрсетіледі.
Тарихи деректерге сәйкес, «Қазақ» атауымен газет шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ында берілген.
«Қазақ» газетін метрополияның әр қаласындағы оқу орындарында білім қуған қазақ студенттері жаздырып оқығаны туралы да деректер бар. Бұл басылымның ой-ықпалы қазақ даласымен ғана шектелмей, білім ордаларына дейін жеткенін аңғартады.
Зерттеушілер пікірі
Оксфорд университетіндегі Орталық Азияны зерттеу қоғамының тұжырымынша, қазақтың маңдайалды жетекшілерінің көбі «Қазақ» газетінің қызметкерлері қатарында болды. Олардың ішінде М. Жұмабайұлы, М. Дулатұлы, Х. Досмұхамедұлы, Е. Омарұлы, А.-Х. Жүндібайұлы, М. Тынышбайұлы және басқа да қайраткерлер аталады.
Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы және өзге авторлар қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялап, «Қазақ» газетінің ғылыми деңгейі жоғары болғаны атап өтіледі.