Сәбиге тілек

Сабақтың бағыты

Тақырыбы

Шілдехана және бесік той.

Мақсаты

Оқушыларды ара жігі ажыратылмайтын осы екі дәстүрмен таныстыру, олардың ырым-жоралғыларына мән беруге үйрету.

Дамытушылық

Тіл дамыту: қалжа, иткөйлек сөздерінің мәнін түсіндіру; шақалақ, періште, нәресте, сәби, бөбек — жас баланың атаулары екенін ұғындыру.

Тәрбиелік мәні

Тойдың тәлімін ашу: көпшіл болуға, кішіге қамқор болуға, үлкенді құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Сабақ тақырыбы жазылған материалдар, мақал-мәтелдер, мазмұнды суреттер, бесік, қуыршақ, магнитофон.

Неге дәстүрді білу маңызды?

Өскелең ұрпақ өз елінің тарихын, тілін, дінін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білуі тиіс. Қазақ халқының өмірімен біте қайнасып келе жатқан ырым-тыйым, рәсім, жоралғылар өте көп, ал олардың түп төркіні — ұрпақ тәрбиесінде.

Негізгі ой

Салт-дәстүр көбіне адам өміріне қатысты тойлар арқылы көрініс табады.

Тойдың мәні

Той — ізгілік пен жақсылықты жаңғыртып, жалғастыратын тәлімі мол мереке.

Қоғамдық әсері

Бірлікке, сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге, көпшіл болуға ұйытады.

Қазақта «Мал — баланың шашуы» деген сөз бар: сәби дүниеге келісімен-ақ қуаныш тойға ұласып жатады.

Сәби өміріндегі алғашқы тойлар

Адамның сәби шағында мынадай рәсімдер мен тойлар өткізіледі: шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндет той, атқа мінгізу, тоқым қағар, тілашар.

Сәбидің атаулары

Жас баланы шақалақ, періште, нәресте, сәби, бөбек деп атайды.

Шілдехана: қуаныш пен күзет

Шілдехана — жаңа туған нәрестенің құрметіне арналған қастерлі той. Бұл күні жастар жиналып, ойын-сауық ұйымдастырады: ән айтылады, домбыра тартылады, айтыс өтеді.

Шілдекүзет атауы қайдан шыққан?

Ертеде түнгі қараңғы мезгілді қатерлі деп ұғып, жас босанған ана мен сәбиді «жын-шайтаннан қорғау» ниетімен күзеткен. Сондықтан шілдехананы кейде шілдекүзет деп те атайды. Кей өңірде ол үш күнге дейін созылған.

Сүйінші және тілек

Сәби дүниеге келгенде, қасында болған абысындардың бірі немесе бала жүгіріп барып, ата-ана мен туыстарынан сүйінші сұрайды. Жиналған жұрт «Баланың бауы берік болсын!» деп ақ тілегін арнайды.

Ұл баланы тұспалдап «ат ұстар», «елін қорғар» десе, қыз баланы «шай құяр», «ару» деп сүйіншілеген.

Қалжа мен кіндік шеше

Сәбидің кіндігін кескен әйел кіндік шеше атанады. Ол кіндік баласына иткөйлек, ал жас босанған анаға қалжа әкеледі.

Қалжа деген не?

Арнайы сойылған мал қалжа деп аталады. Кейде үй иесі өзі ірі қой сояды, ал шамасы келмесе — жекжат-жамағат бірігіп әперген.

Ырым

Қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын тұтас тазалап, маңдайшаға іліп қояды. Бұл — «сәбидің мойыны тез қатайсын» деген ырым.

Қамқорлық мәдениеті

«Сәбиді сылау өсіреді» деген түсінікпен баланы қырқынан шыққанша қадағалап, күн сайын шомылдырып, күтім жасаған. Қайын сіңлілері мен қайын апалары ана мен жас сәбиді күтіп-баптауға көмектескен. Мұның бәрі адамдарды жақындастырып, өзара тілекші, қамқор етеді.

Бесік: киелі ұя

Бесік — қазақ халқының мәдени мұрасының бірі, нәрестеге арнап жасалған ағаш төсек әрі тәрбие құралы. Ол сәбиді желдің өтінен, жердің сызынан, салқынның қаһарынан, аптаптың ыстығынан қорғайтын киелі ұя саналады.

Ықшам

Аттың жалында, түйенің қомында өңгеріп алып жүруге қолайлы.

Тазалық пен денсаулық

Тазалық мекені, денсаулық қорғаны ретінде бағаланған.

Тербелмелі жайлылық

Тербетіп жұбатуға ыңғайлы, сәбиге тыныштық сыйлайды.

Бесіктің бөлшектері

Бөген, арқалық (белағаш), жақтау, сабау, шабақ, жорға, түбек, шүмек. Түбек — ішіне күл салынған киіз қалта.

Жұмбақ

Иесі оның — сәби,
Әрі төсек, әрі үй.

Жауабы: Бесік.

Бесік той және ат қою

Шілдеханадан кейін баланың ата-анасы бесік тойын жасайды. Егер сәби тұңғыш болса, бесікті көбіне нағашы жұрты сыйға тартады немесе «ұрпақ жалғаса берсін» деген ниетпен қадірлі, көп балалы аналардың бірі тарту етеді. Үйде бұрынғы бесік болса, сол бесік қайта қолданылады.

Кім бесікке салады?

Баланы бесікке жасы үлкен, елге сыйлы, көреген ана салады. Бұл — отбасы үшін үлкен қуаныш әрі құрмет.

Азан шақырып ат қою

Бесікке салу рәсімімен қатар сәбиге ат қою дәстүрі өтеді: молда шақырылып, азан шақырып, сәбидің құлағына кезекпен «сенің атың — ...» деп үш рет айтады. Ат қойған адам да сый-сияпатсыз қалмайды.

Бесікке салу: рәсімнің реті

  1. 1 Бесікті аластау.
  2. 2 «Тыштырма» жасау.
  3. 3 Бесік жабдықтарын салу.
  4. 4 Тіл-көз тимесін деп тұмар, үкі тағады. Шошымасын деп ер баланың жастығының астына бәкі, ал қыз бала көрікті болсын деп айна-тарақ қояды.
  5. 5 Сәбиді бөлеу.
  6. 6 Жабындысын жабу.
  7. 7 Ырым бойынша киім санын жетіге жеткізеді: халықшыл болсын деп тон, жасы ұзақ болсын деп шапан, сыйлап өссін деп ата-әжесі мен ата-анасының киімдерінің бірін жабады; ат жалын тартып мінсін деп қамшы, ұйқысы көп болсын деп қапшық іледі.

Кей жерде «бесікті ат қып шабу» ырымы да жасалады. Бесікке салған адам да сыйақысыз қалмайды.

Бесікке қатысты ырым-тыйымдар

  • Құр бесікті тербетпе.
  • Бесікті ашық қалдырма.
  • Сатып алсаң, саудаласпа.
  • Өз балаңа бесік жасама.
  • Бесік сыйлағанды елеусіз қалдырма.
  • Пайдаланбасаң, бесікті жоғары қойып, таза сақта.

Сәбиге арнау, тілек және бата

Сәбиге тілек

Тамсантқан ұрпақ, аңсатқан ұрпақ,
Уілдеп ән сап бесікте.
Періште қолын созады көкке —
Кіршіксіз таза несіпке.

Періште қолы адал болсын, тағдыр
Тілегін дәйім бере гөр.
Бесікке қарай келетін бақыт,
Адаса көрме, кешікпе.

Тыныштықпен бірге тыныш заманды
Тілеймін күнде ұрпаққа.
Күнәсіз сәби, күле бер сен де,
Талпынып күнге құндақта.

Немере өсіп, шөбере өсіп,
Азамат болып, жігіт боп,
Атадан қалған байтақ қоныста
Жетеміз биік мұратқа.

Ақ бата

Анасының аяулы,
Жарып шыққан кемерін,
Қадам басып өмірге,
Жас шыбықтай бүр жарып,
Жаңа жайған желегін.

Торсық шеке, ақ маңдай,
Өсе берсін бөбегің.
Өмірі ұзақ болсын деп,
Көңілі нұрға толсын деп,
Ақ батамды беремін.

Азамат боп ер жетсін,
Қиын кезде жолдастан
Аямайтын көмегін.

Бесік жыры және тәрбиенің бастауы

«Бала тәрбиесі бесіктен басталады» деген ұғым қазақтың өмірлік қағидасына айналған. «Тәрбие басы — тал бесік» деуі де содан. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген өсиеті — ұрпақ тәрбиесіне арналған терең тұжырым.

Өнер мен сөздің орны

Бесік жыры — ананың мейірімі мен үмітін жеткізетін рухани мұра. Тойдың сәні — ән мен жыр, көркем сөз, ортақ қуаныш.