Айта бергім келеді, айта бергім

Қазақтың бағы да, байлығы да – Тәуелсіздік!

Бұл тәрбие сағаты Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке жету жолындағы айшықты кезеңдеріне шолу жасап, мәнін түсіндіруге арналған. Мақсат — оқушылардың ойлау қабілеті мен сөйлеу мәдениетін дамыту, елін сүйетін ұлтжанды азамат тәрбиелеу.

Көрнекілік: суреттер Презентация Ұлағатты сөздер

Тәрбие сағатының барысы

1-жүргізуші: Тұртқараева Айдана

Кіріспе өлең

Қазақстан — көк байрақты нұр едің, Сен дегенде лүпілдейді жүрегім. Өзің менің қуанышым, бақытым, Өзің менің мақтанышым, тірегім. Қыран құсым көк аспанда самғасын, Желбіресін көк байрағың сан ғасыр. Жас ұландар, берік ұста туыңды, Жарқыратып туған елдің таңбасын!

Әнұран орындалады.

2-жүргізуші: Орынбасар Ахмет

Құттықтау сөзі

Құрметті ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар және бүгінгі кешке қатысушы қонақтар! 16 желтоқсан — Қазақстанның тәуелсіздік алған күні. «Қазақтың бағы да, байлығы да – Тәуелсіздік!» атты кешімізге қош келдіңіздер!

Тәуелсіздіктің мәні

Тәуелсіздік — егемен еліміздің ең биік тұғыры. Азаттық туы көкте желбіреп, бостандық қыраны көгімізде еркін самғауы үшін халқымыз талай ғасыр сынақтан өтті. Батырлығымыз, жігеріміз және рухымыздың биіктігі арқасында аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік.

Биыл тәуелсіздігіміздің арайлап атқан таңына 22 жыл. Осы жылдар ішінде саяси жүйесі тұрақты, экономикасы дамыған, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекетке айналдық.

Тәуелсіздік арқылы мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз, дініміз, тіліміз қайта жаңғырды. Әнұранымыз, Туымыз, Елтаңбамыз және төл теңгеміз қабылданды. Бірлігіміз бен бейбітшілігіміздің негізі болған Конституциялық заң бекітіліп, айбарлы әскеріміз құрылды.

Көптеген елдермен экономикалық қарым-қатынас орната отырып, әлемге қайтпас қайсар қазақ халқы бар екенін таныттық. Ендігі мақсат — бәсекеге қабілетті дамыған елу елдің қатарына ену.

Оқушылар оқыған өлең жолдары

Үзінділер
1-оқушы: Атығаева Асем

Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн тірілген.

2-оқушы: Үтегенов Алихан

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін, Қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мен мың да тірілдім мәңгі өлмеске, Айта бергім келеді, айта бергім.

3-оқушы: Имаш Ділназ

Мен қазақпын қаныммен, сүйегіммен, Сән-салтанат, салтымды сүйемін мен. Бақ орнатам басына моланың да, Мұрагермін оған да, иемін мен.

4-оқушы: Мұстафаев Нұрлыбек

Тағдыр мені мұрастан айырмасын, Тоқтатпасын, тоздырып сарғайтпасын. Ұзын болып аяққа оралмасын, Тұсау болып адымды тарылтпасын.

Экраннан презентация көрсетіліп тұрады. Баяу ән ойнап тұрады.

Тәуелсіздік жылнамасы

1991–1995
  1. 1991 Ел тарихындағы бетбұрыс

    Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды. Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.

  2. 1992 Рәміздер қабылданды

    Қазақстан Республикасының ішкі әскері құрылды. 4 маусымда мемлекеттік рәміздер қабылданды.

  3. 1993 Ұлттық валюта

    Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы 15 қарашада айналымға енгізілді.

  4. 1994 Ғарыштағы жетістік

    Наурыз айында тәуелсіз Қазақстанның ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты.

  5. 1995 Ата Заң

    30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды.

Өткізілген орны мен ұйымдастыру

Өткізілген орны
Қостанай қаласы, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты
Өткізген
Сайпилова А. С.