Жасушаның тіршілігіне қажетті заттар

Ақмола облысы, Ерейментау ауданы

«Малтабар орта мектебі» КММ — биология пәнінің мұғалімі Мукашева Айнұр Жақияқызы

Сабақ тақырыбы

Өсімдік жасушасы

Сабақтың мақсаты

  1. Жасушаның тіршіліктің ең кіші құрылымдық бірлігі екенін түсіндіріп, оның құрылымымен таныстыру.
  2. Оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру, білімін жетілдіру.
  3. Еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке және қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ, зертханалық жұмыс.

Әдісі

Көрнекілік әдісі.

Құрал-жабдықтар

  • Микроскоп
  • Өсімдік жасушасының құрылысы бейнеленген плакат
  • Интерактивті тақта
  • Лупа
  • Заттық шыны, жабын әйнек
  • Қабығы аршылған пияз
  • Сапты ине

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сыныпты сабаққа дайындау, құралдарды қауіпсіз әрі дұрыс қолдану ережелерін еске түсіру.

2) Үй тапсырмасын тексеру: Ұлғайтқыш құралдар

Сұрақтар

  1. Өте ұсақ, көзге көрінбейтін тіршілік иелерін немесе жасушаны қарау үшін қандай ұлғайтқыш құралдарды қолданамыз?
  2. Өткен сабақта микроскоптың қай түрінің құрылысымен таныстық?
  3. Жарық микроскопының құрылысын атап шығыңдар (алдарыңдағы микроскопқа қарап).
  4. Затты неше есе үлкейтетінін қалай анықтаймыз?
  5. Препаратты қалай дайындаймыз?

Тәжірибелік тапсырмалар

  1. Берілген құралдарды пайдаланып препарат дайындаңдар (заттық шыны, жабын әйнек, пипетка, су, сапты ине, өсімдік үлгісі).
  2. Дайын препаратты микроскопқа орналастырыңдар.
  3. Препаратты бақылап, қандай өзгерістер мен құрылымдарды байқағандарыңды айтыңдар.

3) Жаңа тақырып: Өсімдік жасушасының құрылысы

Бүгін біз микропрепараттан көріп отырған жасушаның құрылымымен танысамыз. Интерактивті тақтадағы өсімдік жасушасының суретіне назар аударыңдар: жасуша өте кішкентай болғанымен, оның құрылымы күрделі.

Жасуша қабықшасы

Жасушаның сыртқы бөлігі жасуша қабықшасы деп аталады. Ол тығыз, қалың әрі берік; ыстық суда және кейбір қосылыстарда ерімейді. Қабықша жасунықтан тұрады.

Қабықшаның өте жұқа жерлері саңылау деп аталады. Саңылау арқылы зат алмасу жүреді. Қабықша ішкі құрылымдарды зақымданудан қорғап, жасушаға беріктік береді.

Цитоплазма

Жасуша ішіндегі қоймалжың зат цитоплазма деп аталады. Оның ішінде әртүрлі қызмет атқаратын органоидтар орналасады: ядро, пластидтер, вакуоль және т.б.

Ядро

Ең маңызды органоидтардың бірі — ядро. Ол жасушаның көбеюіне қатысады. Сыртын екі қабатты қабықша қаптайды.

Ядро қабықшасында да саңылаулар болады, яғни цитоплазма мен ядро арасында зат алмасу үздіксіз жүріп тұрады.

Пластидтер

Өсімдік жасушасындағы пластидтердің үш түрі бар: хлоропласт, хромопласт, лейкопласт.

  • Хлоропласт — өсімдікке жасыл түс береді; құрамында хлорофилл бар. Органикалық заттардың түзілуіне қатысады.
  • Хромопласт — гүл күлтелеріне, күзгі жапырақтарға, піскен жемістерге, жемтамырларға қызыл және сары түстер береді.
  • Лейкопласт — түссіз, ұсақ пластидтер; көбіне тұқымда, тамырда, түйнекте кездеседі.

Вакуоль

Вакуоль — жасуша ішіндегі қысымды реттеуге қатысатын органоид. Қысым өзгерсе, өсімдік солып қалуы мүмкін. Вакуольдің іші жасуша шырынына толы болады.

4) Практикалық жұмыс: бақылау және салыстыру

Микроскоптан көріп отырған препаратты интерактивті тақтадағы суретпен салыстырып, дәптерге жасушаның сызбасын түсіріңдер. Негізгі бөліктерін белгілеңдер: қабықша, цитоплазма, ядро, вакуоль, пластидтер.

5) Биологиялық диктант

  1. Жасуша __________ жасушаның сыртын қаптайды.
  2. Қабықшаның жұқарған жерін __________ деп атайды.
  3. Жасушаның тіршілігіне қажетті заттар __________ орналасады.
  4. __________ көбеюге қатысады.
  5. Құрамындағы бояғыш заттардың түсіне қарай пластидтер __________, __________ және __________ болып бөлінеді.
  6. Жасуша ішіндегі қысымды реттеуге қатысатын органоид — __________.

6) Терминдер сөздігі

Жаңа терминдерді сөздік дәптерге жазып қойыңдар:

  • Жасуша қабықшасы
  • Цитоплазма
  • Ядро
  • Пластид
  • Хромопласт
  • Хлоропласт
  • Лейкопласт
  • Вакуоль

7) Үй тапсырмасы

  • Мәтінді оқып келу.
  • Кесте толтыру: жасушаның құрылысы және атқаратын қызметі.