Маңғыстау туған өлкем

Сабақтың тақырыбы

Маңғыстау — туған өлкем!

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға туған өлкенің мұнай мен газдан бөлек те қазба байлықтарға ғана емес, осы өңірде өмір сүрген Кіші жүз қазақтарының тарихына да бай екенін ұғындыру. Отансүйгіштікке тәрбиелеу және өлке тарихына қызығушылықты арттыру.

Көрнекіліктер

  • Буклеттер
  • Кітаптар көрмесі
  • Слайд-презентация

Сабақтың барысы

Кіріспе жыр

Пай! Пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүбірлеп өткен жер!

Тұлпарлар дүбірлеп өткен жер!

Ғашықтар бірін-бірі өпкен жер!

Сарылып сал-серілер кеткен жер!

Бас иіп, иіскеп топырағына,

Тағзым етпей өтпеңдер — Маңғыстау…

Бұл атауды естігенде, соңғы жылдары көп адамның ойына мұнай мен газ кен орындары ғана келеді. Алайда бұл ежелгі мекен тек пайдалы қазбаларға ғана емес, осы аумақта өмір сүрген Кіші жүз қазақтарының бай тарихына да тұнып тұр.

Бүгінгі «Маңғыстау — туған мекенім!» атты тәрбие сағатында Маңғыстаудың еркін даласы мен аптапты жартылай шөлі, ежелгі таулары мен ойпаттары, сорлары мен әсем борлы жартастары, сондай-ақ тарихи ескерткіштері мен аңызға толы әлемі туралы сөз қозғаймыз.

Оқушылардың өлең-жырлары

Таңшолпан

«Пірі — Бекет, жырым — зекет»

Сабыр Адай

Қайран елдің қабағында мұңы бар,

Перзент керек жан жарасын жазатын.

Ей, қарағым, бұл сөзімді ұғып ал:

Онсыз енді күнің — тозақ, аза түн.

Ай тербеген аспан еді — бесігім,

Іңгәлаған ұлтым қайда, ұланым!

Құлағымнан кетпей қойды есіл үн,

Бұрынғыдан сәл өзгерек бұл әнім.

Әліби

Жылап айтсам, көз жасыма тұншығып,

Өртер ме екен өзегіңді жалыным?

Қауыз жарды өлең атты бүр шыбық,

Самал желмен сар даланың зарымын.

Раушан

Пірім — Бекет, жырым — зекет тараттым,

Жүрегіңде орын бар ма, мөлдірім?

Жыр астарын жатыр дейсің, қарап кім?

Бекіреден жұлдыз шашып, өлді күн.

Майгүл

Бекет қолдап, әулиелер дем бермей,

Біздің ұрпақ қайран қылып жарытпас.

Жерден — Мәді, көктен — Айса келгендей,

Сордан құтқар… Сорлы елді алып қаш!

Назерке

Жаным, Бекет, не айтайын, Пір Бабам!

Қолтығымнан өзің деме, намыс бер!

Ұлы көште ұлт бақытын ұрлаған,

Сол қарақшы, қалтаманшыл Таныс Төр!…

Тәрбиешінің түсіндірмесі: Бекет ата

Төрт мешіт

Бекет атаның мешіттерінің саны — төртеу:

  1. 1 Оғландыда
  2. 2 Ескі Бейнеуде
  3. 3 Жем өзені бойындағы Ақмешітте
  4. 4 Арал теңізі жағасындағы Баялыда

Өмірбаяннан дерек

Бекет Мырзағұлұлы — Маңғыстау, Үстірт және Атырау өңірін мекендеген адай руынан шыққан. Туған жері — қазіргі Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылы.

Жас кезінде қолына қару алып, көршілес қалмақ және түрікмен тайпаларымен шайқасып, елдің егемендігін қорғаған. Ерлігімен танылып, халық арасында «Ер Бекет» атанған.

Бекет ата Қарақия ауданы, Оғланды жеріндегі жерасты мешітінде жерленген.

Көрініс

Бекет ата

Отпан тау: тарихи-мәдени кешен

Мейіржанның мәліметі

Отпан тау — тарихи-мәдени кешен, кесене. 2007 жылғы 25 қазанда ашылған. Кешеннің құрылысы Сабыр Адайдың бастамасымен 2004 жылы қолға алынған.

Әулиелі кешен жобасына байқау жарияланып, бірнеше үміткер қатысқан. Сарапшылар ұйғарымымен К. Демесіновтың жобасы таңдалып, Отпан таудың басына 12 құлпытас орнатылып, олардың ортасынан қос күмбез көтерілген; күмбез алтынмен апталған.

Үш құлпытастың ортасындағысының қас бетіне алтын әріппен «АДАЙ АТА» деп жазылған.

Еркебұлан оқыған үзінді

Отпан — Сабыр Адаев

Қадіріңді Хақ білер,

Халалдан болған ақ білер,

Ақ білмесе, жат білер.

Қаратауда қалың ел

Ұрандап алау жақты дер.

Адай деген бір сөзге

Алтынан күмбез салдырып,

Арулап белгі қалдырып,

Аспанға моншақ тақты дер.

Бала тілек — бал қылық,

Баба тірек — арлы үміт.

Көк төрінен нұр ұрттап,

Көкбөрісін ұлықтап,

Қыранша қанат қақты дер.

Батасы бірге Алашты,

Атасы бірге Алшынды

Отпан таудың басында,

Адайдың ұлы асында,

Ордалы жұрт күтті дер.