Бунақденелілердің дамуы
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Пән / Сынып
Биология, 7-сынып
Сабақ тақырыбы
Бунақденелілердің дамуы
Сабақ типі
Жаңа сабақты меңгерту
Сабақ түрі
Дәстүрлі сабақ
Сабақтың мақсаттары
Білімдік
Бунақденелілердің сан алуандығын, тіршілік ету ортасын және дамуын түсіндіру.
Дамытушылық
Оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру, өзін-өзі дамытуға жетелеу, ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік
Тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу және табиғатқа сүйіспеншілікті күшейту.
Әдістер
- Талдау
- Сипаттау
- Түсіндірмелі әдіс
- Сұрақ-жауап
- Репродуктивті жұмыс
Көрнекіліктер мен құралдар
- Графопроектор
- Плакаттар
- Кеспе қағаздар
- Слайдтар
- Телевизор
Пәнаралық байланыс: сурет.
Сабақтың құрылымы
- I. Ұйымдастыру кезеңі
- II. Үй тапсырмасын сұрау
- III. Өткен сабақты қорыту
- IV. Жаңа сабақты түсіндіру
- V. Жаңа сабақты бекіту
- VI. Жаңа сабақты қорыту
- VII. Үйге тапсырма беру
- VIII. Оқушылар білімін бағалау
Ұйымдастыру және үй тапсырмасы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды түгелдеп, олардың назарын сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын сұрау
- Көпжасушалы жануарлардың көбеюі тақырыбын оқып келу.
- Тақырыпшаларды сурет арқылы түйіндеу.
Өткен сабақты қайталау сұрақтары
Тақырыпты бекітуге арналған сұрақтар:
- 1. Көбею дегеніміз не?
- 2. Көбеюдің қандай жолдары бар?
- 3. Жыныссыз көбею дегеніміз не?
- 4. Гидраның бүршіктену арқылы көбеюі неліктен жыныссыз көбеюге жатады?
- 5. Шұбалшаңды неліктен гермафродит дейді?
- 6. Тілде деген не?
- 7. Өрмекшінің көбеюінде шұбалшаңнан айырмашылық бар ма? Қандай?
- 8. Шұбалшаңның жынысты көбеюі қалай жүреді?
- 9. Ұрықтану қайда жүреді?
- 10. Көбеюдің биологиялық мәні мен маңызы қандай?
Жаңа тақырып: бунақденелілердің дамуы
Бунақденелілер туралы жалпы түсінік
Бунақденелілер — буынаяқтылардың ең ірі класы. Құрылысы жақсы жетілген, тіршілік ету ортасының алуан түрлі жағдайларына (жерде, ауада, суда) бейімделген. Жер бетінде 1 миллионнан астам түрі белгілі.
Көптеген бунақденелілердің дернәсілдері (мысалы, жұлдызқұрттар) дене құрылысы жағынан құрт тәрізді ата-тектеріне ұқсас келеді: денесі буылтық, ауыз мүшесі кеміруге бейім, құрсағында 5 жұп жалғанаяқ болады. Бұған орамжапырақ ақ көбелегінің дернәсілі мысал бола алады.
Негізгі ұғым
Ересек бунақдененің қалыптасқан кезеңі имаго деп аталады.
Даму түрлері: шала түрленіп даму және толық түрленіп даму.
Көбелек мысалы: дернәсіл мен имаго айырмашылығы
Ересек көбелек (имаго)
- Үш жұп жүретін аяғы болады.
- Ауыз мүшесі — түтік тәрізді, ұзын, иірілген тұмсықша.
- Тұмсықшасымен гүл шырынын сорады.
Дернәсіл (жұлдызқұрт)
- Ауыз мүшесі жапырақты кеміруге және үгітуге бейімделген.
- Құрсағында 5 жұп жалғанаяқ болады.
- Өсімдік жапырақтарымен қоректеніп, тез өседі және бірнеше рет түлейді.
Дамудың екі жолы
Шала түрленіп даму
Жұмыртқадан ересекке ұқсас дернәсіл шығады. Дернәсіл бірнеше рет түлейді де, қуыршақ сатысынан өтпей-ақ ересекке айналады. Даму 3 сатыдан тұрады.
Мысал: шекшек, шегіртке.
Толық түрленіп даму
Жұмыртқадан имагоға мүлдем ұқсамайтын құрт тәрізді дернәсіл шығады. Белгілі бір жасқа жеткен соң дернәсіл қозғалысын тоқтатып, қоректенбейтін күйге ауысып, қуыршаққа айналады. Қуыршақ ішінде терең өзгерістер жүріп, ересек жәндіктің мүшелері қалыптасады. Соңында қуыршақ жабыны жарылып, одан имаго шығады.
Даму 4 сатыдан тұрады.
Жұмыртқалау орны мен даму мерзімінің әртүрлілігі
Бунақденелілердің түріне қарай жұмыртқа салу мерзімі, орны және даму ұзақтығы әртүрлі болады:
Зауза қоңыз
Жұмыртқасын топыраққа салады.
Дернәсілінің дамуы: шамамен 4 жыл.
Шыбын
Жұмыртқасын ластанған жерлерге салады.
Дернәсілінің дамуы: бірнеше тәулік.
Көбелектер
Жұмыртқасын өсімдік жапырағына, ағаш жемісіне және басқа да беттерге салады.
Түрленіп дамудың маңызы
Қорек пен мекеннің бөлінуі
Дернәсіл ересек жәндікпен бірдей қорекке таласпайды және көбіне тіршілік ететін орны да бөлек болады. Мысалы, зауза немесе картоп қоңызының дернәсілдері топырақта өсімдік тамырын және жер асты бөліктерін жейді, ал ересек қоңыздар жапырақпен қоректенеді.
Қолайсыз жағдайдан аман қалу
Дамудың әр сатысы сыртқы орта әсеріне әрқалай төзімді болуы мүмкін. Мысалы, көктемде жапырақ жайған кезде зиянкестерге қарсы химикат қолданылса, жер бетінде жүрген ересек жәндіктер қырылады, ал топырақта жатқан дернәсілдер немесе қуыршақ сатысындағы даралар аман қалуы ықтимал. Сондықтан түрленіп даму — бунақденелілерді жойылып кетуден сақтайтын бейімделудің маңызды түрі.
Жаңа сабақты бекіту: топтық тапсырмалар
«Суреттеу тесті»
Оқушыларға суреттер таратылады. Тапсырма: суреттерге қарап, дамудың қай түріне жататынын анықтау және сатыларын дұрыс ретімен орналастыру.
1-топ: «Көбелек»
Толық және шала түрленіп дамитын бунақденелілерді ажыратып, дұрыс орналастыр.
2-топ: «Бал ара»
Шала түрленіп дамитын бунақденелілерді сипатта.
3-топ: «Дәуіт»
Толық түрленіп дамитын бунақденелілерді сипатта.
Қорытындылау: блиц-турнир сұрақтары
I-топ
- Бунақденелілердің дамуы неше сатыдан тұрады?
- Көбелектің дернәсілі қалай аталады?
- Көбелек дернәсілінің құрсағында неше жұп жалғанаяқ болады?
- Дернәсіл қай кезеңде қозғалыссыз қалады?
II-топ
- Қуыршақтың денесі немен қапталған?
- Көбелек жұмыртқасын қай жерлерге салады?
- Қыстап шыққан қуыршақтан көктемде бірден не пайда болады?
III-топ
- Шыбындар қандай жерлерге жұмыртқалайды?
- Шегіртке қалай түрленіп дамиды?
- Дернәсілдің құрсағында неше жұп жалғанаяқ болады?
- Зауза қоңыз жұмыртқасын қай жерге салады?
Үй тапсырмасы және бағалау
Үйге тапсырма
- «Бунақденелілердің дамуы» тақырыбын оқу.
- «Менің сүйікті бунақденем» тақырыбында хабарлама жазу.
- Сөзжұмбақ құрастыру.
Бағалау
Оқушылардың сабақ барысындағы жауаптары, топтық жұмысқа қатысуы және тапсырмаларды орындау сапасы негізінде бағаланады.
Негізгі назар: ұғымдарды дұрыс қолдану, даму сатыларын ажырату, мысалдармен дәлелдеу.