Қысқы ағаштардың суретін салдық
Алматы облысы, Райымбек ауданы, «Балбөбек» бөбекжай-балалар бақшасы
Тәрбиеші: Салықбаева Советхан Есімқызы
Мақсаты
Балалардың саусақ ұшымен, бастырма әдісімен, қылқаламмен және бүктеу тәсілі арқылы сурет салу дағдыларын жетілдіру; бояумен жұмыс істеуге жаттықтыру.
Ағаш бейнесін қағаз бетіне дұрыс орналастырып, дәл бейнелеу дағдыларын қалыптастыру.
Табиғатты сүюге, оны аялап, қорғауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер мен материалдар
Көрнекіліктер
- Қыс мезгіліндегі ағаштар мен табиғат көріністері.
- Әртүрлі ағаштардың суреттері.
Керекті материалдар
- Ақ қағаз, бояу, қылқалам.
- Сүрткіш, тұғыр, су құятын ыдыс, су.
Әдіс-тәсілдер және сөздік жұмыс
Әдіс-тәсілдер
- Үлгі суреттерді талдау, ағаш құрылысының ерекшеліктеріне мән беру.
- Бұтақтарының орналасуын түсіндіру, ағашты салу жолын көрсете отырып үйрету.
- Қылқаламмен сызба жүргізудің негізгі тәсілдерін көрсету.
Сөздік жұмыс
Сабақ барысы
Тақырыпқа кіріспе (жұмбақ арқылы)
Аяз қысып, өрнек сызып,
Терезені торлайды.
Кейде ұлып, кейде ысқырып,
Ұйтқып боран соғады.
Айтыңдаршы, балалар, бұл қай кезде болады?
Сұрақ-жауап
- Бұл қай кезде болады?
- Қыста.
- Қыс айлары
- Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
- Табиғаттағы өзгерістер
- Күн суытады, аяз қысады, боран соғады, қар жауады. Жер бетін аппақ қар басады, ағаштар да қар жамылады.
Құстар туралы әңгіме
Құстардың көбі жылы жаққа ұшады, өйткені қыс мезгілінде қорек табу қиындайды. Сондықтан қыстап қалатын құстарға қамқорлық жасау маңызды.
Бақылау және түсіндіру
Бүгінгі сурет сабағында қысқы ағаштардың түрлерін салып үйренеміз. Балалар білетін ағаштар: шырша, аққайың, тал, терек, жеміс ағаштары.
Ағаш құрылысының негізгі белгілері
- Діңі төменгі жағы жуан, жоғары қарай жіңішкереді; түсі көбіне қоңыр.
- Бұтақтары әртүрлі орналасады: шыршада — діңіне көлбеу, тал мен теректе — жоғары қарай.
- Шырша қысы-жазы жасыл, қылқан жапырақты.
Мұғалім үлгі суреттерді талдай отырып, қылқаламмен сызық жүргізу жолдарын көрсетеді және балаларға ағашты қағаздың ортасына дұрыс орналастыруды ескертеді.
Топтық жұмыс
Балалар 3 топқа бөлініп, әрқайсысы қысқы ағашты әртүрлі әдіспен салады. Мақсат — бір тақырыпты бірнеше техникамен орындап көру арқылы қол икемін дамыту.
І топ: Саусақ ұшымен сурет салу
Қарағаш бейнесін саусақ ұшымен нүктелеу және бастырмалау арқылы орындау.
Негізгі назар: бояуды мөлшермен алу, қар жамылған әсерді жұмсақ нүктелермен беру.
ІІ топ: Бастырма әдісі
Шыршаны бастырма тәсілімен бейнелеу, қылқан жапырақ құрылымын көрсету.
Негізгі назар: бұтақтардың көлбеу орналасуын дәл беру, шыршаның пішінін сақтап салу.
ІІІ топ: Қылқалам және бүктеу тәсілі
Қылқаламмен ағаш діңі мен негізгі бұтақтарды салып, бүктеу тәсілі арқылы өрнекті із түсіру арқылы толықтыру.
Мұғалімнің қолдауы
Балалардың суретті қағаздың дәл ортасына орналастыруын бақылау, қажет жерінде бағыт-бағдар беру.
Нәтиже
Әр техника қыс көрінісін әр қырынан ашады: қардың жұмсақтығы, бұтақ құрылымы және ағаштың силуэті айқынырақ көрінеді.
Поэзия, жұмбақ, мақал және сергіту сәті
Қыс туралы тақпақтар
1-бала
Ақпан, ақпан — қыс әлі,
Ақ түтек аяз қысады.
Арылмай жатыр даладан,
Ақсақал қыстың құшағы.
2-бала
Ақпан, ақпан — қыс әлі,
Келеді қашан құс әні.
Қарлығаш, тырна, бозторғай,
Қалықтап қашан ұшады.
Жұмбақтар
Жұмбақ
Жапалақтап жауады,
Жердің бетін жабады.
Бұл не аппақ матадай?
Қанеки, кім табады?
Жауабы: Қар
-
1) Қанттай аппақ, мамықтай жұмсақ.
Жауабы: Қар
-
2) Суға батпайды, отқа жанбайды.
Жауабы: Мұз
-
3) Тікен-тікен тік пісте, қысы-жазы бір түсте.
Жауабы: Шырша
Мақал-мәтел
Бір тал кессең — он тал ек.
Сергіту жаттығуы
Қонақтады бақтарға,
Ақ көбелек ақ қанат.
Аунап таза ақ қарға,
Балалар жүр шаттанып.
Қорытынды және тәрбиелік мәні
Жұмыстар көрмесі
Дайын суреттерді іліп, «қысқы орман» көрінісін құрастырамыз. Ең сәтті жұмыстарды атап, нәтижеге талдау жасап, балаларды мадақтаймыз.
Табиғатты қорғау туралы ой
Ағаш — пайдалы: ауаны тазартады, желден, бораннан, күннен қорғайды, жаңбырлы күні сая болады.
Ағашты сындыруға, жапырағын жұлуға болмайды.
Ауылымызды көркейту үшін көктемде тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай 20 түп ағаш егуге үндейміз.
Сабақтың қорытынды сұрағы
Бүгін сурет сабағында ненің суретін салдық? Қысқы ағаштардың суретін салдық.