Туған жерді қадірлей білу, бағалауға үйрету

Тәрбие сағаты

Тақырыбы: «Отаным — Қазақстан!»

Мақсаты (білімділік)

  • Оқушыларға Қазақстан Республикасының рәміздері, Конституциясы және тарихы туралы мағлұмат беру.
  • Ақыл-нақыл, шешен сөздер және туған жер туралы өлеңдер үйрету.

Мақсаты (тәрбиелік)

  • Оқушыларды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу.
  • Туған жерді қадірлеуге, бағалай білуге үйрету.

Мақсаты (дамытушылық)

  • Отан, туған жер туралы ой-өрісті дамыту.
  • Өзіндік көзқарасы бар тұлға қалыптастыру.
  • Оқушыны сахна мәдениетіне баулу.

Көрнекіліктер

Плакаттар, мемлекеттік рәміздер суреттері, буклеттер, кітаптар, интерактивті тақта.

Сабақтың барысы

Әнұран: «Менің Қазақстаным»

Сөзі
Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев
Әні
Ш. Қалдаяқов
Орындайды
Хор

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Жүргізуші: Қайырлы күн, қадірменді ұстаздар, оқушылар, кеш қонақтары! 6-сынып ұйымдастырып отырған «Отаным — Қазақстан!» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

Өлең жолдары

Қазақстан — ұлан-байтақ кең далам,
Қазақстан — өзіңе арнап ән салам.
Қазақстан — ортақ біздің үйіміз,
Отаным деп бар әлемге жар салам.

1991 жылдың 16 желтоқсаны — еліміз үшін ерекше күн. Дәл осы күні қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет екенін әлемге жария етті.

1992 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді: Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл рәміздер халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған еркіндік пен тәуелсіздікке қол жеткізгенін білдіреді.

Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Тағдырдың талай сынағынан өткен елімізде бүгінде әртүрлі ұлт өкілдері бірлік пен келісімде, тыныш әрі бейбіт өмір сүріп келеді.

Музыка ойнатылады.

Ұлт өкілдерінің құттықтауы

Қазақ

Қазақпыз біз туын биік көтерген,
Туын әсем қыран бүркіт көмкерген.
Құтты болсын мерекеміз бүгінгі,
Жарқын далам, құлпыра бер күнбе-күн!

Шашу шашылады.

Орыс

Армысыздар, туған жерім, Отаным,
Орыс деген ұлтыңыздың бірімін.
Қазақстан елінде өмір сүріп,
Достық пен бейбітшілікті ұраным қыламын.

Өзбек

Қош келдіңіз, өнер сүйер халайық,
Жарқын жүзбен сіздерді қарсы алайық.
Өзбек халқы атынан құттықтаймын,
Мерекеміз құтты болсын, ағайын!

Кәріс

Кәріс ұлтым, Қазақстан — Отаным,
Қазақстан жерінде мен тұрамын.
Құтты болсын Тәуелсіздік күні деп,
Өздеріңізге арналады жыр-әнім.

Жүргізуші: Бір шаңырақта табысқан, дос-бауыр көп, туысқан. Отан — ортақ үйіміз, көңілді ән мен күйіміз. Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол — Қазақстан!

Ән: «Атамекен»

Орындайтын: хор

Оқушылардың өлеңдері

1-оқушы

Менің елім — Қазақстан,
Күллі әлемге танылған.
Желбіреген көк туым бар,
Қыран бүркіт самғаған.
Батыр ата-бабаларым
Елін жаудан қорғаған.
Қазақстан Республикам —
Отаным деп мақтанам!

2-оқушы

Қазақ елі, қазақ жері —
Дархан, таза халық қой.
Бүгін міне болып жатыр
Елімізде алып той.
Жайнай берсін елім менің,
Қазақстан — бай далам.
Татулық пен бейбітшілік
Орнаған сай-салам.

3-оқушы

Тауды көрсең күн көзімен таласқан,
Аспан көрсең ай мен күнге жол ашқан.
Менің байтақ республикам таулары —
Менің көгім, мөлдіреген сол аспан.

4-оқушы

Дала көрсең көкжиекпен ұштасқан,
Көлді көрсең секілді бір түскі аспан.
Менің байтақ республикам даласы —
Менің көлім теңізбен қол ұштасқан.

5-оқушы

Қызыл бұлттай қырдың гүлін көресің,
Алатаудың ашық күнін көресің.
Жерінде гүл, көгінде күн қатар жүзген —
Ұлан-байтақ Республикам, бұл — менің!

Ән: «Отаным — Қазақстан»

Музыкалық үзіліс

Көрініс: «Туған жердің қадірі»

Сахнада балалар ойнап жүреді. Қария келеді.

Балалар: Ассалаумағалейкүм, ата!

Балалар: Ата, қайдан келесіз?

Қария: Ой, балаларым, амансыңдар ма. Мен туған жеріме келе жатырмын.

Бала: Туған жер деген не, ата?

Қария: «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дейді. Туған жер — кіндік қаның тамған, туып-өскен жерің. Қаншама көрікті, әсем болса да өзге өлке оның орнын баса алмайды. Оның суы да, ауасы да бөлек. Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.

Бала: Өзіңіз тұрған жерде неге өмір сүре бермедіңіз? Сонша шаршап-шалдығып келесіз.

Бір бала су ұсынады.

Қария: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген. Осы жерде тудым — туған жеріме келіп көз жұмайын.

Бала: Ой, ата, сіз әлі де 100 жасайсыз. Жүріңіз, біздің үйге қонақ болып кетіңіз.

Ән: «Қазақстан»

Музыкалық қойылым

Отан туралы жалғастырушы өлеңдер

6-оқушы

Гүлге толы кең жазық,
Күйге толы жота-құм.
Жан тербеген нәзік жел —
Қазақстан — Отаным!
Алтын шашқан сияқты
Жер бетіне нұр таңым.
Бар адамға шуақты —
Осы менің Отаным!

7-оқушы

Отан — сенің ата-анаң,
Отан — досың, бауырың.
Отан — өлкең, астанаң,
Отан — аудан, ауылың.

8-оқушы

Бізді өсірер аялап —
Отан қамқор саябақ.
Отан — ортақ үйіміз,
Көңілді ән мен күйіміз.

9-оқушы

Бір шаңырақта табысқан —
Дос, бауыр көп, туысқан.
Қазақстан — Отаным,
Бәрімізді ұйыстырған.

Көрініс: Қазыбек би мен Қонтажы хан

Қалмақ ханы шай ішіп отырады. Қазыбек би (бала кезі) келеді.

Қазыбек: Ассалаумағалейкүм, хан! Рұқсат етіңіз.

Хан: Қалмақтың ханына сескенбей кіретін кімсің сен?

Қазыбек: Жаңа үйреткен жас тұлпар — жарысқалы келгенмін. Қазақ-қалмақ баласы — табысқалы келгенмін. Табысуға келмесең, тұрысатын жеріңді айт. Сен — қабылан, мен — арыстан, алысқалы келгенмін.

Қазыбек: Жас болсам да ел намысын бірдей көксеген қазақ баласымын. Атым — Қазыбек. Отан үшін отқа түссек те, туған жерімізді жатқа бермейміз. Сұрапыл соғыстың алдын алып, екі елдің арасына түбегейлі тыныштық орнатуға келдім.

Хан: Әй, Қазыбек! Байқауымша шешен екенсің. Айтшы: дүниеде не қымбат?

Қазыбек: Алтын ұяң — Отан қымбат, құт-берекең — атаң қымбат. Аймалайтын — анаң қымбат, мейірімді — апаң қымбат. Асқар тауың — әкең қымбат, туып-өскен — жерің қымбат.

Хан: «Ақылы көпті дау алмайды» деген. Жас болсаң да ақылың дариядай екен. Жарайды, келісімімді бердім.

Қазыбек: Бәрекелді, Қонтажы хан!

Қазыбек кеудесіне қолын қойып, шығып кетеді.

Поэзиялық бөлім

10-оқушы — М. Мақатаев «Үш бақытым» (үзінді)

Ең бірінші бақытым — халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса — мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.

Ал, екінші бақытым — тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші — Отан деген,
Кім мықты? десе біреу — Отан дер ем.
Отсыз жанған жүрек бар ма, ойланбай-ақ
Кел де, от ал менен!

11-оқушы

Әуелгі Отан — ана алды, оттың басы,
Ауыл алды, аунаған шөптің қасы.
Сағынғанда тым ыстық көрінеді
Жазда ойнаған үйшік қып сайдың тасы.

12-оқушы

Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен —
Биік тау, орман-тоғай, көлімізді.

13-оқушы

Отан дейміз кең-байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Жүргізуші: Енді сыныбымыз дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалаңыздар.

Концерттік бағдарлама

  1. 1

    Өзбек биі

    Орындайтын: Каришева Назерке

  2. 2

    Халық күйі: «Тепеңкөк»

    Орындайтын: ансамбль

  3. 3

    Би: «Қара жорға»

    Орындайтын: ер балалар тобы

  4. 4

    Ән: «Анаға сәлем»

    Орындайтын: қыздар тобы

  5. 5

    Би: «Жаңбыр биі»

    Орындайтын: Қариполла Жадыра

  6. 6

    Ән: «Қазақстан»

    Орындайтын: хор

Қорытынды

Жүргізуші: Осымен 6-сыныптың дайындаған тәрбие сағатымыз аяқталды. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!