Ару қыздар - 2017 байқауына қош келдіңіздер
Мақсаты
Бұл байқаудың басты мақсаты — қыз балаларды халқымыздың асыл қасиеттері: имандылық, инабаттылық, ізеттілік, ісмерлік сияқты құндылықтар негізінде тәрбиелеу, әр бойжеткеннің парасаты мен білімін тереңдетіп, әсемдік пен сұлулық әлемін түсінуге жетелеу. Сонымен қатар табиғат сыйлаған қабілеттерін ашуға қолдау көрсету.
Байқау кезеңдері
Әр кезең қатысушылардың білімін, өнерін, мәдениетін және талғамын жан-жақты танытуға бағытталған.
1) «Мен қазақтың қызымын» — таныстыру
Қатысушылар өздерін осы тіркеспен бастап, өлеңмен, әнмен немесе көркем сөзбен таныстырады.
2) «Қыз еркем — ісімен көркем» — ісмерлік
Әр қыз өз қолынан келетін қолөнерін көрсетіп, жасалу барысын қысқаша түсіндіреді.
3) «Қызды тәрбиелеген — ұлтты тәрбиелейді» — даналық сөздер
Қыз бала тәрбиесіне қатысты даналық сөздердің мағынасы ашылып, ой-толғам жасалады.
4) Өнер
Ән айту, би билеу, күй тарту сияқты өнер түрлері арқылы қатысушылардың шығармашылық қыры танылады.
5) «Сұлулық сыры» — сәндік көрсетілім
Музыка ырғағымен сәндік киім мен шаш үлгісі таныстырылады.
6) «Зерделінің ойы озық» — лездік сұрақтар
Қатысушылар жылдам қойылған сұрақтарға жауап беріп, тапқырлығы мен ой ұшқырлығын көрсетеді.
Құттықтау сөз
Құрметті аналар, ұстаз-аналар, бойжеткен арулар, бүлдіршін қыздар! Сіздерді көктемнің ең алғашқы мерекесі — 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қазақ қызы дегенде — ашық мінезбен қатар жүзінде ұяңдық бар, әдепті, инабатты жан елестейді. Бүгін сол әдепті де әдемі, инабатты да мейірімді ару қыздарымыз сынға түседі.
«Ару қыздар — 2017» байқауына қош келдіңіздер!
Сахналық кіріспе
Уа, халайық, халайық, мұнда назар салайық. Рұқсат болса бастайық!
Мың бұралған арулар аңдап басып,
Келеді міне ортаға толқып тасып.
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық!
(Арулар ортаға шығады)
Ал, халайық, аруларға тамсанайық,
«Қыз қылықты» дегенге ән салайық.
Атына заты сай аруларға
Тағы да бір қол соғып қарсы алайық.
Әділқазылар алқасы
Уа, арулар, арулар! Ешкім сенен жоғары алар. Ару болу — үлкен сын, оны әділқазы бағалар.
(Осы тұста әділқазылар алқасымен таныстыру рәсімі өтеді.)
Жүргізуші сөзі
Бойжеткен арулар келіп жетті танытуға, бойындағы бар дарынды танытуға. Қорықпастан сахнаға шығып, әдеппен, ізетпен өзін көрсетуге келді.
Бұл сайыста үзеңгі қағыстырып, ару қыздарды жарыстырып көрейік. Бұл залда білетін де бар, білмейтін де бар — әрбір ару өзін танытсын.
Байқау барысы
I кезең: «Мен қазақтың қызымын»
Таныстыру бөлімі бойынша арулар сөзін «Мен қазақтың қызымын» деп бастап, өлеңмен немесе әнмен өз болмысын таныстырады.
Әділқазылардан бағаларын күтеміз.
Өнері өрге жүзер, таңғалмаңыз!
Таланты талмай ұшар, таңғалмаңыз!
Таңғажайып әлемі — өнер аты,
Шарпып өтсін лебімен, таңғалмаңыз!
II кезең: «Қыз еркем — ісімен көркем»
Бұл кезеңде әр ару қыз өзінің қолынан келетін ісмерлік өнерін көрсетеді және оның қалай жасалғанын қысқаша әңгімелейді.
Әділқазылардан бағаларын күтеміз.
Пір тұтқан адамдықты, адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тамам жұртты.
Қыздардың қылығымен өмір қызық,
Қыздардың ғұмырымен заман құтты.
III кезең: «Қызды тәрбиелеген — ұлтты тәрбиелейді»
Бұл кезеңде қатысушылар қыз бала тәрбиесіне қатысты даналық сөздердің мағынасын ашып, өз ойымен дәлелдейді.
Қорытынды
«Ару қыздар» байқауы — қыз баланың тәрбиесі мен өнерін, әдебі мен талғамын ұштастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды шара. Әр қатысушыға сәттілік тілейміз!