Отан үшін отқа түс күймейсің, Арың үшін алыссаң өлмейсің
Мақсат пен міндеттер
Мақсаты
Отан туралы бұрынғы білімдерін еске түсіре отырып, Қазақстан Республикасы жайлы не білетінін саралау және алынған мәліметтер арқылы білімдерін бекіту.
Міндеттері
- Білімділік: Отан, Қазақстан, туған жер туралы түсініктерін кеңейту.
- Дамытушылық: Отанды сүюге баулу, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, туған елге деген сүйіспеншілікті арттыру.
- Тәрбиелік: Елін, жерін сүюге, табиғи байлығын қорғауға, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Хор: Әнұран орындалады.
Сұрақ: «Отан» деген не?
Жауап: Адамның туып-өскен жері, туған-туыстары, өзі өмір сүретін атамекені.
Сұрақ: Біздің Отанымыз қалай аталады?
Жауап: Біздің Отанымыз — Қазақстан.
Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы: «Менің Отаным — Қазақстан».
II. Негізгі бөлім
Оқушылар 3 топқа бөлінеді. Әр қатарға қиылған қағаздар таратылады. Құрастырылған сурет арқылы әр топтың атауы анықталады (мозаика әдісі).
1-топ
Туған жер
2-топ
Отан
3-топ
Атамекен
Өлең немесе мақал-мәтел айтқан топқа текше беріледі. Көп текше жинаған топ жеңіске жетеді.
Сұрақтар мен тапсырмалар (ұпай саны)
- 20 Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін қай жылы алды?
- 20 Еліміздің астанасы.
- 20 Қазақстан Республикасының Президенті.
- 50 Қазақстан туының авторы.
- 50 Қазақстан елтаңбасының авторлары.
- 50 Әнұранның авторлары.
- 100 Еліміздің көрікті жерлерін ата.
- 100 Отан туралы өлең оқы.
- 100 Отан туралы ән орында.
Дұрыс жауап берген топ өз қоржынына ұпай жинайды.
Оқушылардың шығармашылық бөлімі
Қазақстан туралы өлеңдер оқып, елімізді, жерімізді мадақтау — бүгінгі ортақ міндет. Ендеше, өнерімізді ортаға салайық.
Арыстандай айбаттым, Жолбарыстай қайраттым, Аспандаған байрағың, Қанша жұлдыз жайнаттың. Қанша бұлбұл сайраттың, Қазақстан ардақтым.
Күнді құшқан қос қыран, Аясында қалқыған. Аспан түсті туым бар, Көк теңіздей шалқыған.
Көк туым көтерілді бағым жанып, Елтаңбам әлемге танылды анық. Шырқадым әнұранды бар дауыспен, Арманым — Ата заңым қабылданып.
Өзіңдікі туың да, От пен ауа, суың да. Жаса, Қазақстаным, Белді бекем буын да.
Жаса, жаңа Астанам, Өркен жая бастаған. Болашақтың есігін Өз қолыңмен аш маған.
Бұлт баспасын күнімді, Тартылмасын өрісің. Биік ұстау туымды — Қасиетті борышым.
Сәуле шашқан алтын түсті күні бар, Екпіндеген қыран құсты үні бар. Ою басқан мөп-мөлдір көк аспандай, Қазағымның желбіреген туы бар.
Отан деген — атамекен, Отан деген — туған жер. Отан — ана, Отан — үлкен, Қазақстан — туған ел.
Мақал-мәтелдер
Отан, туған жер туралы қандай мақал-мәтелдер білеміз?
-
1-оқушы
Отан — отбасынан басталады.
-
2-оқушы
Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
-
3-оқушы
Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
-
4-оқушы
Отан — оттан да ыстық.
-
5-оқушы
Отан үшін отқа түс — күймейсің, арың үшін алыссаң — өлмейсің.
Қорытынды және тілек
Әр топтың ұпайы саналып, қорытынды шығарылады.
Тілек кезеңі: Оқушыларға көгершін бейнелері таратылады. Әр оқушы өз тілегін жазып болған соң, плакатқа іледі.
Біздің Отанымыз — Қазақстан Республикасы. Отансыз адам болмайды. Отанымыз көркейіп, гүлденуі үшін біз көп еңбектенуіміз керек. Еңбектену — білімді, тәртіпті болу.
Хор: «Көк тудың желбірегені» әні орындалады (оқушылар қолдарына жалауша ұстап, сермейді).
Қорытынды сөз
Байтақ дала — жерім менің, Арта берсін даңқың сенің. Көк байрағың желбіресін, Егеменді елім менің.
Құрметті қонақтар, балалар! Осымен «Туған елім, туған жерім» атты кластан тыс шарамыз аяқталды.