Бейімделушіліктің түрлерін салыстырмалы түрде сипатта

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырып

Органикалық дүние эволюциясының дәлелдемелері (презентациямен).

Сабақ түрі

Аралас сабақ.

Әдістер

Сұрақ-жауап, баяндау, кестемен жұмыс, тірек-сызбамен жұмыс.

Көрнекіліктер

  • Слайдтар
  • Бақалшақтар жинақтамасы
  • Кестелер, суреттер, ғалымдардың портреттері

Пәнаралық байланыс

География, тарих, сондай-ақ «Маңғыстау өсімдіктер дүниесі» және «Маңғыстау жануарлар дүниесі» материалдары.

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Дарвиннің эволюциялық ілімінің тарихи қалыптасуын, оның қозғаушы күштерін және эволюциялық процесті дәлелдейтін негізгі деректерді меңгерту.

Білімділік

Эволюцияны дәлелдейтін негізгі дәлелдемелер туралы түсінік қалыптастыру.

Дамытушылық

Тапсырмалар арқылы ойлау, қиял, жады және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік

Табиғатты қорғауға, өздігінен жұмыс істеуге, тапсырманы уақытында орындауға және білімді тәжірибеде қолдануға тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу
  • Оқушыларды түгендеу
  • Кабинеттің сабаққа дайындығын қадағалау

2) Үй тапсырмасын тексеру

Үйге берілген тақырып: «Организмдердің тіршілік ортасына бейімделуі». Тақырып екі бөлімге бөлініп сұралады, қалған оқушылар деңгейлік тапсырмалар арқылы бағаланады.

Сұралатын бөлімдер

  1. 1.Бейімделушіліктің пайда болуы
  2. 2.Бейімделушіліктің түрлері

Көрсетілім

Бейімделушіліктің түрлері және Маңғыстау облысындағы өсімдіктер мен жануарларға қысқаша сипаттама слайдтар арқылы көрсетіледі. Сонымен бірге екіаяқты ертедегі маймыл (Арди) бейнесі анатомиялық салыстыруға мысал ретінде беріледі.

Деңгейлік тапсырмалар

I деңгей

  1. Бүркеніш рең деген не?
  2. Жасырушы рең деген не?
  3. Қорғаныш рең деген не?

II деңгей

  1. Бейімделушілік деген не?
  2. Сақтандырушы рең дегеніміз не?
  3. Гомологиялық мүшелер дегеніміз не?

III деңгей

  1. Аналогиялық мүшелер дегеніміз не?
  2. Бейімделушіліктің түрлері қандай?
  3. Бейімделушілік түрлерін салыстырмалы түрде сипатта.

Жаңа тақырыпқа кіріспе

Дарвин эволюциялық ілімінде органикалық дүниенің тарихи даму заңдылықтарын ашып, оның негізгі қозғаушы күштерін көрсетті. Ілім жарияланғаннан кейін биологияның түрлі салаларында эволюциялық процесті дәлелдейтін материалдар жүйелі түрде жинақтала бастады. Сол дәлелдемелердің негізгілері төменде берілген.

Органикалық дүние эволюциясының дәлелдемелері

1) Салыстырмалы-анатомиялық дәлелдемелер

Барлық тірі организмдер клеткадан тұрады. Жануарлар мен өсімдіктер клеткаларының құрылысы, қызметі және химиялық құрамы ұқсас. Бұл — тірі организмдердің шығу тегі ортақ екенін дәлелдейтін маңызды негіздердің бірі.

Омыртқалылардың қаңқасы екіжақты симметриялы: омыртқа жотасы бас сүйекпен жалғасады, аяқ-қол сүйектерінің жалпы жоспары ұқсас. Миы 5 бөлімнен тұрады, жұлын омыртқа өзегінде орналасады, ішкі мүшелерінің құрылысы мен орналасуы да ортақ белгілерге ие.

Дегенмен тіршілік ортасына қарай организмдер әртүрлі бейімделеді: көртышқан — топырақ қазуға, балық — суда жүзуге, адам — еңбек әрекетіне бейімделген.

Гомологиялық мүшелер

Шығу тегі мен құрылысы бір, бірақ қызметі әртүрлі болатын мүшелер.

Аналогиялық мүшелер

Шығу тегі мен құрылысы әртүрлі, бірақ қызметі бірдей болатын мүшелер.

2) Эмбриологиялық дәлелдемелер

Организмдердің ұрықтық дамуын зерттейтін ғылым эмбриология деп аталады. Эмбрион — ұрық. Көпклеткалы организмдердің барлығы ұрықтанған жұмыртқа клеткасынан дамиды.

Ұрықтық дамудың алғашқы сатыларында омыртқалылар эмбриондарының құрылысы бір-біріне ұқсас болады: денесі бас, тұлға және құйрық бөлімдеріне ажырайды. Кейінгі сатыларда әр класс, отряд, туыс және түрге тән белгілер қалыптаса бастайды.

Демек, ересек дараларға қарағанда ұрықтар өзара көбірек ұқсас келеді. Бұл омыртқалылардың шығу тегі бір екенін көрсетеді. К. Бэрдің ұрықтық ұқсастық заңдылығы бойынша: бір типке жататын организмдердің ұрықтары дамудың бастапқы кезеңдерінде ұқсас болады.

3) Палеонтологиялық дәлелдемелер

Өліп кеткен организмдердің қазба қалдықтарын зерттейтін ғылым палеонтология деп аталады. Қазба қалдықтарды салыстыра зерттеу әртүрлі геологиялық дәуірлердегі тіршіліктің бейнесін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Мысалы, ежелгі теңіз шөгінділерінен түзілген тастардың қабаттарында омыртқасыздардың хитин қаңқалары мен бақалшақтары сақталады. Мұндай жыныстар қазіргі уақытта құрылыс материалы ретінде де қолданылады.

Сондай-ақ ертеде Эфиопияда тіршілік еткен Арди маймылының қаңқасы, көне құстар мен аңтісті кесірткелердің қалдықтары табылған. Оларды салыстыру арқылы сүтқоректілердің жорғалаушылармен туыстық байланысы дәлелденеді: ми сауытының құрылысы, омыртқа жотасы мен аяқ-қолдарының орналасуы және тістерінің әркелкі болуы — соның айғағы.

4) Биогеографиялық дәлелдемелер

Жер шарының әртүрлі материктеріндегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесін салыстыра зерттеу эволюциялық процестің жүру барысы туралы маңызды мәлімет береді.

Ағылшын ғалымы А. Р. Уоллес биогеографиялық аймақтарды 6 түрге бөлген.

Уоллес ұсынған аймақтар

  1. Неоарктикалық
  2. Палеоарктикалық
  3. Үнді-малайзиялық
  4. Эфиопиялық
  5. Неотропиктік
  6. Аустралиялық

Зерттеулер көрсеткендей, материктер бір-біріне неғұрлым жақын орналасса, олардағы организмдердің ұқсастығы және туыстас формалардың саны да көбірек болады. Ал ертерек бөлініп, ұзақ уақыт оқшауланған материктерде айырмашылық айқынырақ байқалады.

Мысалы, Аустралия Оңтүстік Азиядан шамамен 100 млн жыл бұрын бөлінген. Сондықтан бұл аймақта басқа жерде сирек немесе мүлде кездеспейтін түрлер сақталған: қалталы сүтқоректілер, үйректұмсық, ағаш тәрізді қырықжапырақтар және т.б.

Бекіту және қорытынды

Бекіту тапсырмалары (суреттер арқылы)

  1. 1.Балық пен шаянның желбезектерін салыстыру.
  2. 2.Омыртқалылардың ұрықтық дамуы (әрқайсысынан 2 суреттен).
  3. 3.Омыртқалылар қаңқасының салыстырмалы сипаттамасы.
  4. 4.Омыртқалылардың алдыңғы аяқ қаңқасының салыстырмалы құрылысы.

Сабақ соңындағы жұмыс

Кесте толтыру және «топтастыру» (кластер) тәсілі арқылы негізгі ұғымдарды жүйелеу.

Үй тапсырмасы

«Органикалық дүние эволюциясының дәлелдемелері» тақырыбын қайталау және конспект жасау.