Аналардан туған небір даналар

Мақсаты

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік кештің негізгі мақсаты — ана туралы әсерлі сөздер, өлеңдер мен әндер арқылы ардагер, ұстаз-аналар мен аруларды құттықтау; оқушыларды мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеу; ұстазға және ата-анаға деген құрметті күшейту; ана еңбегін қадірлеуге үйрету.

Көрнекілігі

  • Аналар туралы нақыл сөздер
  • Мақал-мәтелдер
  • Мерекелік безендіру және сахналық атрибуттар

Сабақ барысы

Кіріспе

1-жүргізуші

Кеш жарық, қымбатты аналар, қыздар және мұғалімдер! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні келді. Бұл көркем мерекенің орны әрдайым бөлек. Өйткені аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбейді. Олар — өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Тынымсыз тіршілік те, кең дүние де аналармен ажарлы.

Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әр сәби жүрегі «өзім деп» соқса, бүгінгі мерекелік кешіміз де аналарға арналады.

2-жүргізуші

Кешімізді «Көктем» әнімен ашайық.

Ән «Көктем»

1-жүргізуші

Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар,
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген — тіршіліктің тірегі,
Армысыздар, қасиетті аналар!

2-жүргізуші

Құрметті аналар, мектебіміздің ұстаздары мен қыздары! 8 наурыз мерекесі құтты болсын! Сіздерге әрқашан сыр бермес денсаулық, өмірдің шапағатын тілейміз. Айтылған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Мейірім шуағын шашып жүре беріңіздер.

Сіздерден өскен балалар — батырлар мен даналар. Құттықтаймыз мерекемен, құрметті абзал аналар!

Құттықтау сөз кезегі сынып жетекшіміз Айсұлу Жұмабайқызына беріледі.

Оқушылардың арнауы

1-оқушы (Ержан)

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ!

2-оқушы (Жанару)

О, аналар, осындайсың бәрің де,
Осындайсың жасыңдағы — кәрің де.
Сыйынатын осы өмірде құдірет —
Сыйынар ем ана деген тәңірге...

Ән

Абзал аналарымыздың құрметіне Адель мен Меруерттің орындауындағы «Анашым» әнін қабыл алыңыздар.

«Анашым»

Ән

Жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербеп отырып, бесік жырын айтып, ертегімен сусындатып, ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытқан аналардың құдіретті сезіміне арналған Меруерт, Дамир, Алдияр, Ержан, Әселдің орындауындағы әсем әнді тыңдаңыздар.

«Апатайым, анашым»

Ананың қадірі туралы ой

Ана адамды бесігімен баулиды. Өмірдің іргетасы — ананың қолымен қаланады. «Жәннат — аналардың аяғының астында» деген ұғым исламда ананы ерекше құрметтеудің белгісі. Қазақы танымда да қыз бала дүниеге келсе — береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі деп жорылған.

Би

Теңіздей тербетіліп көл бетінде, аққудай қалықтаған бишілер өнер көрсетеді.

Флешмоб

Әжелерге арналған арнау

«Отбасы — шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы жарасқан, түтіні түзу ұшқан әр шаңырақ — мемлекеттің құт-берекесі. Ал сондай отбасының ақылшысы — қариясы. «Қариясы бар үйдің — қазынасы бар» деп халқымыз бекер айтпаған.

3-оқушы

Әжетайым, әжешім,
Ең ардақты ақ әжем.
Әрбір сөзі өсиетті,
Баға жетпес ақ әжем.

Аман-есен жүріңізші,
Бар тілегім — сол, әжем!

4-оқушы

Әжем — ақыл бесігі,
Мейіріммен тербеткен.
Мен де ақылды боламын,
Аман-есен ержетсем.

Ән

«Әже»

Өнер шашуы

Тіршілікке нәр берген ана сүті — қандай құдіретті. Әлемдегі жақсылықтың көзі, адамдық қасиет, ақ тілек пен мейірбандықтың бәрі «ана» деген сөзбен астасып жатыр.

Күй

«Аяулысың, ауылымның асылдары…» дегендей, алдарыңызда Әсел, Нұрсұлтан және Меруерт домбырамен «Кеңес» күйін орындайды.

«Кеңес»

Өлеңдер

Шәкірттер шын жүректен тебіреніп, жырларын аналарға бағыштайды. Әсел, Диана, Нұрсұлтан және Нияздың ана туралы өлең шумақтарын тыңдайық.

6-оқушы

Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба — тек өзіңнен жасқандым.

7-оқушы

Барша ана, құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашанда ана, сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз.

8-оқушы

Бір өзіңнен бастау алды өмір жолдарым,
Жүрегіңе жүрегімді жалғадым.
Өзің сыйға берген мына өмірде
Ақ сүтіңді ақтап өту — арманым.

Көрініс: «Үш ұл»

Автор

Екі әйел құдықтан су тартып тұр екен. Қарт адам шаршап, құдықтың жанында демалып отырады. Олардың қасына тағы бір әйел келеді.

1-ана

Менің ұлым батыр әрі күшті. Төбелесе қалса, ешбір бала оған шақ келмейді.

2-ана

Менің ұлым ән салғанда бұлбұлдай сайрайды. Ешбір баланың дауысы оған жетпейді.

3-ана

Не айтайын… Менің баламның ерекше өнері жоқ.

Автор

Әйелдер шелектерін алып, үйлеріне қарай беттейді. Бірінші және екінші ананың ұлдары жандарынын жүгіріп өте шығады. Үшінші ананың баласы жүгіріп келіп:

3-ұл

Ана, әкел, мен көтерейін.

1-ана мен 2-ана (бірге)

Қалай, ата, біздің балаларымыз сізге ұнады ма?

Ата

Қайдағы балалар… Мен тек бір ғана баланы көріп тұрмын.

Түйін

Нағыз құрмет — сөзбен емес, іспен көрінеді.

Қорытынды бөлім

Ана — барлық қиындықты жеңетін сарқылмас күш, тіршіліктің қайнар бұлағы. Қазақ әйелі үшін ең бірінші орында — отбасының берекесі. Бөбегін бесікке бөлеп, әлдилеп аялаған ана — бақыттың өзіне жақын емес пе?!

Ән

«Ақ мамам»

1-жүргізуші

Құрметті қонақтар, «Ана — тіршілік тірегі» атты мерекелік кешімізді ықыласпен тамашалағандарыңызға көп рақмет!

2-жүргізуші

Демеңіз, біз өнерді аяп қалдық,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар, көріскенше,
Осымен концертіміз аяқталды.
Сау-саламат болыңыздар!