Әліппе хан
Ертеңгіліктің өтілу барысы
Мұғалім: Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Бала — біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Сол ертең ел тізгінін ұстар ұрпағымызды хан баласындай нық, бидің баласындай тік сөйлейтіндей етіп тәрбиелеу — бүгінгі ұстаз бен ата-ананың ортақ міндеті.
Соның бір көрінісі — бүгін тамашалайтын «Қош бол, құтты Әліппем!» ертеңгілігі. Әліппе — шәкірттің тұңғыш рет қолына ұстап, бетін ашқан оқулығы. Бұл кітап — ғылым әлеміне бастайтын алғашқы жол, білімге жетелейтін алғашқы қадам.
Әліппе 42 әріпті танытып, оқуға-жазуға үйретеді, сауаттылықты арттырады. Енді біз сол мақсатқа жеткізген қастерлі кітаппен қоштасқалы отырмыз.
«Бала деген шіркін-ай, балдай екен,
Тәттілігі жая мен жалдай екен.
Арып-ашып даладан келгеніңде,
Бал иісін таттырып алдайды екен», — деп Кенен атамыз айтқандай, кішкентай бүлдіршіндердің бал тіліне кезек берейік.
Сахналық қойылым: «Әліппе хан»
Ерте, ерте, ертеде Прииртышский орта мектеп шаһарында Әліппе хан билік құрыпты. Ханның 40 уәзірі және екі күтушісі болыпты. Әліппе ханның мінезі қаталдау екен: уәзірлерін ел аралатып, білімсіз балаларды жинап, тәртіпке шақырып, сауатын ашқызады екен.
Гүлжан
Уа, халайық, келіңіздер, көріңіздер! Әліппе хан тақтан кеткелі жатыр!
Жамиля
Уа, жараңдар, жараңдар! Әліппе хан орнына өз ұлын сайламақшы. 40 уәзірі мен 2 күтушісімен бірге ханның шығарып салу салтанатының куәсі болыңыздар!
Әліппе хан
Уәзірлерім, сендер неге тұрсыңдар? Ел ішін аралап келіңдер! Мен таққа ұлымды отырғызар кезде, елде сауатсыз бала болмауы керек.
Нұрай
Әміріңізге құлдық, хан ием! Біз ел ішін түгел араладық. Сіздің қатал мінезіңіз бен бұйрығыңыздың арқасында елде сауатсыз бала жоқ. Барлығы білімді, сауатты, өнерлі.
Әліппе хан
(Көңілденіп.) Тамаша, тамаша! Мен осынша уақыт неге көңілсіз болдым, неге қатал болдым? Барлық баланың сауаты ашылғанша өзім де уайымдап, көңілсіз жүрдім. Бүгін менің де, дүйім жұрттың да көңілін көтеріңдер. Жарлығымды орындаңдар!
Айсара
Хан жарлығына құлақ салыңдар! Дәл бүгін хан ием мен дүйім жұрттың көңілін көтеріп, өнер мен білім көрсетейік. Ендеше бүлдіршіндердің өнері мен біліміне кезек берейік!
Балалардың сәлемдесуі
Нұрәлі
Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар!
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Бүгін би биленіп, ән де шырқалар!
Айзере
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар!
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған —
Біз алаңсыз, балғын шақты балалар.