Перифразаның зерттелуі
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы
№40 «ЖОББМШҚО»
Орындаушы
8-сынып оқушысы Амантайқызы Дильназ
Жетекші
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Идирисова Б. Ж.
Бағыты
Қазақстанның тарихи ескерткіштері және дамуы бар саяхат маршруттары
Секция
Тіл білімі
Тақырыбы
Қазақ тіліндегі перифраза табиғаты
Мазмұны
Кіріспе
- Зерттеу өзектілігі
- Мақсат, міндеттер, ғылыми жаңалық
- Әдістер мен материал
Негізгі бөлім
1-тарау. Перифраза туралы жалпы түсінік
- 1.1 Перифраза туралы түсінік
- 1.2 Перифразаның зерттелуі
- 1.3 Перифраза — фразеологизм салаларының бірі
2-тарау. Перифразаның құрылымдық типтері
- Есім перифразалар
- 2.1 Ақын-жазушылар тіліндегі есім перифразалар
- 2.2 Халық ауыз әдебиетіндегі есім перифразалар
- Етістікті перифразалар
- 2.3 Ақын-жазушылар тіліндегі етістікті перифразалар
- 2.4 Халық ауыз әдебиетіндегі етістікті перифразалар
Аннотация
Тақырып
Қазақ тіліндегі перифраза табиғаты
Мақсат
Қазақ тіліндегі перифразалардың пайда болуы мен қалыптасуына шолу жасап, олардың құрамын және өзге тілдік құндылықтармен байланысын анықтау.
Гипотеза
Қазақ тілі ұлт болмысын танытатын бейнелі тіркестерге бай. Ұлттың ментальдық өрісі мен көркем ойлау қабаттарын тану үшін көркем сөз қазынасына жүгіну қажет. Халықпен бірге жасасып келе жатқан эмоциялық мазмұны жоғары образды тіркестердің өміршеңдігі олардың қолданысынан байқалады. Осындай көркем бірліктердің қатарына перифразаларды да енгізуге болады.
Дегенмен перифразалар жазба әдеби тілдің беттерінде қалып, бүгінгі ұрпақтың ауызекі сөйлеуінде сирек ұшырасады. Ой терең болғанымен, күнделікті тілдік қолданыста қысқа, қасаң құрылымдарға көшу байқалады. Қолданыстан шығып бара жатқан осындай құндылықтар келешек ұрпаққа толық жетпей қалуы мүмкін.
Зерттеу кезеңдері
- I Әдебиеттерді жинау, танысу, талдау.
- II Газет-журналдар мен көркем әдебиеттен перифразалық тіркестерді жинау.
- III Жиналған материалға тілдік талдау жүргізу.
Әдістер
- Сипаттау
- Түсіндіру және баяндау
- Салыстыру
Материал
С. Сейфуллин, М. Мақатаев, М. Дулатов, М. Жұмабаев туындылары; мақал-мәтелдер, жұмбақтар, естірту, жоқтау, көңіл айту үлгілері, толғаулар.
Ғылыми жаңалық
Қазақ тіл білімінде перифраза мәселесі арнайы жүйелі зерттеуді көп қажет етеді. Осы жұмыста перифразалардың құрылымдық типтері мен фразеологиямен байланысына назар аударылады.
Зерттеу жұмысының құрылысы
Жұмыс кіріспеден, екі тараудан тұратын негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспе
Қазақ тілі — ұлт болмысын танытатын бейнелі тіркестерге бай тіл. Ұлттың ментальдық өрісінің ауқымын, көркем ойлау қабаттарын және қазақ тілінің мол қуатын тану үшін көркем сөз қазынасына жүгіну қажет. Халықпен бірге жасасып келе жатқан эмоциялық мазмұны жоғары образды тіркестердің өміршеңдігі олардың қолданысынан аңғарылады. Осындай көркем бірліктердің қатарына перифразаларды да қосуға болады.
Алайда перифразалар көбіне жазба әдеби тілде сақталып, бүгінгі ұрпақтың ауызекі сөйлеуінде сирек кездеседі. Өмір қарқынының, дәуір екпінінің әсерінен қысқа да нұсқа сөйлеу басым болып, тілдің мәнерлілігі біртіндеп азая түсуде. Бұрын «тілінің майын тамызып» сөйлейтін шешендік дәстүр биік бағаланса, қазір жастар тілінде ықшам, қасаң құрылымдар жиілей түсті.
Негізгі ой
Рухани құндылық — әр ұлттың төлқұжаты. Келер буын қалай болғанда да ана тілінің мәйегін іздейді; сол себепті образды тіл бірліктерін, соның ішінде перифразаларды, тану мен насихаттау өзекті.
Көркем әдебиетте тіл ерекше экспрессивті-эстетикалық қызмет атқарады. Оқырман сезіміне әсер ету үшін сөздер көбіне тура мағынада емес, ауыспалы, астарлы түрде қолданылады. Сондықтан көркем әдебиет тілі — бейнелі, мәнерлі, бояуы қанық тіл.
Тілдегі көркемдеуіш құралдарға теңеу, эпитет, метафора, метонимия, гипербола, эвфемизм секілді тәсілдер жатады. Қазақ тіл білімінде бұл құралдардың бірқатары зерттелгенімен, арнайы талдауды көбірек қажет ететін салалардың бірі — перифраза.
Мақсат пен міндеттер
Мақсат — перифразалардың пайда болуы мен қалыптасуына шолу жасап, олардың құрамын және басқа тілдік құндылықтармен байланысын анықтау.
- Перифразалардың лингвистикалық статусын айқындап, ғылыми анықтама беру.
- Перифразалардың құрылымдық типтерін анықтау.
- Ақын-жазушылар мен ауыз әдебиеті үлгілеріндегі перифразаларды талдау.
Зерттеу материалы
Материал ретінде көркем әдебиет пен ауыз әдебиеті үлгілері алынады: С. Сейфуллин, М. Мақатаев, М. Дулатов, М. Жұмабаев шығармалары, сондай-ақ мақал-мәтелдер, жұмбақтар, естірту, жоқтау, көңіл айту үлгілері және толғаулар.
Негізгі бөлім
1-тарау. Перифраза туралы жалпы түсінік
1.1 Перифраза туралы түсінік
Перифраза (перифраз) — грек тілінен енген атау. Ол заттың не құбылыстың тура атын атамай, суреттеп көрсету, тұспалдап айту деген мағынаны білдіреді.
Күнделікті мысалдар
- Дәрігер орнына: «ақ желенді абзал жан»
- Депутат орнына: «халық қалаулысы», «халық қызметшісі»
- Кітап орнына: «жан азығы»
- Жазушы орнына: «жан азығын өндіруші», «адам жанының инженері»
Перифраза тек бір сөзді басқа сөздермен алмастыру үшін қолданылмайды. Оның негізгі мақсаты — ұғымды бейнелі сипаттау және эмоциялық-экспрессивті баға беру. Мұндай тәсіл, бір жағынан, стильдік мақсатқа қызмет етеді: қайталауды азайтып, ойды түрлендіріп, мәтіннің көркемдігін арттырады. Екінші жағынан, заттың не кейіпкердің қасиетін айқындап, оқиғаны әсерлі суреттеуге көмектеседі әрі автордың субъективті көзқарасын білдіреді.
Жамбыл бейнесін перифразбен ашу
Зерттеу еңбектерінде Жамбылдың аты бірде «ақын», «қарт ақын», «ұлы ақын» деп берілсе, бірде «қарт жыршы», «қазақ халқының ұлы перзенті», «ұлы махаббат жыршысы», «Алатаудың асқақ жыршысы», «ХХ ғасырдың Гомері», «екі ғасырдың куәсі», «ақындардың атасы», «жыр алыбы» сияқты атаулармен алмастырылып отырады. Бұл — тұлғаның ерекшелігін көп қырынан танытып, мәнерлі сипат берудің бір жолы.
Қазіргі кезде перифразалардың жиі қолданылатын саласының бірі — публицистика, әсіресе газет тілі. Авторлар баяндауды әрлендіріп, мәтінге өң беру үшін астарлы сөз орамдарын қолданады. Мәселен, еңбек адамын суреттегенде «дала тұлпарлары», «егін ерлері», «бейбіт күннің Мәншүктері мен Әлиялары», «темір тұлпар мінген арулар» секілді тіркестер салтанатты реңк береді.
Сондай-ақ «Сарыарқа төсінде қайта құрудың қоңыр самалы есіп тұр» тәрізді орамдар тура мағынадағы «Сарыарқада қайта құру жүріп жатыр» деген ойды көтеріңкі леппен, бейнелі түрде жеткізеді. Демек, перифразалардың қолданылу аясы көркем әдебиетте де, публицистикада да, сөйлеу тілінде де кең. Олар мәтінге ерекше реңк беріп, оқырман қызығушылығын күшейтеді.
1.2 Перифразаның зерттелуі
Тіл білімінде перифраза мәселесіне әр кезеңде әртүрлі анықтама берілген. Мысалы, А. А. Потебня перифразаны «суреттеу арқылы атау» деп сипаттайды. Швейцариялық ғалым Ш. Балли перифразаны «қайта айтып берудің кеңейтілген түрі» ретінде түсіндіреді.
Қазақ тіл білімінде де бұл бағыттағы пікірлер бар. З. Қабдолов перифразаны «қайта айтып беру» деп таныса, Ә. Болғанбаев «жеке сөздің орнына оның ұғымын сипаттап беру» тәсілі ретінде түсіндіреді және оны кейде парафраза деп те атайды.
Перифраза мен эвфемизм
Кейбір еңбектерде перифразаның ерекше бір түрі ретінде эвфемизм аталады. Эвфемизм жағымсыз құбылысты жұмсартып, сыпайылап айтуға бағытталса, перифраза кеңірек құбылыс: ол кез келген ұғымды әдеттегіден өзгеше, образды сөз орамы арқылы атауға мүмкіндік береді.
- «Өтірікші» → «аузының желі бар»
- «Ұры» → «қолының жымқырысы бар»
- «Өлді» → «келмеске аттанды», «о дүниеге аттанды»
- «Өсек» → «сымсыз телефон», «ұзын құлақ»
«Қазақ тілі» энциклопедиясында перифраза көркем троптың бір түрі ретінде түсіндіріледі: затты, процесті немесе құбылысты оның ең негізгі бір қасиеті арқылы келтірінді мағынада алып, образды түрде сипаттау және анықтау тәсілі.