Көңілді болуыңа тілектеспін
Сабақтың тақырыбы
«Дос болайық бәріміз»
Мақсаты
Оқушылар арасында жағымды қарым-қатынас орнату; бір-бірін сыйлауға, адал дос болуға және қоршаған ортамен жарасымды қарым-қатынас жасауға үйрету; коммуникативтік дағдыларын дамыту.
Міндеттері
- Адам қарым-қатынасындағы достық ұғымы туралы түсінік қалыптастыру.
- Оқушылар арасында достық сезімдерінің дамуына ықпал ету.
- Сыйластыққа, әдептілікке, шынайылыққа және адалдыққа тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Сәлемдесу
Оқушылар
Үлкенге де Сіз,
Кішіге де Сіз.
Бар адамға құрметпен,
Бас иеміз біз.
Сабақтың ұраны
- Мұғалім:
- Әрбір адам — туысым, досым, жұрағат.
- Мұғалім:
- Әрбір сабақ — үйрену, ұғу, ұлағат.
- Мұғалім:
- Әрбір ісің — тірлік, тірек, адалдық.
- Мұғалім:
- Әрбір сөзің — шындық, бірлік, адамдық.
II. Психологиялық даярлық
Бүгінгі күніміздің сәтті өтуі үшін бір-бірімізге жылы лебіз білдірейік. Ол үшін қолымыздағы гүлді бір-бірімізге тілек айта отырып ұсынамыз.
«Мен тілектеспін» ойыны
Оқушылар бір-біріне күннің көңілді әрі нәтижелі өтуіне арналған тілектерін айтады.
- «Бес алуыңа тілектеспін!»
- «Ата-анаң аман, бәрі жақсы болуына тілектеспін!»
- «Көңілді болуыңа тілектеспін!»
- «Жақсы бала болуыңа тілектеспін!»
Көршіні таныстыру
Әркім өз көршісінің есіміне бір сын есім қосып таныстырады. (Мысалы: «Әдепті Аружан», «Мейірімді Диас».)
III. Ой шақыру
«Дос» деген сөзді естігенде ойларыңа қандай сөздер келеді? Ассоциация жасап көрейік:
Талқылау сұрақтары
- Дос дегеніміз кім?
- Достықты қалай түсінесіңдер?
Негізгі ой
Достық — бір-біріне сену, сыйлау, қолдау көрсету және қиын сәтте жанынан табылу арқылы нығая түсетін асыл құндылық.
Оқушылардың ой-толғаулары
1-оқушы
Адамдар арасындағы достық сезім өмірде бір-бірін қажетсінуден, құрметтеуден, шынайы тілектестік пен өзіңдей көріп сенуден, бір-біріне тірек болудан байқалады. Достық тек қам-қайғысыз кезде емес, әсіресе қиын-қыстау күндерінде іркілместен қасынан табылудан, риясыз әрі есепсіз жомарттықтан көрінеді.
2-оқушы
Достық екен өмірде ең керегі,
Достық болып дүние дөңгеледі.
Өзендегі толқындар дос боп ақты,
Қанымыздай жүгіріп кеудедегі.
Ағаш біткен дос болып тербеледі,
Тағдыр досқа бақытты тең бөледі.
Сүйеп келе жатқандай бірнеше қол,
Бірнеше қол осынау жерде мені.
3-оқушы
Достық деген — таусылмайтын қазына,
Көктемде де солып қалар гүл емес.
Қарамайды ол сыйдың көп пен азына,
Нағыз достар тіпті сый да тілемес.
Сырлас болсақ, есігімді қақпай кір,
Шын дос болсаң, шақырмай кел — тілегім.
Шын шақырсам, саған ұқсап тіл қатпай,
Жауымның да келетінін білемін.
4-оқушы
Достық — қасиетті сөз, қасиетті сезім. Ол тек жөні түзу адамдар арасында қалыптасып, өзара құрмет негізінде дамиды. Егер қуанышымызды бізбен бірге бөлісетін жан болмаса, ол бақыттың мәні де кеми түседі. Ал қиналған сәтте бізден де қатты қиналатын, демеу бола білетін дос болмаса, ауыртпалықты көтеру одан сайын қиынға соғар еді.
Қорытынды ой
Бұл сабақ оқушыларды өзара сыйластыққа, шынайы қарым-қатынасқа және адал достыққа баулуға бағытталған. Достық — күнделікті істе көрінетін мінез: жақсы сөз, қамқор әрекет, қиындықта қолдау, қуанышта бірге қуану.