Мақал - мәтелдің бастауыш сынып оқушыларына тигізетін әсері
Мақал-мәтелдің бастауыш сынып оқушыларына тигізетін әсері
Бастауыш сынып оқушылары үшін мақал-мәтелдің тәрбиелік мәні өте зор. Оқушылар мақал-мәтелдің мағынасына үңіле отырып, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, ата-ананы және достарын қадірлеуге, жаманнан жиреніп, жақсыны үйренуге тәрбиеленеді.
Сонымен бірге мақал-мәтелдер оқушыны шапшаңдыққа, алғырлыққа баулиды, ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын арттыруға көмектеседі. Сөздің астарын түсіну арқылы бала өз ойын дәл жеткізуге, әсерлі әрі әдемі сөйлеуге дағдыланады.
Сабақта қолдану: «Отан» тақырыбы
Әдебиеттік оқу пәнінде «Отан» тарауын өткен кезде оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында Отан туралы мақал-мәтелдерді таратып, олардың мағынасын талдатуға және пікірталас ұйымдастыруға болады.
Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
Отан — оттан да ыстық.
Ел іші — алтын бесік.
Ерді ел өсіреді, жерді гүл өсіреді.
Есің барда еліңді тап.
Отан үшін отқа түс — күймейсің.
Өз елім — өлең төсегім.
Өз елің — тұғырың, өз жерің — қыдырың.
Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің.
Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.
Қорытынды ой
Сондықтан сөздің сырын ашып, мақал-мәтелдің мәнін түсініп, оны орынды қолдана білу — оқушының тіл мәдениетін қалыптастырып, көркем әрі әсерлі сөйлеуіне жол ашады.
Павлодар облысы, Қачир ауданы, Қызылтаң ЖББОМ бастауыш сынып мұғалімі — Арынгазинова К. С.