Сөзі өткір, ісі мығым
Ақылды мен ақымақтың арасы
«Осы пенденің бәрі ақылды ма?» деген сұрақ көпшілікті ойландырады. Әр адам өзін ақылдылардың қатарына қосқысы келеді, ал «ақымақпын» деп мойындау ешкімге оңай емес. Сонда ақылды кім, ақымақ кім?
Қазір екінің бірі қулығын асырып, бойындағы кемшілігін жасыруға бейім. Кейде сөздің өзі астарлы, ал қарым-қатынаста екіұдайлық жиі кездеседі: бетіңе жылы сөйлеп тұрып, іштей жақтырмайтындар да бар; «досымсың» деп жүріп, шын сезімін жасыратындар да ұшырасады. Мұндайды көріп, таң қалу да қиын.
Ақылды адам, меніңше, өзгені кінәламай, алдымен өзіне талап қояды. Біз көбіне сәтсіз қадамымыз үшін өзімізді емес, өзгені жазғырып жатамыз.
Ақылды адам қандай?
Ақылдың өлшемі — сөз емес, әрекет. Адам өз бойындағы қасиеттерді күнделікті таңдауларымен танытады. Менің түсінігімдегі ақылды адамның белгілері төмендегідей:
Ақылды адамның белгілері
- 1 Сезімтал әрі кішіпейіл.
- 2 Қадам жасамас бұрын әбден ойланады.
- 3 Өмірлік мақсаты айқын.
- 4 Сөзі өткір, ісі мығым.
- 5 Өзінің де, өзгенің де сырын сақтай біледі.
- 6 Артық сөйлемейді, жақсылықтан қашпайды.
- 7 Кемшілік жіберсе, мойындап, жөндей алады.
Ақымақтың белгілері
- 1 Сезімсіз, дөрекі, әрі мақтаншақ.
- 2 Алдымен әрекет жасап, кейін ойланады.
- 3 Өмірлік мақсатын былай қойғанда, ертеңін де болжай алмайды.
- 4 Сөзі жалған, өзі жалқау.
- 5 Өзінің де, өзгенің де сырын сақтай алмайды.
- 6 Мылжың, жақсылық жасауға дәрменсіз.
- 7 Қателігін мойындамайды.
Қателік — өмірдің айнасы
Өмір болған соң қателеспейтін жан жоқ. Ақылды адам қатесін түсініп, оны түзетудің жолын іздейді. Ал ақымақ өзін бақыламай, қатесіне қате қосып, қайталай береді.
Бәрінен жаманы — өз қателігін түсінбеу, көре алмау. Білмеу қателік емес; білмегенді «білем» деу — қателік. Бұрысты дұрыс деу — адасушылық.
Адасушылықтан, өз жолыңды таба алмаудан артық сорақылық жоқ. Өзінің ақымақтығын түсіне алған адамды данышпанға теңеуге болатындай. Ал өзін данышпан санаған ақымақ — шын мәніндегі ақымақ.
Кінә тағу, реніш, және ішкі тыныштық
Кей адамдар біреуге кінә артқыш, ренжігіш келеді. Ұсақ-түйектің бәрін теріп жүретін өкпешіл жаннан уақыт өте адамдардың алыстай бастауы заңды. Адасуға да жиі ұрынатын — осындай мінез.
Орынсыз уайымға салынып, өз-өзін қажай берген адамның ісі де өнбейді. Оның үстіне, айналасындағыларды әбігерге түсіріп, қолайсыз жағдайға қалдырады.
Жарық мінез — адамдықтың белгісі
Өз көңілін өзі көтеріп, айналаға шуақ шашу; парасатты тірлік жасап, пайымды ой айту; өзгеге жағымды әсер ете білу — адамдықтың белгісі.
Белгілі психиатр Альфред Адлердің «Егер күн сайын біреуді қуантуға әрекет жасасаңыз, өзіңізді өзіңіз айықтырасыз» деген сөзі де осыған саяды.
Сабыр — ақылдың серігі
Сабырлылық — ақылдың бір көрінісі. «Сабырлы шыдар, сабырсыз сынар» деген сөз тегін емес. Мұхтар Әуезов те: «Ақыл — адам көрігі, ақылдың сабыр — серігі» дейді.
Діни хадистерде: «Ең күшті адам — ашуы келгенде өзін ұстай алатын адам» делінеді. Қазақ мұны бір-ақ ауыз сөзге сыйғызған: ашуын ақылға жеңдірген адам — дана.
Парасат және өмірлік өлшем
Парасаттылық, меніңше, адам бойындағы ізгілікті жақсылыққа, өнегеге, адамдыққа жұмсай білу. Адамды қателігінен ғана емес, істей алған ісінен де танисың.
Адам өз ақылымен өмір сүреді, өзгеден үйренеді. Бірақ өзгенің ақылы саған толықтай ақыл бола алмайтыны да — ақиқат. Ақылды жан әр әрекетіне сын көзбен қарап, зиянды нәрседен сабақ алады; күйініш пен сүйініште бір қалыптан айнымай, сырын шашпайды.
Ал ақылсыз жан ойланбай қадам жасап, опық жейді: жылпос сөзге сеніп, суайтқа иланып, жазықсыз жанды ренжітіп алуы мүмкін.
Дереккөз
Әкім Ысқақ, «Жүректегі жазулар» күнделік-эссесінен.