Күз күні

Сыныптан тыс сабақ

7-сынып оқушылары

Тақырыбы

Шырайлы да шұрайлы, Шығыстың күзгі байлығы

I бөлім: Күн шапағы Шығыстан құйылады.

II бөлім: Семейім – туған ұямыз.

III бөлім: Жері – бай, көдесі – май, елі – жайсаң...

Жүру барысы

Әдеби-музыкалық кештің мәтіні

1

Дәулетбек

Асыл – тастан, өнер – жастан
Шығады деп дарынды,
Халық айтса, халық сөзі
Әрқашан да нанымды.
Сол өнердің жолын қуған
Біздің сынып атынан
Қабылдаңыз шын жүректен
Сәлем сізге жалынды!

(басын иеді) Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар! Құрбы-құрдастарым, аға-апайлар және іні-қарындастар! Мектебіміздің білім ордасына қош келдіңіздер!

2

Айжан

Қош көрдік, Дәулетбек! «Сәлем – сөздің анасы» демекші, бүгінгі сәлемің ерекше ұнады.

Көш бастау қиын емес,
Қонатын жерде су болса.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерде жау болса.
Шаршы топта сөз бастау қиын емес,
Аталы сөзді ұғатын көпшілік болса.

Осындай көпшіліктің алдында сөз бастауға біздің сыныптың сегіз қырлы, бір сырлы серісі — әнші, футболист, дарынды әрі сөзі жалынды Дәулетбек және оның көмекшісі — Мақсатқызы Айжан дайын.

3

Дәулетбек

Көп рақмет, мақтауымды асырдың. Сыныптағы сен де бір асылдың.

Иә, Айжан. Биылғы жылдың әрбір таңы мен әрбір күні барлық қазақстандықтар үшін сәлемі сәнді, істері мәнді болып тұр. Атқан таңмен бірге шыққан күннің шапағы Шығыстан басталып, содан кейін бүкіл Қазақстанға шуағын тарататынын ойлап қуанып тұрмын. Демек, бұл өңірдің жұрты — біздер — таңды ең алдымен қарсы аламыз, солай ма?

4

Айжан

Әрине, солай, Дәулетбек. Көк түріктердің кіндік жұрты — Күн тауы, қазіргі атауы Алтай тауының шыңдары күн шапағына ең алдымен маңдайын тосады.

Күн туады Алтайдан шашып нұрын,
Сонда менен кетеді жасық мұңым.
Түркілердің, өр Алтай, төркіні едің,
Содан шығар өзіңе ғашықтығым.

Ақындар жырлаған өр Алтайдың бүгінгі өрендері — біздер — табиғатпен мәңгі біргеміз. Оны жүрегімізбен қорғауға, сақтауға және мақтан етуге әрқашан дайын болуымыз керек.

5

Дәулетбек

Дәл таптың, Айжан. Күннің шапағы елден бұрын біздің жерімізге түскендей, табиғат сыйлаған төрт мезгіл де осы өңірде өз байлығымен, ерекшелігімен анық көрінеді.

Күз айының жаңа оқу жылымен қатар басталуы біз үшін ерекше. Мектебіміздегі бастауыш сынып бүлдіршіндері биылғы күз мерекесін бастап та кетіпті: табиғаттың сырларын жырлап, ауа райын зерттеп, күн мен түнге байланысты жұмбақтар шешіп, аспан әлемінің құпияларымен танысып, айға ұшқалы жатқандай әсер қалдырды.

6

Айжан

Олай болса, біз де қарап қалмайық! Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесі қарсаңында, күздің осы бір көңілді күнінде жиналған көпшілікке өз сыйымызды ұсыналық. Тек соны неден бастарымды білмей тұрмын.

7

Дәулетбек

Мен ойландым да былай деп шештім: Астанада өткізіліп жатқан әр облыстың 20 жылдыққа арналған мерекелі күндері сияқты, біз де «Шырайлы да шұрайлы, Шығыстың күзгі байлығы» тақырыбында тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған кең көлемді әдеби-музыкалық кеш өткізелік.

8

Айжан

Жарайды, келісемін. Тақырыбың өте тамаша екен — ендеше бастайық!

9

Дәулетбек

Айжан, біз сөзімізді күннің шығуынан бастадық. Сондықтан алдымен ортамызға кешіміздің күнін, яғни бүгінгі күзгі күнді шақырайық.

Ерте жайнап атты таң,
Естіліп тұр шаттық ән.
Қарсы алайық күз күнін,
Қуанысып топты жан.

10

Айжан

Тәуелсіздіктің 20 жылы —
Мейрамдаймыз мұны біз.
Бимен шашу шашады,
Жайраңдаған күз күніміз.

11

Дәулетбек

Күз күнінің нұры бар,
Мұның ғажап сыры бар.
Құт-береке, ырыс бұл —
Қарсы алайық, тұрыңдар!

Кейіпкер

Күз күні (7 «Ә» сынып оқушысы — Жұлдыз)

Сәлем, ұстаз даналар!
Айналайын балалар!
Топ бастаушым аман ба?
Жаса жайлы заманда —
Уақыт үдеп, келдім мен,
Бақыт тілеп адамға!

(Жұлдыз билеп шығады.)

12

Айжан

Қымбатты Күз күні, ортамызға қош келдің! Әдемі биіңе қарағанда, биылғы қыс жайырақ келетін сияқты. Өйткені жадыраған Жаз күні есіктің артында тұрғандай: «Күзге сәлем беремін, бәріңе жылу төгемін», — дейді.

Кейіпкер

Жаз (8 «Ә» сынып оқушысы — Гүлсая)

Сәлем, күзгі күніміз!
Мейман парқын біліңіз.
Аптапты еске алайын,
Деп келдім сізге, ағайын!

Шілде түсіп, жалынға орап аптабым,
Барлығыңды ыстығыма қақтадым.
Тымырсық күн: жаңбыр да жоқ, жел де жоқ,
Салқын су да арықтардан ақпады.

Адамдардың амалдары таусылды,
Қабылдады жаздың ыстық маусымын.
Қаланы да, даланы да шілдеде
Құшағыма алып алдым қаусырып.

Таусылмайды табиғаттың ырысы,
Қайнап кетті қаланың әр бұрышы.
Шыдай алмай талай күнгі аптапқа,
Семейімнің тарылғандай тынысы.

Табиғатты жаратқан ғой тылсым ғып,
Адамзатқа дәлелденбес бұл шындық.
Басу үшін ішкі-сыртқы жалынды,
Қарт Ертіске бір сүңгіп алушы едім!

(Жаздың белгісі болуы керек.)

13

Дәулетбек

Айжан, мен біртүрлі тоңып бара жатқан сияқтымын...

14

Айжан

Мүмкін емес, жаңағы аптап ыстықтан кейін бе? Бірақ біз өмір сүріп отырған үшінші мыңжылдықта ештеңеге таңғалуға болмайды. Қазір табиғатта сан түрлі құбылыстар болып жатыр ғой.

Жаңа ғана жаздың аптап ыстығы, келе жатқан қаһарлы қыстың суығы, көктемгі су тасқыны — бәрі-бәрі тез өзгеріп, ойламаған жерде орын алып жатыр.

15

Дәулетбек

Дегенмен, жер бетіндегі тіршілік иелерінің ішінде адамның жеңбейтін ісі жоқ. Қандай табиғи құбылыс болса да, адам соның бәрінен нәр алады деп ойлаймын.

Назар аударатын дерек

Ғалымдардың айтуынша, адамзаттың табиғаттан алатын қуаты әр дәуір сайын ұлғайып келеді. Миллиондаған жыл бұрын адамның қоректенуіне тәулігіне шамамен 2000 ккал жеткілікті болған. Ал бүгінде әр адамның тәуліктік энергия шығынын өтеу үшін 6000–8000 ккал қажет болуы мүмкін.

Соның нәтижесінде адам өмірінің ұзақтығы бұрынғы замандармен салыстырғанда бірнеше есеге артты: шамамен 15 жылдан 50 жылға дейін ұзарды деген тұжырым айтылады.

16

Айжан

Өте жақсы ғылыми дерек айттың, Дәулетбек. Ендеше біздің 35 миллиард жасушадан тұратын миымыз мұғалім айтқандай 0,1% ғана емес, кемі 10% жұмыс істейтін болғаны ғой.

Сынып жетекшіміздің «35 миллиард жасушаңды қозға!» деп жиі айтуы бекер емес екен. Табиғаттың адамға берер сыйы сан алуан екенін, ал қазіргі заман адамы құбылмалы құбылыстарды дұрыс қабылдап, төзе білуі керектігін бүгінгі кеш тыңдаушылары да түсініп отырған шығар.