Қазақша рефераттар

Көтеремін баланы

Тұманбай Молдағалиев Өмір, қымбаттым менің өлеңі

Ақшашты атадан қорқам,
Өзім сондай болам - ау деп.
Мүрделі жотадан қорқам,
Мен де сонда қалам - ау деп,
Кім есіркер қартайсақ, балам - ау деп.
Шимай - шимай әжімнен қорқам,
Бетіме менің көшеді - ау деп,
Күлімдеген көзімнен қорқам,
Оның да оты өшеді - ау деп,
Заманым менен көшеді - ау деп.
Сықырлаған таяқтан қорқам,
Бір күні қолға алам - ау деп.
Тықылдаған сағаттан қорқам,
Бір күні тоқтап қалады - ау деп,
Уақыт зулап барады - ау деп.
Қырқадағы гүлдерден қорқам,
Күз келсе бәрі солады - ау деп.
Зулаған жүйрік күндерден қорқам,
Қанаты бір күні талады - ау деп.
Көтеремін баланы: - Әу,- деп.
Лап етіп өшкен сезімнен қорқам,
Түбіме менің жетеді - ау деп.
Бәрін де өзімнен қорқам,
Көп күнім бекер өтеді - ау деп,
Уақыт тастап кетеді - ау деп.