Өмір - менің жарқылдайтын аспаным, Өмір менің сарқылмайтын дастаным
Өмір — шексіз керуен
Бұл тәрбиелік шараның негізгі мақсаты — өмір құндылықтарының мәнін ашу арқылы адам өмірінің сипаты мен тірлігі туралы түсінікті кеңейту, сондай-ақ әр адамға өмірдегі өз орнын, өз бағдарын айқындай білуге ықпал ету.
- Форматы
- Әдеби-музыкалық композиция
- Негізгі ой
- Өмірдің мақсаты — «жүзу» емес, өз жағаңды табу
Жүру барысы
1-жүргізуші
Қайырлы күн, құрметті қонақтар!
2-жүргізуші
Қазақ халқы өмірді ағып жатқан өзенге теңейді. Өйткені өмір өзен тәрізді тоқтаусыз, ешкімге білдірмей өтіп жатады. Сол өзен ағынында кейбір жан өз арнасын тауып жатса, енді біреулері бастарын тасқа да, жарға да ұрып, өз жолын таба алмай жатады.
1-жүргізуші
Өмір — өзен, ағып жатыр тынбайды,
Өмір болмас қасіретсіз, мұң-ғайғы.
Сондықтан да өз-өзіңе абай бол,
Өмір сені сонда ғана шыңдайды.
Ақындар жырлағандай, өмір — арнасы кең өзен. Сол өзеннен өз арнаңды тауып ағу — сенің басты мақсатың. Өмірдің мақсаты — жүзу емес, өз жағаңды табу.
Олай болса, жас өрен, бүгінгі тәрбиелік шарамыз терең рухани әрі адами құндылықтарға сүйене отырып, өмір керуенінің мән-мағынасын айқындай түссін деген ниетпен бұл кешті «Өмір — шексіз керуен» деп атауды жөн көрдік.
2-жүргізуші
Жаңа-жаңа мен ұғына бастадым,
Өмір деген қымбат екен, достарым.
Өмір — менің жарқылдайтын аспаным,
Өмір — менің сарқылмайтын дастаным.
1-жүргізуші
Мен өмірді жас зерттеуші, жас ғалым,
Енді оянып, енді зерттей бастадым.
Өмір — кітап, түсінуі тым қиын,
Әрбір күнім — әрбір бетін ашқаным.
2-жүргізуші
Жағылды ма жүрегімде жаңа шам,
Ойлауменен өтеді ылғи оңашам.
Армандаймын: ұлы еліме сүйікті,
Жақсылықтар жасасам деп орасан.
Көркем сөз
А. Балабатырұлының «Өмір деген…» шығармасын Бұлбұл Қанатқызы оқиды.
Өмір — тоқтаусыз ағып жатқан өзен. Ендеше, сол өзеннен өз арнаңды табу — ішкі таңдауың мен күнделікті әрекетіңе байланысты. Рухани тереңдік, адами қасиет, мақсат пен бағдар — өмір керуенінің ең мәнді жүгi.