Балаға кім сыншы
Кештің барысы
Күй ойнап тұрады. Екі жүргізуші ортаға шығады.
1-жүргізушінің құттықтауы
Құрметті асыл аналар, қадірлі ұстаздар, қырмызы қызғалдақтай қыздар! 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 7 «В» сынып оқушылары дайындаған «Аяулы ана — асылым!» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Жыл сайын көктемнің алғашқы күндерімен бірге келетін 8 наурыз мерекесі де келіп жетті. Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғап, ұрпағына бесіктен-ақ ізгіліктің дәнін еккен аналардың мерекесі құтты болсын!
2-жүргізушінің құттықтауы және өлең
Қош келдіңіздер, құрметті аналар, мектеп ұстаздары, оқушы қыздар! Қар астынан қылтиып шыққан қызғалдақтай болып жеткен көктем мерекесі құтты болсын!
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды,
Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды.
Қуандым ба — өзің бар деп қуандым,
Жыладым ба — өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем — бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба — тек өзіңнен жасқандым.
Анаға арнау және ән
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың.
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың аясындай гүл бақтың.
Ер жеткізіп елге берген баласын,
Ақылдысың, ардақтысың, данасың!
Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,
Қайратыңнан қайта көрме, анашым.
Ән: «Ана туралы жыр» — 7 «В» сынып оқушылары Кенимджаева Жұлдыз және Жақсыбаева София орындайды.
8 наурыз мерекесінің қысқаша тарихы
Халықаралық әйелдер күні — әйелдердің экономика, әлеуметтік және саяси теңдік үшін күресін, сондай-ақ халықтар ынтымақтастығын білдіретін күн.
- 1910 жыл — Копенгагенде социалист әйелдердің II халықаралық конференциясында К. Цеткин ұсынысымен 8 наурызды жыл сайын атап өту туралы шешім қабылданды.
- 1911 жыл — мереке алғаш рет Германия, Австрия, Швейцария және Дания елдерінде өткізілді.
- 1913 жыл — Ресейде (Петербургте) атап өтілді.
- 1914 жылдан кейін — мерекені дәл 8 наурыз күні өткізу дәстүрі кеңінен орнықты.
Өсиет сөз және оқушылардың өлеңдері
Бірде Қасиетті пайғамбарға бір адам келіп: «Мен ауыр күнә жасадым. Енді мен үшін тәубе ету мүмкін бе?» — деп сұрайды. Сонда пайғамбар: «Анаң бар ма?» — дейді. Әлгі адам: «Бар», — деп жауап береді. Пайғамбар: «Онда анаңа қызмет ет», — деген екен.
Осыған орай, сынып ұлдарының аналар туралы өлең шумақтары тыңдалады.
Орындаушылар
7 «В» сынып оқушылары: Нұржан, Дәурен, Әлібек, Аман, Мұратбек, Әбдіразақ, Қанат, С. Ерболат, Қ. Ерполат, Мерей.
Аналарға арналған ойын: «Шардағы жасырын сұрақтар»
Кеш барысында ән де шырқалып, би де биленеді. Ендігі кезекте аналарға арналған сұрақ-жауап ойыны ұсынылады: шарды жарып, ішіндегі жасырын сұраққа жауап беріңіздер.
1-сұрақ
Балдан тәтті не? — бала
2-сұрақ
Қара шаңырақ иесі кім? — кенже ұл
3-сұрақ
Балаға кім сыншы? — ата
4-сұрақ
Әкеден балаға берілетін зат? — мұра
5-сұрақ
Үйдегі алтын адам кім? — ана
6-сұрақ
Тәрбие мен білімнің ордасы? — мектеп
7-сұрақ
18 жасқа толмаған адам? — бала
8-сұрақ
Екі адамның бір-біріне адалдығы? — достық
9-сұрақ
Бес асылды атаңыз — талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым
10-сұрақ
Үш арсызды атаңыз — ұйқы, тамақ, күлкі
Осы ашық тәрбие сағаты — ананың қадірін ұлықтап, ізгілік пен адамгершілікті дәріптейтін тағылымды кездесу ретінде ұйымдастырылды.