Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады, слайд
Ұстаздық — жай ғана мамандық емес, ол жүректің батырлығы. Ұстаз еңбегінің жемісі — шәкірттің өсіп-өркендеуі; білім — өмірдің шырағы; ал оқу — инемен құдық қазғандай табандылықты талап ететін ұлы еңбек.
Мақсаты
Оқушыларға «ұстаз еңбегінің жемісі», «білім — өмір шырағы», «оқу — инемен құдық қазғандай» ұғымдарының мағынасын түсіндіру, ұстаз еңбегінің қадірін сезіндіру.
Көрнекілігі
Нақыл сөздер, слайд материалдары.
Нақыл сөздер
-
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — Абай
-
«Өнер-білім бәрі де оқуменен табылған» — Ы. Алтынсарин
-
«Барлық істің басшысы — білім мен ұғым» — Ж. Баласағұни
-
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады»
Мұғалімнің құттықтау сөзі
Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Бүгін біздің мектебімізде үлкен мереке — Ұстаздар күні.
Аяулы ұстаздар, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, әр шаңырақтың үміт күткен ұл-қыздары сіздердің білімдеріңіз бен біліктіліктеріңізге сеніп келеді. Ел ертеңі саналатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда сіздердің үлестеріңіз орасан.
Сондықтан да, сіздердің төл мерекелеріңізге орай 8 «Б» сыныбы ұйымдастырған тәрбие сағатының тақырыбын «Ұстаз болу — жүректің батырлығы» деп атауды жөн көрдік.
Барлық ғалым-дана да, ел басқарған басшылар да, қарапайым еңбек адамы да — бәрі ұстаздан тәлім алып, білім нәрімен сусындаған. Сол себепті адам өмірінде ұстаздың орны ерекше. Ұлағатты ұстаздар алдында бүкіл әлем бас иеді.
Бүгін сыныбымыздың мерекелік шарасына мектебіміздің ардақты да аяулы ұстаздары — Өзия апай мен Рима апай келіп отыр. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Ұстаз деген — жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген — анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Ұстазыңды терең түсінген сен бүгін,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
2-жүргізуші
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып?
Ұстаз деген — ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иелік мәңгілік.