Рахмет қыздар

Шуағын шашқан аялы алақан

Зал іші мерекеге сай, мейрамхана стилінде әсем безендірілген. Көктемнің алғашқы күндерімен бірге келетін 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күні де жетті.

Жүргізушінің құттықтауы

Жүргізуші: Армысыздар, құрметті ата-аналар, ұстаздар, қызғалдақтай құлпырған қыздар! Жыл аралатып көктеммен бірге келетін 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!

Қыздар келеді

Залға қыздар кіріп келеді. Оларды мейрамхана әкімшісі қарсы алады.

Әкімші: Сәлеметсіңдер ме, қыздар! Мерекелеріңмен!

Қыздар: Рахмет! Сізді де мерекеңізбен құттықтаймыз! Біз №9 «Қарақат» тобының қыздарымыз. Бізді мұнда топтың жігіттері шақырған еді. Өздері әлі келмеді ме?

Әкімші: Жоқ, әлі келген жоқ. Олар келгенше отырып жайғасыңдар.

Қыздар жайғасады.

Райхан: Жігіттердің мұнысы несі? Бізді шақырып алып, өздері жоқ қой.

Зейнеп: Ал біз сәнденіп, әдемі көйлектерімізді киіп келіп отырмыз ғой.

Ұлбосын: Қыздар, ұрыспайық. Бүгін — аналар мерекесі. Одан да аналарға арнап жыр шумақтарын айтайық.

Аналарға арналған жыр шумақтары

Ұлбосын

Адам бар ма ана сүтін татпаған,
Алуан-алуан ауыр сыннан аттаған?
Адалдықты, ар-намысты сақтаған —
Мен анамның сол қасиетін мақтанам.

Жанель

Мәпелейді, әлдилейді, бағады,
«Құлыным» деп құшағына алады.
Өзгеге де, өзіне де жауапты —
Барлығына қалай уақыт табады?

Айша

Бір өзіңнен бастау алған өмір жолдарын
Жүрегіңе жүрегімді жалғадым.
Өзің сыйға берген мына өмірде
Ақ сүтіңді ақтап өту — арманым.

Мадина

Еркелесем — шаттанам,
Күлімдесең — бақ маған.
Ақ бетіңнен сүйейін,
Келші, келші, ақ мамам!

Аружан

Еркелесем күлімдейтін,
Ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
«Құлыншағым, күнім» дейтін.

Әлемдегі ең ақылды жан —
Бәрінен де жақын маған.
Ол жанымда жүрсе мен де
Батырларша батылданам.

Ұлдар келіп, көңіл табады

Музыка ырғағымен ұлдар кіріп келеді.

Жалғас: Сәлем, қыздар! Неге мұңайып отырсыңдар?

Тәрбиеші: Жігіттер, сендердің топтың қыздары сендерге қатты ренжулі. Бір амалын тауып, көңілдерін табыңдар.

Бәрі бірге

Достықты біз ойлаймыз,
Бірге күліп ойнаймыз.
Мерекеде қыздарға
Шаттық жырын арнаймыз.

Жүрсінәлі

Айтқанда әнді әуелі
Ерекше шығар әуені.
Биязы қыз Еркежан —
Өзі де ұяң, әдемі.

Мансұр

Ай секілді өзі де,
Сыңғыр-сыңғыр сөзі де.
Зейнеп деген арудың
Әдемі ғой көзі де.

Жалғас

Сабағын да меңгерген,
Жақсылықты жөн көрген.
Ата-анасы Жанниет деп
Әдемі есім теңгерген.

Сауран

Сабағынан қалмайды,
Жалқаулыққа бармайды.
Миланаға бүгінде
Ұлдар жырын арнайды.

Асылбек

Құлпырған дала гүліндей
Жүресің әркез күлімдей.
Арманыңа, Мадина қыз,
Ақ ниетпен жете бергін сүрінбей.

Айқын

Өнер қуған жасынан,
Өнері судай тасыған.
Келесі бізде — Жания,
Көрінген көштің басынан.

Ернұр

Көңіл күйінің ыңғайын
Келгенде байқап, бейімін.
Айтарымыз — Айша қыз,
Еркесі ғой үйінің.

Нүржігіт

Мерекеде көктемгі
Жақтырмайды өктемді.
Дилнозаға қараймыз —
Еркелігі көп тегі.

Алмат

Сабағы ылғи үздік,
Шығарса есеп — ізгілік.
Арамызда Ұлбосын
Өзі ширақ қыз тіпті.

Бекзат

Жақсы оқуды бастады
Әріптерді ашқалы.
Нұрсая қыз — томпиған,
Бұйра-бұйра шаштары.

Әділет

Жақсы оқып сабағын,
Бәрімізге жағатын.
Ашуланса Райханның
Шеттерінен қыратын.

С. Нұрислам

Сабағын жақсы оқиды,
Көңілге бәрін тоқиды.
Үндемей жүрген Жанель
Нені ойлап тоқиды?

Әділет

Алар дәйім бестігін,
Аққұба қыз кескінің.
Бойшаң біздің Жанерке —
Ұяңдау деп естідім.

Абдужамил

Билейді кейде айнала,
Көркіне ақылы сай ғана.
Кәусар біздің әдемі,
Сөйлейді бірақ жай ғана.

Мұзраб

Саған да жыр арналады,
Саусағынан бал тамады.
Үздіктердің қатарында
Аружан да табылады.

Бауыржан

Ән де кейде салады,
Бағаны да алады.
Бірақ біздің Милана
Бақшадан көп қалады.

Абдужамил

Мың бұрала билейді,
Мақтануды сүймейді.
Кәусар деген қызымыз
Ортаны еш бермейді.

Ұлдар: Қыздар, бізді кешіріңдерші…

Қыздар: Жарайды, бұл жолы кешіреміз…

Жалғас: Қыздар, бүгін барлығың ерекше сұлу болып кетіпсіңдер.

Жанниет: Рахмет, жігіттер. Әрине, бүгін — біздің мейрам. Сендер де сондай сымбаттысыңдар!

Жалғас: О-о-о… рас па? Рахмет, қыздар! Бірақ бүгін тек қыздардың ғана емес, әжелердің, аналардың, апайлардың да мерекесі. Келіңдер, бәрін құттықтайық.

Әжелер мен аналарға арнау

Жанниет

Армысың, әжелерім, аналарым,
Мейірбан, аппақ көңіл даналарым!
Гүл-көктемнің алғашқы мейрамымен
Құттықтайды сіздерді балаларың.

Абдужамил

Бұл күнді тойлап жатыр барша халық,
Әйелдер күні бүгін — халықаралық.
Жарыққа бізді әкелген аналарды
Бүгінгі мерекемен құттықтайық!

Зейнеп

Ұйытқысы жанұяның — берекеміз,
Аналар, құтты болсын мерекеңіз!
Әрқашан аналарымыз аман болсын,
Алаңсыз, бақытты өмір біз кешеміз!

Жалғас: Той пердесін ашайық, тойға шашу шашайық. Аналарды құрметтеп, ән маржанын шашайық. Аналарға арналған әнімізді қабыл алыңыздар.

Ән: «Ай дидарлы анашым»

Зейнеп

О, анашым! Таянышым, тірегім,
Бар бақытты бір басыңа тіледім.
Мені жақсы болса екен деп қашанда
Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің.

Туған жердің жайнап тұрған даламның
Өзіңе деп гүлін үзіп алармын.
Жүрек сырын өзіңе арнап жинадым —
Міне, гүлім! Мен де гүлдей балаңмын!

Жүрсінәлі

Бүгін — наурыздың сегізі,
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз — адамның
Анаға айтар лебізі.

Аналарды сүйеміз,
Ақылын ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.

Автор туралы мәлімет

Шымкент қаласы, №25 «Қарақат» бөбекжай-балабақшасының ІІ санатты тәрбиешісі — Шолатова Айжан Нуралиевна.