Қатыстық сын есім

Сапалық және қатыстық сын есімдер (6-сынып)

Бұл сабақта сын есімнің мағыналық түрлерін ажыратуды меңгеріп, мысалдар арқылы дәлелдеуге үйренеміз. Сабақ құрылымы жаңа тақырыпты түсіндіру, топтық жұмыс, бекіту және шығармашылық тапсырмалардан тұрады.

Сабақтың жабдығы

  • Презентация, интерактивті тақта
  • Оқулық, жұмыс дәптері
  • Ресурстар, семантикалық карта
  • Бағалау парақшалары, стикерлер

Жалпы мақсаттар

Білімділік

Сын есімнің мағыналық түрлерінің ережесін меңгерту, мысалдармен дәлелдеп көрсету, сапалық пен қатыстық сын есімді ажырата алуға үйрету.

Дамытушылық

Оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу және есте сақтау қабілеттерін дамыту; тіл байлығын, сөздік қорын молайту.

Тәрбиелік

Өзара сыйластыққа, өзгенің көзқарасын тыңдай білуге тәрбиелеу.

Сабақ форматы

Сабақтың типі

Жаңа тақырыпты меңгерту.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, Венн диаграммасы, топтық жұмыс.

Сабақтың басталуы: психологиялық ахуал

Тренинг: «Керемет». Оқушылар бір-біріне жылы сөз айтып, сабаққа жағымды көңіл күй қалыптастырады.

Топқа бөлу

Түстер арқылы топқа бөлінеді: қызыл, сары, жасыл, көк.

Үй тапсырмасын тексеру: «Зымыран сұрақтар»

  1. 1. Сын есім дегеніміз не?
  2. 2. Тұлғасына қарай сын есім нешеге бөлінеді?
  3. 3. Негізгі сын есім дегеніміз не?
  4. 4. Туынды сын есім дегеніміз не?
  5. 5. Құрамына қарай сын есім қалай бөлінеді?
  6. 6. Дара сын есім дегеніміз не?
  7. 7. Күрделі сын есім дегеніміз не?
  8. 8. Сын есім тудыратын жұрнақтарды ата.

Қызығушылықты ояту

Тақтаға мына тіркестер жазылады. Мұғалім оқушылардан сөздердің неге осылайша екі қатарға бөлініп берілгенін сұрай отырып, жаңа тақырыпқа жетелейді.

1-қатар

  • Әдемі қыз
  • Аласа үстел
  • Қызыл көйлек
  • Ащы су
  • Ауыр жүк

2-қатар

  • Өнерлі жігіт
  • Желсіз күн
  • Өткір пышақ
  • Жазғы демалыс
  • Тәртіпті оқушы

Мағынасына қарай сын есімдер сапалық және қатыстық сын есімдер болып екіге бөлінеді.

Негізгі түсінік

Сапалық сын есім

Заттың түр-түсін, сын-сапасын тікелей білдіреді.

Мысалдар

қызыл, сары, жасыл, көк, үлкен, биік, қысқа, ұзын, тәтті, ащы, қышқыл, жалпақ, қисық, домалақ, түзу; ақ, ақшыл, қымбат, кербез.

Қатыстық сын есім

Заттың сын-сипатын, түрлі белгісін басқа сөз табының қатысы арқылы білдіреді.

Мысалдар

сымбатты, атты, мінезді, жүгіргіш, ойшыл, бойшаң.

Оқулықпен жұмыс: топтық тапсырмалар

1-топ — 98-жаттығу

Сапалық сын есімдерді бір бөлек, қатыстық сын есімдерді бір бөлек етіп, екі бағанға бөліп жазыңдар.

2-топ — 100-жаттығу

Мәтіндегі ой желісіне назар аударыңдар. Салтанаттың бойындағы қасиеттерді білдіретін сөздерді теріп жазыңдар.

3-топ — «Тірек сөз» және жоспар құру

Тірек сөз: «Әсем үн»

Жоспар

  1. 1. Раушан — сыйлы бала.
  2. 2. Ол — белсенді оқушы.
  3. 3. Таланттың жемісі.
  4. 4. Сыныбымыздың мақтанышы.

Мәтін: «Әсем үн» (үлгі)

Біздің сыныпта Раушан есімді қыз оқиды. Ол өте таза, тиянақты, сабаққа ынталы оқушы. Үнемі өзін-өзі күтіп, әдемі болып жүреді. Барлық қыздар соған ұқсағысы келеді. Ол барлығына мейірімді, тілалғыш, достарының алдында беделді.

Мектепте «Екі жұлдыз» ән байқауы өткізілді. Раушан сынып жетекшімізбен бірігіп, айтулы сайысқа қатысты. Керемет, жанды дауыспен ән шырқады. Әр байқауда адал еңбегімен көзге түсіп, қарсыластарының алды болды.

Талантты қыз сайыста жеңіске жетіп, сыныбымыздың абыройын көтерді. Біз әсем үні бар, бұлбұлдай сайраған Раушанмен мақтанамыз.

4-топ — 101-жаттығу

Сапалық сын есім (үлгілер)

ескі үй, жесір әйел, керемет, шебер кісі, торқа орамал, үлкен орамал, әсем үй, кең аула, қызыл кірпіш.

Қатыстық сын есім (үлгілер)

сабан төбелі үй, керемет өнерлі, кестелі бұйымдар, кестеленген үлкен орамал, көк шатырлы аспан түстес көгілдір қабырғалы әсем үй, қызыл босағалы қақпа да алтын сырлы, жемісті ағаштар, әнші құстар, кестелеген орамал.

Сергіту сәті: «Бір сөзбен айтқанда»

  1. 1. Қиыстырып, тауып сөйлейтін сөзге ұста адам — шешен.
  2. 2. Айтқанға тез сене салатын, еш нәрсені байқамайтын адам — аңқау.
  3. 3. Тез ашуланатын адам — ашушаң.
  4. 4. Көрінгенге соқтыға беретін адам — ұрыншақ.
  5. 5. Керексіз көп сөйлейтін адам — мылжың.
  6. 6. Бойы ұзын адам — бойшаң.
  7. 7. Әркімнің сыртынан жаман сөз айтып жүретін адам — өсекші.
  8. 8. Бір сыныпта оқитын балалар — сыныптас.

Ой толғаныс: шығармашылық жұмыс

1-топ

Венн диаграммасы арқылы сапалық және қатыстық сын есімдерді салыстырады.

2-топ

Семантикалық картаны толтырады.

3-топ

Сапалық сын есімдердің ерекшеліктерін топтастыру арқылы көрсетеді.

4-топ

«Менің сыныбым» тақырыбында сын есімдерді қатыстырып мәтін құрастырады.

Сабақты бекіту: «Өзімді-өзім сынаймын» (тест)

  1. 1) Сын есім:

    • а) заттың сынын білдіреді
    • ә) заттың атын білдіреді
    • б) заттың қимылын білдіреді
  2. 2) Сапалық сын есімді тап:

    • а) қорқақ
    • ә) білгіш
    • б) ашушаң
  3. 3) Сын есімнің сұрақтары:

    • а) не істеді?
    • ә) қандай? қай?
    • б) қанша? неше?
  4. 4) Жұмбақты шешіп, сын есімді тап:

    Белi бүкiр, алысқа түкiр.

  5. 5) Туынды сын есімді тап:

    • а) жалтыр
    • ә) тәртіпті
    • б) биік
  6. 6) Сын есімді тап:

    • а) кеше
    • ә) әлсіз
    • б) жүгірді
  7. 7) Негізгі сын есімді тап:

    • а) таза
    • ә) әлсіз
    • б) кешкі
  8. 8) Қатыстық сын есімді тап:

    • а) заңгер
    • ә) ымырт
    • б) өнегелі
  9. 9) Сын есімнің мағыналық түрі қанша?

    • а) екеу
    • ә) алтау
    • б) бесеу
  10. 10) Дара сын есімді тап:

    • а) тап-таза
    • ә) ақ
    • б) өте жақсы

Үй тапсырмасы

  • 99-жаттығу: оқулықтағы тапсырмаларды орындау.
  • Жазылым: сыныптасыңды бейнелеп, мінездеме жазу.

Бағалау

Бағалау парақшалары үлестіріліп, топтық және жеке жұмыс нәтижелері бойынша қорытынды баға қойылады.