ІІІ топ
Астана қаласы, №76 мектеп-лицей
Жаратылыстану пәні мұғалімі: Қалиева Сағила Өмірқұлқызы
Сабақтың тақырыбы: Су — тіршілік көзі
Бұл сабақта оқушылар өздігінен іздену арқылы судың тіршілік үшін маңызын дәлелдеп, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырады.
Мақсаты
Оқушылардың өзіндік ізденісі негізінде судың тіршілік көзі екенін таныту.
Міндеттері
1) Білімділік
«Су» тақырыбы бойынша оқушыларды сөйлесу әрекетіне тарту, салауатты өмір салтын ұстануға және табиғатты қорғауға бағыттау.
2) Дамытушылық
Оқушылардың өз пікірін айту, өз бетімен жұмыс істеу және ойлау қабілеттерін дамыту.
3) Тәрбиелік
Судың қасиеттерін кеңірек түсіндіріп, оқушыларды табиғатты қорғауға тәрбиелеу; өздігінен жұмыс істеу дағдысын қалыптастырып, өзін-өзі басқаруға жетелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру және топқа бөлу
Мұғалім оқушыларды түгендеп, пазл түріндегі қима қағаздар арқылы үш топқа бөледі: Балқаш көлі, Каспий көлі, Арал.
Әр топ өз атауына қатысты білетін ақпаратын ортаға салады.
2) Тыңдалым: табиғат әуені арқылы ой қозғау
«Орман — релакс» әуені қосылады. Талқылауға арналған сұрақтар:
- Әуеннен қандай дыбыстарды байқадыңыздар?
- Қай дыбыс басым естілді?
- Су туралы біз не білеміз?
Мұғалім негізгі ойларды тақтаға тіркеп, оқушыларға дәптерлеріне жаздырады.
3) Тілдік кіріспе: мақал-мәтел арқылы мағынаны ашу
Оқушылар мақал-мәтелдің анықтамасын еске түсіріп, топпен берілген мақалдардың мағынасын ашады.
I топ
- Көлдің көркі — құрақ, таудың көркі — бұлақ.
- Су анасы — бұлақ, сөз анасы — құлақ.
II топ
- Судың да сұрауы бар.
- Арық бар жерде су бар, су бар жерде ну бар.
III топ
- Бұлақ көрсең көзін аш.
- Сумен ойнама — батарсың, отпен ойнама — жанарсың.
Талқылаудың қорытынды сұрағы: осы мақал-мәтелдердің ортақ тақырыбы қандай? Жауап: су. Осылайша оқушылар бүгінгі тақырыпты өздері «ашады».
4) Көрнекілікпен жұмыс: сурет арқылы ой қорыту
Мұғалім суреттер таратып, оқушыларға сурет мазмұны бойынша пікір айтуға мүмкіндік береді. Әр топқа 3 суреттен беріледі.
Негізгі мақсат — суреттен идея шығару, дәлелдеу және ортақ қорытынды жасау.
5) Тәжірибе: өсімдік пен судың байланысы
Суда тамыр шығарған бөлме өсімдігі топыраққа отырғызылады. Рөлдер:
- I топ — топырақ салады;
- II топ — өсімдікті топыраққа отырғызады;
- III топ — отырғызылған гүлге су құяды.
Нәтиже: Тамыры суда жайылған өсімдік топыраққа отырғызылғанымен, сусыз өспейтіні дәлелденеді. Демек, су — тіршілік көзі.
Мәтінмен жұмыс (топтық тапсырмалар)
Оқушылар мәтіндерді оқып, жаңа ақпаратты анықтайды және оны түрлі форматта ұсынады: диаграмма, қосымша мәлімет, сурет.
I топ: Гидросфера және мұхиттар
Жер ғарыштан көгілдір мұхиттар планетасы сияқты көрінеді: оның шамамен 70%-дан астамын су, 30%-ын құрлық алып жатыр. Мұхит, өзен, көл, жер асты сулары, батпақтар, мұздықтар және атмосферадағы су булары жердің су қабығын — гидросфераны құрайды (гидро — грекше «су»).
Судың шамамен 97%-ы мұхиттарда жиналған. Дүниежүзілік мұхит 4-ке бөлінеді: Тынық мұхиты — 50%, Атлант — 25%, Үнді — 21%, Солтүстік Мұзды — 4%.
Теңіз суы тұзды болғандықтан ішуге жарамсыз: 1 литр теңіз суында 35 г тұз болады. Су түссіз, мөлдір, иісі мен дәмі жоқ және үздіксіз айналымда болады.
Тапсырма
- Қандай жаңа мәлімет алдыңыздар?
- Мәтін негізінде диаграмма құрыңыздар.
II топ: Емдік су және судың қоғамдағы рөлі
Кейбір сулардың емдік қасиеті бар. Құрамындағы минералды тұздар аурудың алдын алуға және емдеуге көмектеседі. Емдік су шығатын жер арасан деп аталады.
Қазақстанда арасан сулары бар өңірлерде санаторийлік кешендер орналасқан: Сарыағаш, Алмаарасан, Қапаларасан, Барлықарасан, Жаркентарасан және т.б.
Су тірі ағзалардың өмір сүруі үшін өте маңызды: адам да, өсімдік те, жануар да сусыз тіршілік ете алмайды. Су болмаса электр стансалары, фабрикалар мен зауыттар да жұмыс істемейді. Су болмаса жаңбыр да болмас еді.
Тапсырма
- Қандай жаңа мәлімет алдыңыздар?
- Судың пайдасы туралы қосымша мәлімет келтіріңіздер.
III топ: Тұрмыстағы су, ауыл шаруашылығы және тазарту
Адам өмірінде су тек ішу үшін ғана емес: тамақ пісіруге, жуынуға, тұрмыстық заттарды тазалауға қажет. Суда кеме, қайықпен серуендеуге, жағалауда шомылуға, кемемен жүк тасымалдауға болады.
Егін шаруашылығында судың орны ерекше: 1 тонна бидай өсіруге 1500 тонна су қажет. Көптеген бау-бақша дақылдары (қызанақ, қауын, қарбыз, картоп және т.б.) суармалы жағдайда ғана мол өнім береді.
Әрбір тірі ағзаға су белгілі мөлшерде қажет: су жетіспесе де, артық болса да, ағзаға қауіп төнеді. Табиғатта су құм, көмір, күйдірілген топырақ сияқты кеуекті заттар арқылы сүзіліп тазарады. Ауыз суды бактериядан тазартуда хлорлау әдісі қолданылады: 1 тонна суға 0,72 г хлор қосылады.
Тапсырма
- Қандай жаңа мәлімет алдыңыздар?
- Мәтін мазмұнын бейнелейтін сурет салыңыздар.
Көрсетілім және талқылау
Бейнематериал
Клип көрсетіледі. Оқушылар «су — тіршілік көзі» деген ойды өмірмен байланыстырып, бейнематериалда көтерілген мәселені анықтайды.
Талқылау сұрағы: бейнетаспада суға қатысты қандай проблема көрсетілді?
Кері байланыс
Сабақ соңында оқушылар суды үнемдеудің жолдарын ұсынады және күнделікті өмірде қолдануға болатын нақты әрекеттерді атайды.
Сұрақ: Суды үнемдеудің қандай жолдарын білесіңдер?
Негізгі қорытынды
Тәжірибе, мәтін және талқылау нәтижесінде оқушылар бір түйінге келеді: су — тіршілік көзі. Суды қорғау — табиғатты қорғау, ал табиғатты қорғау — болашақты қорғау.