Алфавитте қанша әріп

Мақсаты мен идеясы

Бұл кештің басты мақсаты — оқушылардың Әліппеден алған білімдерін тиянақтау, олардың қабілеті мен икемділігін, шығармашылық мүмкіндіктерін ашу. Сондай-ақ ата-аналарға балалардың 3–4 ай ішінде қандай білім меңгергенін іс жүзінде көрсету.

Кеш мазмұны оқушыларды ата-анаға, Отанға, ел мен болашақ алдындағы борышын сезінуге, туған жерін сүюге және оны қорғауға дайын болуға тәрбиелеуге бағытталады.

Көрнекіліктер

  • «Әліппе», «Ана тілі», «Математика» оқулықтарының мұқабалары
  • Нақыл сөздер
  • Шарлар

Кеш барысы

Көрініс: Мектепке алғаш келу

Ақсақал рөліндегі бала немересін жетектеп шығады. Күй әуені ойнап тұрады.

Автор

Жеті жасар баласын,
Жетпісте шал жетектеп,
Келе жатыр көшеде:
«Қайда әлгі мектеп?» — деп.
Жетпіс келеді сүрініп,
Жеті келеді жүгіріп.

Ата

Балам, балам, жақсы бол,
Міне, сенің мектебің.
Сабағыңа зейін сал,
Ақылды бол, тентегім.

Немере

Қыркүйекте келдім де,
Сыныпқа кірдім қуанып.
Қарсы алды ұстаз мейіріммен,
Қадамымды құп алып.

Немересі жүгіріп мұғалімнің қасына келіп, қолындағы гүлін ұстазына ұсынады. Сахнадан шығып кетеді де, ортаға мұғалім шығады.

Мұғалімнің сөзі және қарсы алу

Толқимыз, толқып тұрмыз баршамыз да,
Мұндай күй болған шығар баршаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
1 «Б» сынып оқушыларын ортамызға!

Музыка әуенімен оқушылар ортаға шығады. Ақжаулықты әжеміз шашу шашады.

Сұрақ-жауап

Мұғалім: Іші толы әріпке, білімдегі жарық не?
Оқушылар: Ол — сүйікті Әліппе!

Әліппені шақыру

Оқушылар: Әліппе! Әліппе! Әліппе!
Әліппе: Армысыздар, жас достар! Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың әліппесін меңгерген,
Келешегі қазақтың басталады сендерден.

Таудай болса талабың, айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың — қуанышы ананың.
Жақсы білім — көрімдік болсын сізге, халайық!
Не үйреніп, не білдік — қане, ортаға салайық!

«Әліппе» сөзінің мәні

Мұғалім балаларға «Әліппе» сөзінің әр әрпін мағынамен ашуды ұсынады.

Алмаз: Ә — әлемді

Баян: Л — легімен

Талғат: І — ізгілікпен

Ақбота: П — парасатпен

Ақылбек: П — паш

Рыскүл: Е — етеміз

Хормен

Әлемді легімен, ізгілікпен, парасатпен паш етеміз.

Негізгі ой

Әліппені құрметтеу, ризашылық білдіру және оны өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымызға аманат ету — біздің міндетіміз.

Мектеп туралы әңгіме

Сұрақ

Мұғалім: Білім алу үшін ең алғаш қайда келеміз?
Оқушылар: Мектепке келеміз.

Мақал-мәтелдер

Әділ: Мектеп — кеме, білім — теңіз.
Жансая: Мектеп — білім ордасы.

Ән

«Әнші балапан»

Ринат

Іші толы әріпке
Мынау әйбәт Әліппе.
Барлық ілім-білімнің
Әжесі — осы Әліппе.

Қайсар

Әліппем, менің Әліппем,
Сені қолға алып мен
Есігін аштым мектептің,
Ертеңім сәуле жарықпен.

Аллаберген

Ата-апа атын сен
Бізге үйреттің, Әліппе.
Бізге нағыз жақынсың,
Сенен білдік әріпті.

Асел

Арта берді кітапқа
Бойымдағы құмарым.
Бірге жүрген қасымда
Кітап болды сыңарым.

Нұржау

Әсем ою-өрнекпен
Көмкерілген Әліппем.
Сен болмасаң білімге
Бастайтын жолды біліп пе ем.

Салтанат

Енді жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза болып саған жүреміз,
Сүйікті біздің Әліппе.

Ойын: «Кім көп біледі?»

Әліппе оқушыларға тапсырма береді. Оқушылар кубикті лақтырып, өздеріне түскен тапсырманы орындайды.

  1. Қазақстанның Президенті кім?
  2. Алфавитте қанша әріп бар?
  3. Дауысты дыбыстарды ата.
  4. Алфавитті құрастырған алғашқы адам кім?
  5. Қазақ даласында алғашқы болып мектеп ашқан кім?
  6. «Көбелек» сөзінде қанша буын бар?

Мұғалім балалардың 42 әріпті толық меңгеріп, оқуды және жазуды үйренгенін атап өтеді. Бұл мереке тек бір мектепте ғана емес, еліміздің мыңдаған балалары үшін ортақ қуаныш екені айтылады.

Әріптер туралы өлең

Әділ: Алфавитің А тұрады басында,
Жансая: Әрқашанда Ә тұрады қасында.
Еркін: Байқайсың ба, Б тұрады үшінші?
Ақбота: Ал, осының сыры неде?

Хормен

А — деген ол аналар ғой ардақты,
Ә — деген ол әкелер ғой салмақты.
Б — деген ол балалар ғой әдемі,
Біздің елде үшеуі де кәделі.

Ән

«Әліппе»

Математика бөлімі

Мұғалім: Әліппеден оқып-жазуды үйренсек, математикадан санауды, есептеуді және сандарды жазуды үйрендік. Ендеше, сөзді математикаға берейік.

Математика

Мынау менің кітабым,
Аса құрмет тұтамын.
Білім нәрін жұтамын —
Біздің келер шамамыз.
5-ке 3-ті қосамыз,
Жауабын тез табамыз.

Сандар сөйлейді

Баян: Бір — білім, білім — жарық күнің.

Алмаз: Екі — еңбек, еңбек бәрін жеңбек.

Талғат: Үш — үміт, үмітсіз жоқ жігіт.

Ақбота: Төрт — талап, талмайтұғын қанат.

Ақылбек: Бес — бірлік, бірліксіз жоқ тірлік.

Рыскүл: Алты — арман, атар таңың алдан.

Мәншүк: Жеті — жігер, жеңер жолын білер.

Қайсар: Сегіз — сенім, сүйенішің сенің.

Еркін: Тоғыз — талғам, тура жолға салған.

Салтанат: Он — Отан, Отанды сүй, ботам.

Есептер

  1. Оң қолымда 5 алма, сол қолымда 5 алма. Барлығы неше алма?
  2. 5 алманың үшеуін досың сұрап алды. Қолыңда неше алма қалды?
  3. Сымда 5 үйрек отыр еді. Екеуін үркітіп жіберсек, нешеуі қалады?

Қосымша тапсырма: берілген суреттерден жасырынған санды тауып көрсету.

Бағалар туралы түсінік

Мұғалім балаларға қазір баға қойылмайтынын, ал жаңа жылдан кейін бағалау басталатынын түсіндіреді. Қай баға жақсы екенін білу үшін, бағаларды «сөйлетіп» көреді:

1 — жаман баға, оны жаман бала алады.

2 — нашар баға, інім-қарындасым, нашарлама.

3 — орта баға, сапасы орта ғана.

4 — жақсы баға, оны жақсы бала алады.

5 — үздік баға, оқитын бол үздік қана.

Мұғалім балалардан ең жаман бағаларды және ең жақсы бағаларды сұрап, ой бөліседі.

Ән

«Ұстазым» (Әдесова Баян)

Әліппемен қоштасу

Мұғалім: Біз Әліппенің арқасында жазуды, өз бетімізбен оқуды, сөз бен сөйлем құрауды үйрендік. Ендеше, Әліппеге не деуіміз керек?

Хормен

Әліппеге рахмет!

Талғат

Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.

Әділ

Сөйледі олар тіл бітіп,
Небір қызық сырларды.
Тыңдай бердім мен жұтып,
Тіл біткен тақпақ, жырларды.

Ашыла берді алдымнан
Кең дүние есігі.
Соғылған сомдап алтыннан
Әліппе — білім бесігі.

Әліппе

Балалар, сендер мені жақсы меңгеріпсіңдер. Мен сендерге ризамын. Сау болыңдар!

Хормен: Қош, қош, Әліппем!

Ақбота М.

Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз.

Ата-анамен бірлескен ойын

Мұғалім ата-аналардың қолдауы ерекше маңызды болғанын атап өтіп, ризашылық білдіреді. Одан кейін ата-аналармен бірге «Тапқыр достар» ойыны ойналады:

  • Балалар мен аналар ортаға шығады.
  • Аналардың көзін байлайды.
  • Анасы баласының бетін сипап, өз баласын табады.

Би

Шығыс биі (Малкешова Ақбота)

Жаңа дос: «Ана тілі»

Мұғалім: Сендер Әліппені бітірдіңдер. Енді жаңа достарың — «Ана тілі» оқулығы. Әліппені қалай меңгерсеңдер, ана тілін де солай ынтамен оқыңдар.

Ана тілі келеді

Баян: Туған елдің тілімін, ақылы мен танымын.
Түсіндірер бәріне — ана тілі пәнімін.
Ана тілім — ұраным, ана тілім — құралым.
Ана тілім болмаса, мықты болмас тұрағым.

Алмаз

Төтеп беріп сынға,
Қайыспаған ауырға.
Адал болып досына,
Бас имеген жауына.

Көрініс

«Үш жалқау»

Біз не үйрендік?

Нені үйрендік?

  • Ақбота М.: оқуды
  • Мәншүк: жазуды
  • Баян: есеп шығаруды
  • Алмаз: ән айтуды
  • Рыскүл: би билеуді
  • Талғат: үлкенді сыйлауды
  • Ақылбек: кішіге қамқор болуды
  • Жансая: елімізге жақсылық жасауды

Нені ажырата білеміз?

  • Қайсар: жақсылық пен жамандықты
  • Аллаберген: ақ пен қараны
  • Асел: арамдық пен адалдықты

Нені сүйеміз және кім боламыз?

  • Әділ: Отанды
  • Салтанат: ата-ананы
  • Жансая: халқымызды
  • Еркін: достарымызды
  • Ақбота: ұстазымызды
  • Ринат: мектебімізді
  • Нұржау: адал азамат
  • Ақбота Б.: ақылды ару
  • Еркін: оқымысты ғалым

Хормен

Тәуелсіздіктің туын биік ұстайтын, елін сүйген ер боламыз!

Ән

«Отан»

Бата және құттықтау

Мұғалім: «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» — демекші, ақ тілек пен батаның орны бөлек. Ақ шашты анамыздан бата сұраймыз.

Үлкендердің ізгі тілегі: Қымбатты балалар! Мектептегі алғашқы жетістіктеріңмен құттықтаймын. Әліппе сендерді әріптермен ғана таныстырған жоқ — бір-біріңмен достасуға, мектеп ережесін сақтайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Ән

«Мұғалім — ол біздің...»