Көк қалпақ

§ 20. XV–XVII ғасырдағы Қазақ хандығының қоғамдық құрылысы

Сынып: 10-сынып

Тарих Қазақ хандығы «Ойлаудың алты қалпағы»

Сабақтың мақсаттары

Оқу мақсаты

Қазақстан жерінде өмір сүрген Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Моғолстан және Ноғай Ордасы мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық және этникалық ахуалын талдау. Олардың саяси дағдарысқа ұшырауы Қазақ хандығының құрылуына тарихи алғышарт болғанын түсіндіру.

Тәрбиелік мақсат

Оқушылардың бойында отаншылдық пен патриоттық рухты күшейту, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені қалыптастыру.

Дамытушылық мақсат

Білім, білік, дағдыны өз бетінше жұмыс арқылы нығайту, қосымша дерекпен ізденуді жүйелеу.

Сабақ форматы

Сабақ түрі: Эдвард де Бононың «Ойлаудың алты қалпағы» технологиясы.

Әдісі: әртүрлі ойлауды қажет ететін сұрақтар мен проблемалық жағдайларды талқылау, дәлел келтіру, қорытынды жасау және өз пікірін негіздеп ұсыну.

Сабақ барысы: «Ойлаудың алты қалпағы»

Ақ қалпақ

Тарихи фактілерді және жаңа мәліметтерді объективті түрде тізбектеу.

Қызыл қалпақ

Материалды жекелей бағамдап, ықтимал себептер мен уәждерді түсіндіру.

Қара қалпақ

Теріс салдарлар мен проблемаларды талдау, тәуекелдерді көрсету.

Сары қалпақ

Оң тұстарды жинақтау, маңызын ашу және жетістіктерді көрсету.

Жасыл қалпақ

Нәтижелерді шығармашылық түрде ұсыну (тақпақ, ән, қойылым және т.б.).

Көк қалпақ

Жалпы рефлексия: идеяларды жүйелеу, тұжырым жасау, қорытындылау.

Ақ қалпақ: тарихи фактілер

  1. Қазақстан аумағында өмір сүрген Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Моғолстан және Ноғай Ордасының әлеуметтік-экономикалық әрі этникалық жағдайы Қазақ хандығының құрылуына алып келген тарихи алғышарттарды қалыптастырды.

  2. Тарихшы М. Х. Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде 1465–1466 жылдары Жәнібек пен Керейдің осы хандықтан бөлініп кеткенін жазады. Көшудің басты себептерінің бірі — 1457 жылы Әбілхайыр ханның қалмақ ханы Үз-Темірден жеңілісінен кейін өзін қолдамаған сұлтандарға жаза қолдануы. Бұған қарсы болған Жәнібек пен Керей өз ру-тайпаларын Жетісуға бастап көшеді.

  3. Қазақ хандығы құрылған сәттен бастап саяси жағдайын нығайтуға ұмтылды. 1470 жылдан бастап Жәнібек пен Керей Түркістан аймағындағы ата қоныстарын қайтаруға кірісті. 1465 жылы Әбілхайыр ханның қаза болуы билік үшін күресті күшейтті. Осы кезеңді тиімді пайдаланған Қазақ хандығы Оңтүстік Қазақстандағы Сығанақ, Сауран секілді қалаларды өз ықпалына алды.

  4. Хандықтың саяси ықпалы XVI ғасырдың 50-жылдарынан бастап Қасым ханның ұлы Хақназар хан (1548–1580) тұсында күшейді. Орта Азияда болған ағылшын көпесі А. Дженкинсон мұсылман халықтарының ішінде саны ең көп әрі күші басым халықтың қазақтар екенін, олардың Ташкентке жасалған шабуылдарға қатысып, керуендердің еркін қозғалысына кедергі келтіргенін атап өтеді.

Қызыл қалпақ: жекелей бағамдау

  1. Керей мен Жәнібектің Әбілхайыр ханнан бөлініп, Жетісуға бет алуы бір ғана оқиғамен түсіндірілмейді. Бұл қадамның түпкі себептері тереңде жатыр: ең алдымен, хандық ішіндегі әлеуметтік-экономикалық қайшылықтардың күшеюі. Ортағасырлық авторлардың деректерінде халықтың өз билігіне разы болмай көшуі жиі кездеседі, алайда дәл осы үдеріс Қазақ хандығы сияқты жаңа мемлекеттік құрылымның пайда болуына мүмкіндік берді.

  2. Көштің Жетісуға бағытталуы кездейсоқ емес: бұл өңірде ертеден келе жатқан этникалық жақындық пен байланыс басым болды. Сол себепті жергілікті қазақ тайпалары мен көшіп келген тайпалардың бір аймаққа шоғырлануы қазақ халқының қалыптасуын және жеке хандықтың құрылуын жеделдетті. Қоныстану орны ретінде Қозыбасы мен Шу өңірі аталады.

  3. Қоныс аударушылар саны бастапқы кезеңде 200 мың адамға дейін жеткені айтылады. 1465–1466 жылдары жасы үлкен Керейді ақ киізге отырғызып, хан көтеру арқылы Қазақ хандығының негізі қаланды. Бұл оқиға қазақ тарихында ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі ірі тарихи құбылыс ретінде бағаланады: Қазақ хандығы «қазақ» атауымен әлемге таныла бастады.

  4. XV–XVII ғасырларда хандықтың ең жоғарғы билеушісі — хан. Ол сұлтандар мен билердің сүйенішіне арқа сүйеп басқарды. Хандық билік мұрагерлікпен беріліп, таққа тек сұлтан атағы бар адам ғана отыра алды. Аға сұлтан мәртебесі Шыңғыс әулетіне тиесілі саналды.

  5. Дәстүр бойынша хан сайланатын адамды ақ киізге отырғызып, ең беделді сұлтандар мен билер оны үш рет көтеріп, «хан, хан, хан» деп жариялаған. Кейін ақ киізді тәбәрік ретінде бөлісіп алған.

    Ханның негізгі құқықтары мен міндеттері

    • Мемлекет жеріне билік жүргізу.
    • Соғыс жариялау, билік жүргізу және әскер басқару.
    • Шетелдермен келіссөз жүргізу.
    • Өлім жазасын тағайындау немесе кешіру.
    • Заң шығаруға және бұйрық беруге бастамашылық жасау.

Қара қалпақ: проблемалар мен теріс салдарлар

  1. Хандық ішінде тақ пен билік үшін талас жиі орын алды. Мысал ретінде XVII–XVIII ғасырлардың 30-жылдары шамасында Есім, Тұрсын, Абылай секілді сұлтандардың ықпалы күшейіп, саяси бытыраңқылық белгілері байқалғаны айтылады. Өзбек ханы Инамқұл Тұрсынды хан деп жариялап, Ташкентке билеуші етіп тағайындаған. Бұл әрекеттер Есімге қарсы бағытталды. Ақыры Есімнің Тұрсынды өлтіруімен аяқталған оқиға тарихта «Қатаған қырғыны» атауымен белгілі.

  2. Қазақ қоғамы әлеуметтік құрамы жағынан екі үлкен топқа жіктелді: ақсүйектер және қараша халық. Ақсүйектерге Шыңғыс әулетінен тараған төрелер (оғландар), сондай-ақ қожалар жатты. Олардың бір саты төменінде ру-тайпа ортасынан шыққан билер, бай-шонжарлар, батырлар, ақсақалдар болды. Қарапайым халық сұлтандардың атын атамай, «төре» немесе «тақсыр» деп құрмет көрсеткен.

  3. Қазақ қоғамының құқықтық өмірінде «Жеті жарғы» нормалары орнықты. Онда этностық құрамға енген ру-тайпалардың әдет-ғұрып құқығы негізге алынды. Кей деректерде «Жеті жарғы» бойынша хан мен билер пайдасына халықтан жыл сайын жиырма малдан бір бас жиналғаны айтылады. Кісі өлтіру ісінде «қанға-қан», кек қайтару қағидаты сақталып, жаза адамның тегіне қарай әртүрлі қолданылған.

  4. Тарихшы Құрбанғали Халиди нұсқасында Абылай хан туралы пікірлер біркелкі емес: халық жадында оның озбырлық әрекеттері жайлы әңгімелер сақталғаны көрсетіледі. Солардың бірі — Қазыбек бидің інісі Ботақанды тірідей көмдіріп өлтірді деген оқиға. Бұл оқиғаға қатысты Көтеш ақынның Абылайға арнаған өлең жолдары және Жанақ ақынның (1770–1856) Рүстем төреге айтқан сөздері мысалға келтіріледі.

    Дерек ретінде келтірілетін өлең үзінділері

    Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,

    Есіл ер, жазығы жоқ, неге өлтірдің?

    Хан басын қарашаңмен даулы қылып,

    Үстіне ақ орданың қол келтірдің.

    Көтеш ақын

    Ботақанды Абылай өлтірем деп,

    Заманы бола жаздаған алмағайын.

    Сол себепті, сен тұрмақ атаңның да

    Көкшетаудан табаны кеткен тайып.

    Жанақ ақын (1770–1856)

Сары қалпақ: оң тұстар мен маңызы

Мемлекеттіліктің орнығуы

Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихында ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінде маңызды оқиға болды. Хандық «қазақ» атауымен әлемге таныла бастады. Мемлекетті басқаруда Құрылтай жиналысының орны ерекше: жиында ішкі және сыртқы саясат, көші-қон, елдік мәселелер қаралды.

Құқықтық жүйенің қалыптасуы

Тәуке хан дәуіріндегі құқық нормалары жүйесі «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деп аталды. Тәуке хан үш жүздің басын қосып, Күлтөбе маңында кеңес өткізгені айтылады. Жиналысқа қару-жарақсыз келген адамның дауыс беруге құқығы болмағаны көрсетіледі. Жарғыда мал-мүлікті тәркілеу, елден қуу секілді жоралар кездеседі, ал отбасылық қатынаста атаның құқығы үстем болған.

Поэзиялық пайым

Бәрі болған қазақ сынды көне елде

Ел белгі де, ерлік сезім — өнерде.

Жаһандағы ең жауынгер халықта

Кім сенеді ту болмады дегенге?!

Бас білгізіп, жер тарпыған тарпанға,

Жасы тұрмақ, шығады екен қарты аңға.

Қалай оның Елтаңбасы болмайды,

Түлігіне дейін салса ең таңба!

Батырлыққа уызынан жарыған,

Ер түркіні байрағынан таныған,

Өзі ақын, өзі әнші халықта

Кім айта алар болмаған деп әнұран?!

А. Бөкенов

Жасыл қалпақ: шығармашылық ұсыныстар

Мөңке бидің толғауынан ой

Зерттеушілердің шамалауынша, Мөңке би 1675–1756 жылдары өмір сүрген. Оның әкесі Тілеу Айтұлы Күлтөбеде Тәукені хан көтеруге қатысқан, көрегендігімен, шешендігімен, тапқырлығымен танылған тұлға ретінде сипатталады.

Құрамалы қорғанды үйің болады,

Айнымалы, төкпелі биің болады.

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Ай сайын бас қосқан жиын болады.

Тәуке хан туралы әңгіме-тапсырма

Тәуке хан өз дәуірінде қазақ, орыс, қытай, жоңғар және басқа шығыс халықтарының тарихнамасында ірі тұлға ретінде көрінеді. Аңыз-әңгімелерде Тәуке хан қолбасшыларынан: «Жоңғар шапқыншылығын тоқтатып, олардың ордасын талқан ету үшін қазақтарға не қажет?» деп сұрайды. Түрлі пікір айтылған соң, хан негізгі түйінді ауызбіршілік деп түйіндейді: ол елдің мәңгілік қаруы, күш-қуаты және жеңістердің күретамыры.

Шығармашылық формат: тақпақ, ән, шағын қойылым немесе диалог. Негізгі идея — тарихи сабақтан бүгінгі қоғамға қажетті тұжырым шығару.

Көк қалпақ: қорытынды және рефлексия

РАФТ технологиясы

Р — Рөл

Оқушы

А — Аудитория

Қала әкімі

Ф — Форма

Өтініш хат

Т — Тақырып

Абылай ханға ескерткіш орнату

Қорытындылау, бағалау, үй тапсырмасы

  • Қорытындылау: тақырып бойынша негізгі ұғымдар мен себеп-салдар байланысын жүйелеу.
  • Бағалау: пікір айту, дәлелдеу, дерекпен жұмыс істеу және шығармашылық ұсыну сапасына қарай.
  • Үй тапсырмасы: § 20 оқу және қосымша шығармашылық тапсырма орындау.