Сиқырлы математика еліне саяхат
Сабақтың тақырыбы
«Сиқырлы математика еліне саяхат» — сандар мен пішіндер туралы білімді бекітуге, кеңістікті бағдарлауды жетілдіруге және жұмбақ шешу дағдыларын дамытуға арналған ойынға құрылған сабақ.
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
- Сандар мен пішіндер туралы түсініктерді бекіту.
- Кеңістікті бағдарлауды жетілдіру.
- Жұмбақ шешуге дағдыландыру.
Білімділік
- Сандарды тура және кері санауды үйрету.
- Пішіндердің түрін, көлемін және түсін дұрыс атауға дағдыландыру.
- Кеңістікте бағдарлай білу қабілетін бекіту.
Дамытушылық
- Зейін, логикалық ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту.
- Тапсырмалар арқылы шешім қабылдауды, ұжыммен жұмыс істеуді жетілдіру.
Тәрбиелік
- Мейірімділік пен достық сезімдерін қалыптастыру.
Қостілділік сыңары
Құрал-жабдықтар мен әдіс-тәсілдер
Көрнекіліктер
- Сандар
- Пішіндер
- Құрсау
Әдіс-тәсілдер
- «Жылулық шеңбер»
- Жұмбақ жасыру
- Сұрақ-жауап
- Көрсету, түсіндіру
- Сергіту сәті
- Тапсырмалар, сан туралы тақпақтар
- Әңгімелеу, ТРИЗ элементтері
Сөздік жұмысы
Құрсау.
Алдын ала жұмыс
Сандар туралы тақпақтарды жаттату.
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
— Балалар, бүгін бізде ерекше күн. Қараңдаршы, бізге қонақтар келді. Алдымен қонақтармен амандасайық.
— Сәлеметсіздер ме!
«Жылулық шеңбер»
Алақанды ашайық,
Күннің нұрын салайық!
Жүрек жылуын алайық!
Жиналған жылы шуақты
Қонақтарға сыйлайық!
Жұмбақтар арқылы ой қозғау
Тәрбиеші: Бір сиырдың неше аяғы бар?
Балалар: Бір сиырдың төрт аяғы бар.
Тәрбиеші: Екі түлкінің неше құйрығы бар?
Балалар: Екі түлкінің екі құйрығы бар.
Тәрбиеші: Ағаштың басында төрт торғай отыр. Олардың жанына тағы бір торғай келіп қонды. Неше торғай болды?
Балалар: Бес торғай болды.
Тәрбиеші: 1, 2, 3, 4, 5 — тура санау. 5, 4, 3, 2, 1 — кері санау.
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар!
Саяхатқа шақыру
Тәрбиеші: Балалар, саяхатқа барғыларың келе ме?
Балалар: Барғымыз келеді.
Тәрбиеші: Онда біз қазір сиқырлы математика еліне аттанамыз. Саяхатқа пойызбен барайық.
Аялдамалар мен тапсырмалар
«Саябақ» аялдамасы
Тапсырма: Санға сәйкес жеміс-көкөністерді теріп алыңдар. Содан кейін қандай сан және неше жеміс тергендеріңді айтып беріңдер.
Балалар (мысал):
- «Менде 1 саны — мен 1 алмұрт тердім».
- «Менде 2 саны — мен 2 алма жинадым».
- Тағы басқа жауаптар.
«Түрлі-түсті пішіндер» аялдамасы
Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы, мұнда нелерді көріп тұрсыңдар?
Балалар: Әртүрлі пішіндер.
Тапсырма: Пішіндерді құрсауға орналастыру. Көк құрсауға дөңгелек пішіндерді, ал қызыл құрсауға әртүрлі пішіндерді орналастырамыз.
Балалар: «Көк құрсауға дөңгелек пішіндерді, қызыл құрсауға әртүрлі пішіндерді орналастырдым».
«Киімдер» аялдамасы
Тапсырма: Киімдерді «жамау» (кесілген жерге сәйкес пішінді қою).
Тәрбиеші: Мұнда киімдердің суреттері бар, бірақ олар толық емес. Оларды пішіндер арқылы жамаймыз. Мысалы, киімді сопақша және үшбұрыш пішіндерімен жамауға болады.
«Түрлі-түсті таяқшалар» аялдамасы
Тапсырма: Таяқшалар арқылы әртүрлі пішіндерді құрастыру.
Балалар берілген материалмен жұмыс істеп, құрастырған пішіндерін көрсетеді және атайды.
«Демалу орталығы» аялдамасы (сергіту сәті)
Бәріміз біргеміз.
Оңға бір қадам, солға бір қадам — шапалақ ұрамыз.
Алға бір қадам, артқа бір қадам — шапалақ ұрамыз.
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар!
Математика ханшайымына арналған тақпақтар
Балалар сандар туралы жаттаған тақпақтарын айтады.
Али
Біздің үйде бір тауық,
Бір жұмыртқа жүр тауып.
Бір сиыр бар қорада,
Бәтіш тәтем жүр сауып.
Ақбота
Екі аяқпен жүремін,
Екі көзбен көремін.
Екі қолым бар менің,
Екі құлақ білемін.
Дидар
Үйімде бар үш қалам,
Үшеуінде ұштағам.
Үш досымды салдым мен,
Үш балыққа ұқсаған.
Каусар
Төрт дөңгелек арбада,
Төрт аяқ бар малда да...
Тауыса алмай бидайды,
Төрт тышқан жүр қамбада.
Инабат
Бестік деген бағаны,
Бақыт күнде алады.
Бәрі жақсы көреді,
Беске оқыған баланы.
Математика ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар! Рахмет, өнерлерің өрлей берсін. Сендер ақылды, алғыр, білімді екенсіңдер. Сондықтан сендерді марапаттап, жұлдызшалар сыйлаймын.
Балалар: Рахмет, математика ханшайымы!
Математика ханшайымы: Енді менің кететін уақытым болды. Сау болыңдар, балалар!
Тәрбиеші: Сау болыңыз!
Ойын: «Пинг-понг» (қарама-қарсы ұғымдар)
Тәрбиеші: Мен бір сөз айтамын, сендер оған қарама-қарсы сөзді айтасыңдар.
Ұзын
Қысқа
Жуан
Жіңішке
Алыс
Жақын
Қорытынды сұрақтар
Тәрбиеші: Балалар, бүгін қайда бардық?
Балалар: «Сиқырлы математика еліне» саяхатқа бардық.
Тәрбиеші: Саяхатта біз не істедік?
Балалар: Әр аялдамаға тоқтап, тапсырмалар орындадық, ойын ойнадық, жұмбақтар шештік.
Тәрбиеші: Ханшайым сыйлаған жұлдызшалар ұнады ма?
Балалар: Иә, ұнады.
Қоштасу шеңбері
Балдай тәтті балалармыз,
Айтқан тілді аламыз.
Ойынменен өседі,
Ойымыз бен санамыз.
Қол ұстасып бәріміз,
Жарасады сәніміз.
Көріскенше күн жақсы.