Ана тілің

Қазақ тілі • 10-сынып

Сабақ тақырыбы: Іскерлік қатынастағы жазбаша құжаттар

Мақсаты

Іс қағаздарының түрлері мен тілдік-құрылымдық ерекшеліктерін меңгерту; құжаттарға тән стильдік және лексикалық белгілерін, қолданылу аясын, атқаратын қызметін жан-жақты түсіндіру.

Оқу нәтижелері

  • Кеңсе құжаттарын қазақ тілінде жүргізу тарихын талдайды.
  • Іс жүргізу терминдерін және ресми іс қағаздары стилін меңгеріп, кәсіби құзыреттілікке ұмтылады.

Ресурстар

  • Әдебиет оқулығы
  • Бейнетаспа

Қолданылатын стратегиялар

Миға шабуыл Мағынаны тану Топтастыру Сатылай кешенді талдау Сергіту сәті Екі жұлдыз, бір тілек Сұрақтары бар қорап Басбармақ

Сабақтың барысы

Жаңа тақырыпқа кіріспес бұрын, үй тапсырмасын пысықтап, оқушылардың қызығушылығын ояту жұмыстары жүргізіледі.

Үй тапсырмасын сұрау (сұрақ-жауап)

Сұрақтар қойылады, әр топ жылдамдық пен дәлдік бойынша жауап береді. Көп дұрыс жауап берген топ ұпай жинап, ынталандыру сыйлығын алады.

Ереже

  • Әр топ кезекпен жауап береді.
  • Дұрыстық пен жылдамдық есепке алынады.
  • Көп ұпай жинаған топ марапатталады.

Жаңа тақырып бойынша тапсырмалар

Оқушылар топпен жұмыс істеп, ресми стильде құжат құрастыру дағдыларын дамытады. Әр топқа нақты практикалық тапсырма беріледі.

Жаттығу жұмыстары

Әр топтың «бас мамандары» іссапарға жіберіледі. Тақтада сөйлем талдау арқылы іссапарға жіберу туралы бұйрық үлгісімен жұмыс жасалады.

Топтық тапсырмалар (87-жаттығу)

I топ

Мектепаралық спорт сайысы жөніндегі есеп беру үлгісін дайындау.

II топ

Мектептің радиоторабының ақпарат бөліміне мектеп өміріндегі оқиғалар туралы хабарлама әзірлеу.

III топ

«Кітап әлемінде» мектепішілік шарасының өткізілуі туралы бұйрық үлгісін жасау.

IV топ

88-жаттығу: түйіндеме (резюме) жазу. Түйіндеме М. Мақатаевтың «Менің анкетам» өлеңі бойынша толтырылады.

М. Мақатаев — «Менің анкетам» (түйіндеме толтыруға негіз)

Төмендегі сұрақ-жауап құрылымы оқушыға ресми құжаттардағы деректерді жүйелеуге көмектеседі.

Туған жерің?
Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
Туған жылың?
1931. Құрдасымын Шәмілдің.
Жынысың кім?
Еркекпін ғой, еркекпін! Және де тәуірмін...
Партияда барсың ба?
Жоқпын. Бірақ коммунистік көзқараспен қараймын.
Шыққан тегің?
Шаруамын. Бар тірліктен бағалы соны санаймын.
Білімің ше?
Орташа ғой. Алайда өзімді жоғарыға балаймын.
Ана тілің?
Қазақша. Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
Қайда істедің?
Мынау еңбек кітапшамнан танып ал. Оқымаған, дипломсыз демесең, бір басымнан талай мамандық табылар.
Міндеттісің бе әскерге?
Міндеттімін. Біздің әлі жас кеуде. Жауынгердің ұлымын ғой, жанын қиған Мәскеуге.
Сөгіс алып көрдің бе?
Ол жағынан періште едім дей алмаймын мүлде. Ойлы-қырлы бұл өмірде мүлт кету болады ғой — ол өзі ездің де, ердің де еншісі.
Шетелдерде болдың ба?
Болғаным жоқ. Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап. Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен — осы отырған орнымда-ақ.
Мекен-жайың?
Мекен-жайым — жер менің. Жерде жүрген ақын деген пендемін. Қалам, қағаз, аздаған уақыт бер тек — мен өмірді жырлау үшін келгенмін!

Құжат толтыруға нұсқау

  • Өлеңдегі мәліметтерді ресми стильге түсіріп, қысқа әрі нақты жазыңыз.
  • Түйіндемеде деректер логикалық ретпен (жеке мәлімет, білім, тәжірибе, дағды) орналассын.
  • Қажет болса, сөйлемдерді әдеби тіл нормасына сай ықшамдаңыз.

Ақпарат

Білім беру ұйымы

ШҚО, Аягөз қаласы
К. Бозтаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп (КММ)

Мұғалім

Жумагулова А.

Тақырып

Іскерлік қатынастағы жазбаша құжаттар