Күрделі эфирлер карбон қышқылдарымен класаралық изомерлер

Сабақ туралы мәлімет

Тақырып

Күрделі эфирлер. Майлар

Сабақ типі

Жаңа сабақ

Білімділік мақсаты

Оқушыларға күрделі эфирлер мен майлар туралы жүйелі білім қалыптастыру: табиғатта кездесуі, маңызы, құрамы мен құрылысы, қасиеттері, алынуы және қолданылуы. Майлардың ағза үшін құнды қоректік зат екендігін түсіндіру, майлардың гидролизі және техникада қолдану үшін жүретін гидрогендеу реакциясы жөнінде ұғым қалыптастыру.

Дамытушылық мақсаты

Күрделі эфирлер мен майлардың гомологтық қатарын және изомерлерін құрастыру дағдыларын дамыту; химиялық қасиеттері мен алынуын сипаттайтын реакция теңдеулерін құра білу қабілетін жетілдіру.

Тәрбиелік мақсаты

Сабақ уақытын тиімді бағалауға үйрету, еңбекқорлыққа тәрбиелеу және пәнге қызығушылықты арттыру.

Әдістер мен технологиялар

  • Кооперативті оқыту технологиясы
  • СТО технологиясы
  • Ауызша және жазбаша жұмыс, сұрақ–жауап
  • Топпен жұмыс, джиксо (ұжымдық оқыту әдісі)

Құралдар мен ресурстар

  • Интерактивті тақта
  • Оқулық
  • Дәптер
  • Топтарға арналған тапсырмалар

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

3 минут
  1. 1 Оқушылармен сәлемдесу
  2. 2 Оқушыларды түгендеу
  3. 3 Оқушыларды топтарға бөлу
  4. 4 Топ ішінде рөлдерді бөлу: баяндаушы, көшбасшы, бақылаушы, тексеруші
  5. 5 Сабақ ережелерімен таныстыру

2) Қызығушылықты ояту

3 минут

Миға шабуыл: «Нені білеміз?»

  • Сұрақ: Өсімдіктердің гүлдері мен жеміс-жидектерінен хош иіс бөлінеді. Ол қандай заттарға байланысты?

    Жауап: Гүлдер мен жемістер құрамында күрделі эфирлер болады.

  • Сұрақ: Түйенің шөлге төзімділігін қалай түсіндіруге болады?

    Жауап: Өркешіндегі май тотығып, су бөледі.

  • Сұрақ: Қоңыр аю қыс бойы ұйқыға кеткенде неге қарны ашпайды?

    Жауап: Ағзадағы майлар тотығып ыдыраған кезде бөлінетін энергия мен суды пайдаланады.

3) Мағынаны тану

20 минут

Джиксо әдісі (ұжымдық оқыту)

Алдымен 5 мүшеден тұратын 5 «жанұя тобы» құрылады.

Одан кейін 1, 2, 3, 4, 5 деп санау арқылы бірдей нөмір алған оқушылар бірігіп, «жұмыс топтарын» құрайды. Берілген мәтінмен танысып, оны түсініп меңгеру қажет екендігі ескертіледі.

1-топ: Күрделі эфирлердің сипаттамасы, аталуы, изомерленуі

Сипаттамасы

Карбон қышқылдарының күрделі эфирлерін қышқылдардың карбоксил тобындағы сутек атомының орнына көмірсутек радикалы ауысқан туындылар ретінде қарастыруға болады. Сондай-ақ олар спирттердегі гидроксил тобының орнына органикалық қышқыл радикалы ауысқан өнімдер ретінде де сипатталады.

Аталуы (халықаралық номенклатура)

Күрделі эфирлердің атауы олардың құрамындағы қышқыл мен спирт қалдықтарының атауларынан құралады. Халықаралық номенклатура бойынша қышқыл атауына спирт радикалының атауы қосылып, -оат жұрнағы жалғанады.

Мысалдар

  • H–COOC₂H₅ этил метаноат (құмырсқа қышқылының этил эфирі)
  • CH₃–COOC₂H₅ этил этаноат (сірке қышқылының этил эфирі)

Изомерленуі

Күрделі эфирлердің изомерленуі оларды түзетін қышқыл мен спирт радикалдарының құрылымына байланысты анықталады. Сонымен қатар күрделі эфирлер карбон қышқылдарымен класаралық изомерлер түзеді.

C₃H₆O₂ үшін изомерлер

  • H–COOC₂H₅

    этил формиат

  • CH₃–COOCH₃

    метил ацетат

  • C₂H₅COOH

    пропан қышқылы

2-топ: Күрделі эфирлердің қасиеттері және қолданылуы

Физикалық қасиеттері

  • Қарапайым карбон қышқылдарының күрделі эфирлері — түссіз сұйықтықтар.
  • Көбісі суда ерімейді және жағымды иіске ие.
  • Молекулалар арасында сутектік байланыс болмағандықтан, сәйкес қышқылдармен салыстырғанда қайнау температурасы төмен.

Химиялық қасиеттері: гидролиз

Күрделі эфирлердің гидролизі — этерификация реакциясына кері процесс. Реакция қышқыл немесе сілті қатысында жүреді: күрделі эфир су молекуласымен әрекеттесіп, нәтижесінде қышқыл және спирт түзіледі.

Реакция теңдеуі

CH₃COOC₂H₅ + H₂O → CH₃COOH + C₂H₅OH

Қолданылуы

Күрделі эфирлердің жағымды иісі оларды хош иістендіргіштер мен түрлі органикалық синтез үдерістерінде кең қолдануға мүмкіндік береді.