Кезектес салаласты ыңғайлас салаласпен салыстыр

Сабақ туралы

Сынып

8-сынып

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Сабақ әдістері

Талдау, сұрақ-жауап, іздендіру

Көрнекілігі

Интерактивті тақта, бағалау парағы

Сабақтың тақырыбы: Кезектес салалас

Білімділік

Кезектес салалас құрмалас сөйлемді және оның жасалу жолдарын ажыратып, дұрыс тануға үйрету.

Дамытушылық

Жүйелі талдау жасап, ой қорытындысын шығару дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелілік

Бірлесе жұмыс істеуге, бір-бірінің пікірін тыңдауға, өзара оқытуға және сыйластыққа тәрбиелеу.

I. Ұйымдастыру

  • Сәлемдесу.
  • Оқушыларды екі топқа бөлу: «Кезектес» және «Ыңғайлас».
  • Топ басшысын сайлау.

II. Үй тапсырмасын тексеру

1) Өзара тексеру және бағалау

Оқушылар үй тапсырмасын жұппен және топпен тексереді: 115-жаттығу (екі топтағы сөйлемдерді талғаулы салалас етіп құрастыру, тыныс белгілерін дұрыс қою). Жұмыс нәтижесі бойынша бірін-бірі бағалайды және қысқаша түсіндіру береді.

2) «Ой қозғау»: Дөңгелек үстел

Әр топқа берілген ақ параққа салалас құрмалас сөйлем туралы білетіндерін жазады. Кейін парақты келесі топқа беріп, олар толықтырады. Соңында топ басшысы көмекшілерімен бірге ортаға шығып, қорғайды.

III. Жаңа сабақ: мұғалімнің түсіндіруі

Бүгін салалас құрмалас сөйлемнің алтыншы түрі — кезектес салалас құрмалас сөйлем туралы танысамыз.

«Кезектес» сөзін қалай түсінеміз?

  • Бірінің артынан бірі келуі, ауысуы.
  • Іс-оқиғаның кезектесіп баяндалуы.

Анықтама

Құрамындағы жай сөйлемдері белгілі бір істің немесе оқиғаның кезектесіп келуін білдіретін салалас құрмалас сөйлем кезектес салалас деп аталады.

Ол көбіне бірде, біресе, кейде сияқты кезектес мәнді жалғаулық шылаулар арқылы байланысады.

Мысал

Қазан аспаның аузында от кейде жылтылдайды, кейде қызып жанып лапылдайды.

IV. Мағынаны ажырату

1) Түсіну

Әр оқушы өмірден бір мысал келтіріп, кезектес салаласты қалай түсінгенін айтады. Қажет жерінде сынып болып түзетулер енгізіледі.

V. Деңгейлік тапсырмалар

2) Талдау (жеке жұмыс): 116-жаттығу

Төмендегі сөйлемдердегі кейде, біресе, не жалғаулық шылауларының қайсысы жай сөйлем ішіндегі бірыңғай мүшелерді байланыстырып тұрғанын, ал қайсысы кезектес салаластың құрамындағы жай сөйлемдерді байланыстырып тұрғанын анықтаңдар.

1) Кейде ашу, кейде айламен еп ойлады.

2) Не қулық, не сұмдықпен жұмысым жоқ.

3) Не қазан-ошаққа араласа алмайды, не серуенге шығар серік таппай, селтиіп жалғыз жүреді.

4) Баяу ескен жел бірде басылады, бірде толқып, жасыл шөптердің басын ақырын ғана ырғайды.

5) Жүргіншілердің оң жағынан кейде, сол жағынан қар жамылған жалаңаш төбелер кездеседі.

6) Хатты біресе кеудесіне тығады, біресе оған мейірі қанбағандай бетіне басады.

118-жаттығу

Берілген жай сөйлемдерді мағыналарына қарай топтастырып, кезектес салалас етіп құраңдар.

  1. 1. Ол ебедейсіз алып тұлғасын жасырмақ болып, жер бауырлап сүйретіледі.
  2. 2. Нұрғали тәуке қарап кіжінеді.
  3. 3. Тұра сала бүкшеңдеп жүгіреді.
  4. 4. Аманға қарап мүләйімсиді.
  5. 5. Ол ақтарыла салатындай сондайлық жақын көрінеді.
  6. 6. Мен түк түсінбеймін.
  7. 7. Салқын тартып алыстап кетеді.
  8. 8. Осылар түк түсінбейді.
  9. 9. Мен бұл адамдардың ортасынан кетуім керек.
  10. 10. Нәзік бұтақтарына тізбектеле өскен жас жапырақтар бір әсем музыканың ырғағында қатарласа билеп жүрген балалардай көрінді.
  11. 11. Сол жапырақтың сылдырына ұқсаған әлдебір естімеген сыр сыбыры құлаққа келеді.
  12. 12. Барша жанға тынышсыз болатын залымдықты қоюым керек екен ғой.

VI. Ой толғаныс: «Кубизм» стратегиясы (топтық жұмыс)

1) Суреттеңіз

Кезектес салалас дегеніміз не?

2) Салыстырыңыз

Кезектес салаласты ыңғайлас салаласпен салыстырыңыз.

3) Саралаңыз

Жасалу жолдары туралы не білесіз? Қандай ерекшеліктері бар?

Егер кезектес салаластың жалғаулық шылауларын алып тастасақ, сөйлем қалай өзгереді? Не байқадыңыз?

4) Қолданыңыз

Ыңғайлас салаласқа және кезектес салаласқа екі сөйлемнен құрастырыңыз.

VII. Бағалау

Бағалауды топ басшысы бағалау парағына белгілеп отырады.

VIII. Үй тапсырмасы

  • 119-жаттығу орындау.
  • Ережелерді оқу.